№16 КОЛЛЕДЖДЕ "АШЫҚ ЕСІК" КҮНІ ӨТТІ
Бүгінде мемлекет техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің дамуына, кәсіптік және техникалық мекемелерде оқытылатын кәсіптер мен мамандықтардың түрленуіне аса көңіл аударып отыр. Кәсіби мамандарды даярлаудағы жалпыға бірдей міндетті мемлекеттік стандартын жүзеге асырудың негізгі міндеті – ғылым мен білімді тәжірибемен ұштастыру.
Тәжірибе барысында болашақ маман өзінің кәсіби мамандығы бойынша алғашқы тәжірибесін жинақтай бастайды. Қазіргі таңда кәсіптік салада жан-жақты білімді, білікті, іскер, бәсекеге қабілетті маман даярлауда әрбір білім алушыны жан-жақты ізденуге, өздігінен тың жаңалықтар ашуға, қай салада болсын, ғылыми жұмысқа деген бейімділігін қалыптастыру көзделуде. Ауданымыздағы №16 колледж ұжымы да осы мақсат жолында жүйелі түрде жұмыс атқарып келеді.
Апта барысында аталған №16 колледж базасында «Ашық есік күні» іс-шарасы өтті. Іс-шараға колледждің сенімгерлік басқарушысы, облыстық мәслихаттың депутаты Бақытжан Серманизов, қала әкімі Олжас Айдосов, Кәсіпкерлер палатасы Шардара аудандық филиалының маманы Мейрамбек Абдуали, №16 колледж директоры Мұратбек Тәшімбет пен студенттер, сонымен қатар аудан бойынша биылғы жылы мектеп тәмамдаушы түлектер қатысты. Жиын патриоттық әндермен бастау алып, мың бұралған бишілердің биімен, өнерпаздардың таңдай қақтырарлық өнерлерімен жалғасын тапты.
Жиын барысында болашақ түлектерге колледж бағдарламасын жете түсіндіру мақсатында сала-сала бойынша әр мамандықтықтың қызығы мен шыжығын айқындап көрсететін арнайы көрмелер ұйымдастырылды. Атап айтар болсақ, колледж алаңына осындағы «Дәнекерлеу» мамандығының оқытушылары мен студенттері бірігіп, киіз үй құрса, оның ішін «Тігінші» мамандығының оқытушылары мен студенттері бірігіп әсемдеген. Ондағы әрбір қазақи нақыштағы ұлттық құндылығымызды ұлықтайтын дүниенің барлығы шәкірттердің қолымен жасалып шықққандығын айта кетуіміз керек. Колледж қабырғасында бәсекеге қабілетті, білікті маман даярлау үшін қажетті материалдық-техникалық база құрылып, кабинеттер, зертханалық бөлмелер, оқу-өндірістік шеберханалар талапқа сай жасақталғаны көзге ұрып тұрды.
Арнайы бағдарлама құрылып, жарты күнге созылған іс-шара аясында колледж директоры Мұратбек Тәшімбек №16 колледжде білім алудың артықшылықтарын және мұндағы білім сапасы мен жатақхана жайын, шәкіртақының тиімділігін жете түсіндірді. Айта кетейік, жуырда колледжге жаңа мамандандырылған сала қосылғалы жатыр екен. Қазіргі қоғамда ең сұранысқа ие мамандықтың бірі – ІТ саласын базаға енгізіп, арнайы маман даярлау қолға алыныпты. Колледжде өзге өңірдің балалары да келіп білім алатын көрінеді.
Арнайы ұйымдастырылған бағдарлама барысында дәліздегі қолөнер бұйымдарының көрмесін көрген қонақтар таңданысын жасыра алмады. Өндірістік оқу шебері Бақтыгүл Момынованың түсіндіруінше түлектер экотеріден жылқының бейнесін картиналаған, шынайы тері мен моншақтардан жасалған сан түрлі бұйымдар, әйелдерге арналған белдемшелер мен сыртқы киімдерді, оқушыларға арналған қазақи стильдегі мектеп формаларын өз қолдарымен тіккен.
Келесі кезекте колледж директоры М.Тәшімбек қонақтарды ер балалардың білім алатын ордасымен, түрлі бұйымдар өндіретін цехтармен, жихаз құрастыратын, машина техникаларымен жұмыс жасап үйрететін бөлімдерін таныстырып, алдағы уақытта озық үлгідегі техникалармен жұмыс жасап, білім сапасын одан әрмен көтеретінін айтты.
Мұратбек Батырбекұлының айтуынша, қазіргі таңда колледж табалдырығында 699 студент білім алуда. Олар төменде көрсетілген сан түрлі мамандықтар бойынша білім алуда:
-Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану;
-Автомобиль электр жабдықтарын жөндеу жөніндегі электрик;
-Автомобиль көлігін жөндеу шебері;
-Ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану;
-Кең бейінді құрылыс жұмыстарының шебері;
-Газбен қамтамасыз ету жабдықтары мен жүйелерін құрастыру және пайдалану;
-Газ құбырларын пайдалану және жөндеу слесарі;
-Электрмен қамтамасыз ету (салалары бойынша);
-Электр монтаждаушы (салалары бойынша);
-Ауыл шаруашылығын механикаландыру;
-Ауыл шаруашылығы өндіріснің тракторист-машинисі;
-Тамақтандыруды ұйымдастыру;
-Аспаз;
-Есептеу техникасы және ақпараттық желілер (түрлері бойынша);
-Компьютерлік ақпараттық қамтамасыз ету операторы;
-Бағдарламалық қамтамасыз ету (түрлері бойынша);
-Бағдарламалық қамтамасыздандыруды құрастырушы;
-Дәнекерлеу ісі (түрлері бойынша);
-Электргазбен дәнекерлеуші;
-Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу;
-Арнайы тігінші;
-Жиһаз өндірісі;
-Ағаш және жиһаз өндірісінің шебері;
-Балық өндірісі;
-Балық және теңіз өнімдерін өңдеуші;
-Балық өсіруші.
Колледж директоры М.Тәшімбек жиынды қорытындылайтын тұста мемлекеттен беріліп отырған мүмкіндіктерді де жіпке тізіп айтып, жастарды сол мүмкіндікті тиімді пайдалануға шақырды.
Мадина Ералы.