Есiмi елге белгiлi батыр 1979 жылы 23 ақпанда әйгiлi Кеңес маршалы Г.Жуковтың Ольга есiмдi қызымен бiрге Шардара ауданына ат басын тiреген.

Әрине, олардың жанында республикадан, облыстан өзге де кiсiлер болды. Аудан көлемiндегi кездесуге негiзi осы екi кiсi қатысты.

Мен ол кезде аудандық бiлiм бөлiмiнде басшы болатынмын. Бiз өзара ойласа келе М.Әуезов атындағы орта мектепте батыр мен оқушылардың кездесуiн ұйымдастыруды жөн көрдiк. Және солай болды да.

Аталған кездесу өте әсерлi өттi. Майдангер ағамыз өзiнiң қан майдандағы ерлiк жолдары туралы әңгiмелер шерттi. Оқушылар өздерiн қызықтырған сұрақтарын қойып жатты. Ольга Жукова да әкесi жайлы қызықты әңгiме шерттi.  1945 жылы 30 сәуiрде лейтенант Рақымжан Қошқарбаев жауынгер Григорий Булатов екеуi Кеңес әскерi арасынан Берлиндегi Рейхстагқа бiрiншi болып Жеңiс туын тiктi.  Бiрақ Рейхстагқа жеңiс туын тiккен Рақымжан Қошқарбаевтың ерлiгi көп жылдар бойы еленбей келдi.

Қошқарбаевты Мәскеу бағаламаса да, туған елi төбесiне көтердi. Батырға тәуелсiздiк алғаннан кейiн, 1999 жылы мамырдың 7-сiнде сол кездегi Президент Н.Назарбаевтың Жарлығы бойынша Қазақстанның Халық қаһарманы атағы берiлдi.

Рақымжан Қошқарбаев Ақмола облысының Целиноград ауданында туған. 1942 жылы әскерге алынған. Деректерге қарағанда, 1944 жылы қазан айынан бастап 1-Беларусь майданындағы Идрицк атқыштар дивизиясы құрамында 150-шi взвод басқарып, Польша және Германия жерлерiндегi ұрыстарға қатысқан. Сол бiр келелi кездесуге арада 40 жылдан астам уақыт өтiптi. Әйтсе де батыр ағаның келбеттi кескiнi сол кездегiдей әлi көз алдымда.

Ғания Омарава, ардагер ұстаз, зейнеткер.