
27 сәуірде аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың төрағалығымен аудан әкімдігінде мәжіліс өтті. Жиынға қала және ауыл әкімдері, дербес бөлім басшылары, сондай-ақ, тиісті мекеме жетекшілері қатысты.
Мәжіліс барысында Шардара қаласының әкімі және Сүткент ауылдық округінің әкімі қызметтерін атқарған Олжас Айдосов пен Қайрат Кенбайдың ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестері үшін аудан әкімі А.Романұлы ризашылығын білдіріп, Алғыс хаттар табыстады.
Одан кейін, аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жоламан Тұрлыбеков 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындылары бойынша есеп берді. Жиын соңында аудан әкімі бірқатар сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда: аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Е.Нұраховқа Тама-Тастанбек су құбыры құрылысының барысы, сондай-ақ, аудан аумағындағы жол құрылыстары мен коммуналдық саладағы жұмыстарды бақылау; аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы А.Махашевке аудан көлемінде жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарының орындалу барысын қадағалау; аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Т.Әлімқұлға көктемгі дала жұмыстары, шегірткеге қарсы күрес, жүгері, күріш және өзге де дақылдар бойынша жоспарлардың орындалуын қамтамасыз ету; аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ө.Рүстемге сауда саласындағы төмен көрсеткіштерді жақсарту және кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстарды жандандыру; аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Е.Әбдіразақовқа 2025 жылғы мерзімді басылымдар бойынша берешектерді өтеу, 2026 жылға жазылу жұмыстарын ұйымдастыру, сондай-ақ, 1, 7 және 9 мамыр мерекелерін жоғары деңгейде өткізу; аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы М.Исаевқа пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару және жер салығы жоспарының орындалуын қамтамасыз ету бойынша тапсырмалар берілді.

Аудан әкімі барлық тапсырмаларды белгіленген мерзімде сапалы орындауды, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қол жеткізуді және қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүйелі жұмыс жүргізуді қала, ауыл әкімдері мен бөлім басшыларына міндеттеді.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.





