Аптаның сәрсенбісінде 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні елдік рухты асқақтатқан, мерейлі де мәні терең мерекеге айналды. Шардара қаласындағы Абай мәдениет үйінде аудан әкімі Қарсыбаев Арман Романұлының қатысуымен өткен салтанатты іс-шара – ел тыныштығы мен бейбіт өмірдің бағасын ұғындырған тағылымды басқосу болды.

Аталған мерекелік жиынға аудандық мәслихат төрағасы, прокуратура өкілдері, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аудандық бөлімшесі, полиция қызметкерлері, әскери сала ардагерлері мен түрлі сала мамандары қатысты. Бұл – мемлекет қауіпсіздігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген азаматтарға деген құрмет пен қоғамның ортақ ризашылығының айқын көрінісі болды.

Салтанатты шара барысында аудан әкімі Арман Романұлы ел қорғаны болу – тек қызмет емес, ол Отан алдындағы адалдық пен азаматтық жауапкершіліктің биік үлгісі екенін атап өтті. Ол бейбіт өмірдің баянды болуы – ең алдымен ел ішіндегі тұрақтылық пен тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген азаматтардың еңбегінің нәтижесі екенін ерекше жеткізді.

Мерекелік жиында бірқатар азаматтарға Алғыс хаттар мен марапаттар табысталып, олардың ел қауіпсіздігін нығайту жолындағы елеулі еңбектері жоғары бағаланды. Бұл марапат – жеке тұлға еңбегіне берілген құрмет қана емес, жалпы елдік бірлік пен ортақ мақсатқа деген сенімнің белгісі ретінде қабылданды.

Сондай-ақ, аудандық мәслихат төрағасы Бұлтбай Мүтәлиев, аудан прокуроры Алмас Әлі, қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы Ербол Жұмановтар құттықтау сөз сөйлеп, ел тыныштығы жолында қызмет етіп жүрген азаматтарға ізгі тілектерін білдірді.

Жиын барысында ардагерлердің өмір жолы мен қызметтік тәжірибесі жас буынға өнеге ретінде айтылып, олардың ерлігі мен адалдығы – патриоттық тәрбиенің маңызды мектебі екені ерекше атап өтілді. Ел тарихындағы бейбіт күннің қадірін ұғындыру – бүгінгі ұрпақ алдындағы үлкен міндет екені де сөз болды.

Мерекелік кештің көркемдік бөлігі патриоттық әндермен өрнектеліп, Отанға деген сүйіспеншілік пен елге деген құрмет сезімін тереңдете түсті. Әрбір орындалған шығарма жүректерге рух беріп, бейбіт өмірдің қадірін сезіндірген тағылымды сәттерге ұласты.

Қорытындылай келе, мұндай мазмұнды іс-шаралар – тек мерекелік басқосу емес, елдік сананы жаңғыртатын, ұрпаққа бағыт беретін, азаматтық жауапкершілікті арттыратын маңызды рухани алаң. Бейбіт өмірдің баянды болуы – ел қорғандарының жанқиярлық еңбегінің жемісі екені тағы бір мәрте айқын көрінді.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.