
Қазақстан халықтарының бірлігі күні – Қазақстанда жыл сайын тойланатын маңызды мерекенің бірі. Мереке 1996 жылдан бастап тойланады. 1995 жылдың 18 қазанында Қазақстан Президенті Жарлығы бойынша 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні деп жарияланды.
«Бірлік болмай, тірлік болмас» деген атам қазақ. Берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған. Сондықтан да, Қазақстан халқы 1 мамыр ынтымақ пен бірлік күнін тойлайды. «Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін бұл мерекенің орны ерекше.
Шардара жұртшылығы кешегі аптада аталған мерекені салтанатты түрде атап өтті. «Алты Алаш» алаңына жиылған жұртшылықты аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков құттықтап, аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың жүрекжарды құттықтауын жеткізді. Ел бірлігі мен татулықтың маңызы кеңінен айтылып, ынтымақ пен ауызбіршіліктің мемлекет дамуының басты тірегі екенін және ынтымақ пен татулықтың, достық пен сыйластықтың айшықты мерекесі – 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтайтынын жеткізді.
Содан соң, Шардара ауданының әлеуметтік экономикалық дамуына өз үлестерін қосқан түрлі салада еңбек етіп жүрген қызметкерлерді мерекемен құттықтап, аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.

Мерекелік жиында аудан өнерпаздары мен мәдениет қызметкерлері ел бірлігі мен татулықты дәріптейтін патриоттық әндер мен тағылымды сахналық қойылымдарды көрермен назарына ұсынып, кештің мазмұнын айшықтай түсті. Әсем ән мен жарасымды жыр өрілген концерттік бағдарлама көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, ынтымақ пен достықтың қадір-қасиетін терең сезіндірді.
Тағылымы мол мерекелік іс-шара барысында аудан тұрғындары мен қонақтары бірлік пен берекенің мәнін ұғынып, ел тыныштығы мен татулықтың маңызын тағы бір мәрте сезінді. Берекелі басқосу көпшіліктің ыстық ықыласы мен ақжарма тілектеріне ұласып, мерекелік кеш жоғары деңгейде өз жалғасын тапты.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.





