Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында 1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, Шардара ауданында 40 отбасы баспаналы болды.
Аудан әкімі Қайрат Жолдыбай үй иелерін қуаныштарымен құттықтап, мемлекет тарапынан қолға алынған «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында салынған 4 қабатты 40 пәтерлі тұрғын үй кешенінің пәтер кілттерін табыстады.
"Мемлекет басшысының бастамасымен көптеген шаруалар қолға алынып, қаншама нысандар ашылуда. Соңғы жылдары Шардара қаласында да көптеген нысандар пайдалануға берілуде. Шардара қаласындағы Мұнай база, №14 Бекет шағын аудандары мен Ақберді ауылына таза ауыз су жүйелері тартылып, ел игілігіне берілсе, ауданымыздағы елді мекендерді газдандыру жұмыстары аяқталып, бірнеше елді мекен табиғи газ көзіне қосылды. Одан бөлек, Шардара қаласын газдандыру бағытындағы жұмыстар да басталып, қалаға газ құбырлары тартылуда. Мақсат – аудан тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсарту болса, міне, бүгін Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында қаламыздағы 40 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй ел игілігіне пайдалануға берілуде. Ауданда атқарылып жатқан барша жұмыстар мен игі бастамалар, өздеріңіздің, жалпы ауданымыздың тұрғындары үшін жасалып келеді. Барлығымыз да елімізді гүлдендіру үшін әрқашан бірлікте, ынтымақта игі істер атқарып, жарқын болашақ үшін еңбек ете берейік! Осындай қуанышты сәтте пәтер иелеріне үйлеріңізде әрқашан да жылылық пен қуаныш болсын деген тілек білдіремін. Қоныс құтты болсын!"- деді Қ.Жолдыбай.
Шардара қаласында жалпы 74 көпқабатты тұрғын үй орналасқан. Көпқабатты тұрғын үйлердегі пәтерлер саны – 1394. Аталған тұрғын үйлерде 5600-ге жуық тұрғын тұрады. Бұл қала халқының 16%-ын құрайды. Тұрғын үй қорын жаңғыртуға сәйкес, 2017 жылы Шардара қаласында 8, ал 2019 жылы 6 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өткен.
Бүгінгі күні беріліп жатқан 40 пәтер аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, үй кезегінде тұрған мұқтаж жанұяларға үлестіріліп берілді.
Р.ПЕРДЕБЕК