Өткен аптада 7 мамыр – Отан қорғаушылар және 9 мамыр – Ұлы жеңіс күніне орай аудандық мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті. Мерекелік шараға аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Бердібеков, аудан прокуроры Р.Әбдірайымов, қала, ауыл әкімдері, мәслихат депутаттары, бөлім басшылары мен өзге де мекеме қызметшілері мен тұрғындар қатысты.
Шарада алғаш сөз алған Б.Шомпиев құттықтау сөз сөйлеп, аудан әкімінің атынан Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне теңестірілген және әскери сала қызметшілеріне Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыстады.
«Сіздерді Ұлы Жеңістің 77 жылдығымен және Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің 30 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Жеңіс күні мерекесі батырлардың даңқты рухын ардақтап, Отанға адал қызмет етуді айқындайтын айтулы күн.
Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – үлгі. Ұлы Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Қаншама боздақтар ұрыс даласынан қайтпай мерт болды. Арын – байрақ, намысын – найза еткен ерлердің қаһармандығы бүгін аңызға айналды. Адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыста біздің жерлестеріміз қайсар ерліктің үлгісін көрсетіп, есімдерін тарих бетіне алтын әріппен жазды.
Майданда қаза тапқан әрбір қандасымыздың ерлігі мәңгі жадымызда. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын» - деді Б.Шомпиев.
Жиын барысында аудандық қорғаныс істер бөлімінің басшысы Е.Жұманов құттықтау сөз сөйлеп, бірқатар жас Отан қорғаушы әскерилерге марапаттар тапсырды.
Салтанатты шара соңы концерттік бағдарламаға ұласып, өнерпаздар патриоттық әндер орындап, сахналық қойылымдар қойды.
"Өскен өңір" – ақпарат.