Ертеңгі күні Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен түзетулерді жалпыхалықтық дауысқа салуға санаулы күндер қалды. Қазіргі таңда аталған референдум барысы жан-жақты талқыланып, халыққа кеңінен түсіндірілуде. Апта барысында жерлесіміз, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ержан Құдайберген Төлепұлы осы мақсатта Шардараға арнайы іс-сапармен келді.
Мәжіліс депутаты өз сапары барысында референдум мен Конституциялық реформаға қатысты әуелі аудандық орталық аурухананың мәжіліс залында аурухана ұжымымен кездесу өткізді. Кездесуге аудан әкімі Қайрат Жолдыбай, аудандық мәслихат хатшысы Арман Қарсыбаев, аурухана қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты. Кездесуді аудан әкімі Қ.Жолдыбай ашып, жүргізіп отырды.
Басқосуда алдағы референдум ел дамуы үшін жасалатын маңызды қадам екендігін ерекше атап өткен Құдайберген Төлепұлы: «Өздеріңізге мәлім, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға түзетулер енгізу бойынша республикалық референдум өткізуді ұсынған болатын. Референдум – қоғам арасында қызу талқыланып, қолдау тауып отыр. ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары елді мекендерге іс-сапар барысында ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді түсіндіру және референдумды қолдауды насихаттау шаралары, сондай-ақ жергілікті тұрғындар тарапынан шешімін таппаған түйіткілді өткір мәселелер талқылануда. Осы мақсатта сіздермен кездесу ұйымдастырып отырмын» - деді.
Шара барысында аурухана қызметкерлері референдум өткізу мәселесі бойынша өз көзқарастарын білдіріп, бірауыздан қолдау білдіретіндерін жеткізді.
Кездесу соңында Құдайберген Төлепұлы аурухана ұжымына әділетті қоғамды қалыптастыру жолында саяси өзгерістің қажеттілігін айтып, оған жауапкершілікпен қарау керектігін өтінді. Және де алдағы 5 маусым күні өтетін референдумға бір кісідей атсалысуға шақырды.
Аталған шара аудандық ардагерлер үйі мен кәсіпкерлік мектебінде, Қ.Тұрысбеков, Достық, Сүткент ауылдық округтерінде жалғасын тауып, ондағы халық пен ұйым мүшелері өз тараптарынан Мемлекет басшысының бастамасын қолдап, осы саяси науқанда ауқымды түрде бірге жұмыс атқаратындықтарын жеткізді.
Бота Өсербай.