Бейсембек Бибосыновтың 60 жылдығына орай әндер байқауы ұйымдастырылды
Қызылдың шағыл құмының сусыған уілі мен сұлу Сырдың бұлқынған аққайнар толқынындай, көмейінен сыңғырлаған ән маржаны төгілген талантты өнер иесі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері марқұм Бейсембек Бибосынов көзі тірі болғанда биыл 60 жасқа толар еді. Әттең, өмірі қысқалау болды. Дегенмен тарлан талант иесінің өнері жерлестерінің мәңгі есінде екен. Өткен аптаның сенбісінде әншінің 60 жылдығы аясында Шардара аудандық мәдениет үйінде Бейсембек Бибосынов атындағы ІІ облыстық «Халық әні – қазынам» атты халық және дәстүрлі әндер байқауы өткізілді.
Өнер десе ішкен асын жерге қойған, жаны жайсаң, пейілі кең, дарқан халқы барда әлемнің бес құрлығын сұлу әуенімен тербеткен, ел еркесіне айналған әнші ағамызға арналған әндер байқауына Түлкібас, Келес, Сарыағаш, Мақтаарал, Жетісай, Созақ, Отырар, Бәйдібек, Ордабасы, Арыс және Шардара аудандарынан әнші-жыршылар, термешілер келіп бақ сынады.
Байқаудың әділ бағасын беріп, төрелік еткен қазылар алқасының құрамында – облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Мейіржан Әлиакбарұлы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші, Халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті Хадиша Мұсабекова, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, әнші Абылай Оспанов, Шардара аудандық мәдениет сарайының директоры Ағабек Дөңбай, «Өнер қырандары» театрының актеры, «Өнер барысы – 2019» жарысының чемпионы, Бейсембек Бибосынов ағамыздың ұлы Сырымбет Бейсембекұлы болды.
Байқаудың талаптары мен шарттары бойынша қатысушы үміткердің жасына шектеу қойылған жоқ. Сонымен бірге байқау екі кезеңнен құралған. Бірінші кезеңде үміткерлер халық әнін орындаса, екінші кезеңде дәстүрлі әндерді дәріптеді.
Шарада алғаш болып сөз алған қала әкімі Олжас Айдосов: «Ауыздығымен алысқан асау да арынды арғымақ өмір кімдерді арқасынан аударып тастамай жатыр. Алды арманға, жан-жағы үмітке толы, тынымы жоқ шылбыр қашаған тірліктің тәтті елесінің соңынан келе жатқан қанша жақсыларды ойламаған тұста ғайып қылып жатыр. Мұны тағдыр демей не дейміз? «Жақсы адамның артында жақсы ісі қалады» деген. Бүгінгі шараның мақсаты да жаны жайсаң жақсының бірегейі Бейсембек ағамыздың рухына бағышталып отыр. Ағамыздың 60 жылдығына орай өткізіліп отырған байқауда ән өнерінің сайыпқырандары бақ сынағалы отыр. Үміткерлерге тек сәттілік тілеймін» – деді.
Шардара аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Шермұхаммед Қаппаров пен Түркістан облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Мейіржан Әлиакбаровтар да қала әкімінің құттықтауынан соң, өздерінің ағамыз жайлы жүрек жарды естеліктерімен бөлісіп, үміткерлерге деген жылы лебіздерін білдірді.
Байқау басталар тұста ақын Нұрғали Ибрайымның Бейсембек ағаға арнаған Арнау өлеңін ақын, жыршы, термеші Әбдіғаппар Айдаров ағамыз елдің оны іздеп жоқтаған күйін әдемі тебіреніспен, әсерлі әсермен халыққа тілге жеңіл, жүрекке жылы етіп жеткізді.
Салтанатты шара барысында марқұм Бейсембек ағамыздың аяулы жары Бибімәриям мен әпкесі Баян Бектұрсынқызына ауданның атынан арнайы гүл шоқтары сыйға тартылып, камзол кигізіліп, ерекше құрмет көрсетілді.
Қазылар алқасы үмірткерлердің дауыс ырғағына, әнді орындау шеберлігіне, сахнада өзін ұстау мәдениеті мен киім үлгісіне аса мән беріп, Бейсембек ағамыздың шығармасын табиғи түрде орындалуын қадағалап, түйін шығарды. Әділ шешім шығарған төрешілердің қорытындысы бойынша бас жүлдені Ордабасы ауданынан келген Айгерім Бимаханқызы еншіледі. Бірінші орын Келес ауданынан Оралбек Ерболұлына бұйырды. Екінші орынды Сарыағаш ауданынан келген Ернұр Құралбайұлы жеңіп алды. Үшінші орынға Шардара ауданынан Қанат Дауылбаев, Созақтан келген Раушан Берекебайқызы, Отырар ауданынан Нұрымбет Нұрғисаұлы лайық деп танылды. Сонымен қатар шарада арнайы жүлделер тағайындалған екен. «Бейсембек Бибосынов атындағы жүлде» Түлкібас ауданынан келген «Түлкібас» триосына, «Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының арнайы жүлдесі» Мақтаарал ауданынан келген Жәнібек Тағабаевқа, «Аудан әкімінің арнайы жүлдесі» Жетісай ауданынан байқауға түскен Абылай Піралыұлына, «Облыстық мәдениет басқармасының арнайы жүлдесі» Бәйдібек ауданынан Қамбаровтар отбасына, «Әміре Қашаубаев атындағы жүлде» Шардара ауданынан Серік Тасқұловқа, «Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің арнайы жүлдесі» Арыс қаласынан Ералы Әлімбековке табысталды. Одан бөлек Бейсембек ағамыздың достарының атынан Қамбаровтар отбасына, Ізтілеу Алтынбек ағамыздың отбасының атынан Отырар ауданынан келген үміткерлерге қаржылай сыйлық тарту етілді.
Шара соңында «Ақ әжелер» ансамблі халық әндерінен поппури айтып, «Алтын алқа» иегері, мәдениет майталманы Жарылқасын Ізбайқызы халық әні «Айқаракөз» әнін, Бейсекеңнің сүйіп орындаған Әріпжан Әміровтің әні «Қос қайыңды» Әміре Қашаубаев атындағы ән байқауының лауреаты Абылай Оспанов нақышына келтіріп орындады. Жалғас Кеңесовтің «Қайран дүние» әнін Сырымбет Бибосынов жұртшылыққа жылы жеткізе білсе, «Нұр-Айлин» би тобы мың бұрала билеп кештің сәнін келтірді.
Ағамызға арналған салтанатты кештің соңы үлкен асқа ұласты. Бауыр еті баласы Сырымбет ауданымыздағы «Ұмсынай ана» мейрамхансында әке әруағына арнап ас беріп, ақ дастархан жайды.
«Пейілі тарқамаған ел өзін-өзін асырайды», – дейді дана халқымыз. Тума талант, үлкен дарын иесі Бейсембек Бибосынов ағамыздың артында ұмытылмас әндері мен керемет дауысы қалды. «Жақсының аты өлмейді» демекші, ағамыздың есімі ғасырлар бойы жасай берсін деген тілек білдіреміз.
Бота Болатова.