“Nur Otan” партиясы Шардара аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлiмiнде “Nur Otan” партиясының мүшесi, облыстық мәслихаттың депутаты

Сермаңызов Бақытжан Қыпшақбайұлы аудан тұрғындарын жеке мәселелерi мен өтiнiштерi бойынша қабылдады.

Тұрысбеков ауылы округiнен келген Батба Тойымбетова әлеуметтiк жағдайының төмен екендiгiн, алып келген әлеуметтiк көмектiң жаңа жылдан бастап тоқтап қалғандығын, жұмысқа тұра алмай жүргендiгiн айтып, көмек көрсетуiн сұрап келiптi. Мән-жаймен толық танысқан халық қалаулысы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмiнiң мамандарымен хабарласып, мәселенiң оң шешiмiн тапты. Тиiсiнше әлеуметтiк көмек көрсетiлетiн болды.

Шардара аулының тұрғыны, зейнеткер Әнуарбек Нысанов та әлеуметтiк жағдайының нашарлығын, баласының көлiк апатынан бiрiншi топ мүгедегi болып қалғандығын, сол сияқты тұрғын үйiнiң шатырынан су ағатынын, әкесi соғыс ардагерi Нысан Иманшаевтың суретiн қоюға Ш.Уәлиханов атындағы жалпы орта мектептiң басшылығы музейде орын жоқ деп қабылдамай жатқандығы жөнiнде өтiнiшiн бiлдiрдi. Облыстық мәслихат депутаты мектеп басшысымен хабарласып, Ұлы Отан соғысы ардагерiнiң суретi мектеп мұражайына орналастырылатын болды. Ал үйiнiң шатырын жөндеу бойынша қажеттi шығындарды анықтау ұсынылды.

Төменгi тоғай елдi мекенiнiң тұрғыны, әлеуметтiк жағдайы төмен, вагон үйде тұратын, келiнi көпбалалы ана Несiбелi Нұралиева салып жатқан тұрғын үйiнiң құрылысын бiтiруге көмек сұрай келiптi. Халық қалаулысы Бақытжан Сермаңызов өзi арнайы барып, мән-жаймен танысып, демеушiлер табылып жатса көмек көрсетiлетiндiгiн түсiндiрдi.

Халық қалаулысы мұндай жеке қабылдауларды басқа да мекемелерде өткiзiп, халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, тиiсiнше көмегiн көрсетiп келедi.

Қабылдауға “Nur Otan” партиясы Шардара аудандық филиалының сектор меңгерушiсi Сәуле Сейдалиева қатысты.

Өз тiлшiмiзден.