27 ақпан, бейсенбi күнi Түркiстан облысының әкiмi Өмiрзақ Естайұлы Шөкеев Шардара ауданына iссапармен келiп, бiрнеше нысандарды аралады.
Алдымен қаладағы жеке кәсiпкер Талғат Жалғасбаевтың иелiгiндегi балық өңдеу зауытына ат басын бұрып, биылғы жылы жүзеге асатын жаңа жобаларымен танысты.
– «Даму аймақ» бағдарламасы аясында 182,2 млн теңге қаржы алдық. Оның iшiнде 160 млн теңгеге жаңадан балық жемiн шығаратын және балық қақтайтын заманауи үлгiдегi құрал-жабдықтар сатып алынды. Жаңа цехты ағымдағы жылдың сәуiр айында iске қосамыз деп жоспарлап отырмыз. Бұл кезде тағы да 40 адамға жұмыс орны ашылады. Балық жемi цехының қуаттылығы жылына 500 тоннаға дейiн өнiм өндiрiлетiн болады, – деп зауыт басшысы Талғат Серiкбайұлы кәсiпорынның тыныс-тiршiлiгiмен таныстырып өттi.
Қазiргi таңда 46 адамды жұмыспен қамтып отырған Талғат Жалғасбаевтың балық өңдеу зауытында жылына 1000 тоннаға дейiн балық өнiмдерi өндiрiлiп, оның 90 пайызы шет елдерге экспортқа шығарылады. Жаңа жобаны iске асырып, азаматтарға қосымша жұмыс орнын ашпақ болып отырған белгiлi кәсiпкердiң еңбегiне облыс әкiмi сәттiлiк тiледi.
Бұдан кейiн Өмiрзақ Естайұлы қала орталығындағы күрделi жөндеуден өткiзiлген көпқабатты тұрғын үйлердiң жағдайымен және аудан тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселелерiмен танысты. Осында жиналған қала тұрғындарымен кездесiп, олардың өтiнiштерiн тыңдады. Шардара қаласы жылдан-жылға көркейiп келе жатқанын айтқан тұрғындар ендiгi кезекте ауыз судың сапасын жақсартса, қалаға көгiлдiр отын тартылса деген тiлектерiн жеткiздi. Оларды мұқият тыңдаған Өмiрзақ Естайұлы:
– Қазiргi таңда Шардара ауданын газдандыру бойынша тиiстi жұмыстар жүргiзiлуде. Алдағы уақыттарда кезең-кезеңiмен қажеттi қаржылар бөлiнiп, көгiлдiр отынмен қамтамасыз ететiн боламыз. Ауызсудың сапасына келетiн болсақ, қаладағы бас су торабын күрделi жөндеуден өткiзiп, қайта құрылымдау үшiн республикалық бюджеттен 3 млрд теңгеден астам қаржы бөлдiру үшiн тиiстi жұмыстар жүргiзiлуде. Бұл өте көп қаржы, бiрақ халықтың игiлiгi үшiн алдағы жоспарға енгiзiлетiн болады. Қала керемет, сұлу қала. Ең бастысы Сiздердiң көңiл-күйлерiңiз көтерiңкi болғаны бiз үшiн маңызды, – дедi.
Сонымен қатар, облыс әкiмi өзiнiң тiкелей бастамасымен жаңадан қолға алынып жатқан «Қамқорлық» бағдарламасы аясында қаладағы Таутанов көшесiнде тұратын көпбалалы ана Хатича Амансатованың үйiне барып, отбасы жағдайымен танысты. Шардара су қоймасы жағалауындағы бөгет басында туризмдi дамыту, ауданға тартылатын инвестициялық жобалармен танысып, Қызылқұм каналында жүргiзiлiп жатқан жөндеу жұмыстарын көрдi. Ақбердi елдi мекенiндегi №18 газ тарату стансасында болып, ауданды табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша өзектi мәселелермен және облыстық маңыздағы Шардара-Арыс бағытындағы КХ-8 автожолының жағдайымен танысты.
Аудан әкiмi Қайрат Жолдыбайдың қазiргi таңда атқарып жатқан жұмысына оң баға берген Өмiрзақ Естайұлы ауданның өзектi деген мәселелерiн шешу үшiн қажеттi қаржының берiлетiндiгiн жеткiздi.
Аудан әкiмiнiң баспасөз қызметi.