Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің әрбір саяси-идеологиялық маңызы зор үндеулері мен Жолдауларында ел жастарына қолдау білдіріп, олардың арасындағы білімді, таланттыларына мемлекет тарапынан зор қолдау білдіру керектігін айтып келе жатыр. Біздің елімізде дарынды, талантты жастар өте көп. Жастарымыздың аяқ алысына қуанамыз, қолдаймыз, құптаймыз.
Біздің ауданымызда да жастар саясатына баса көңіл аударылып отыр. Кешегі аптада «Тәрбиелі жастар – қауіпсіз қоғам» атты форумның ұйымдастырылуы сөзімізге айқын дәлел.
Жастар форумына аудан әкімі Қайрат Жолдыбай, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қыстау Ілесов, аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Тоқсанбай Бердібеков, аудан прокурорының орынбасары Сәбит Нұрақым, аудандық полиция бөлімінің бастығы Шералы Әділханұлы және ардагерлер, ата-аналар, ауданның белсенді жастары мен жоғары сынып оқушылары қатысты.
Шара ҚР Әнұранымен бастау алып, сахналық қойылымдар мен патриоттық әндермен жалғасты.
Сервистік модель аясында өткізілген форумға қатысушы қонақтар жастардың тәрбиесі жөнінде сөз сөйледі.
Шара барысында қоғамда болып жатқан жасөспірімдер арасындағы келеңсіздіктердің көбеюіне байланысты сахналық қойылым қойылып, қылмысқа бір адым жақын жасөспірімдердің тәрбиеге қанық еместігін сомдап, қашанда қылмыстың өтеуі жаза боларын жеткізді.
«Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Сондықтан жастарға өнегелі тәрбие беріп, жоғары білім нәрін құю бұл – болашағымыздың жарқын болуының кепілі дер едім. Бүгінгі таңда мемлекетіміз жастардың жан-жақты дамуы үшін көптеген қолдаулар көрсетуде. Биыл жас буынның кәсіппен айналысуы үшін 2,5 пайыздық несие беру қарқынды жүруде. Жастардың әлеуметтік жағдайы көтерілсе ел экономикасы көтерілетіні анық. Сонымен қатар спорт, мәдениет, білім салалары да қарқынды дамуда. Мемлекет жастарға әрқашан қолдау көрсетуге дайын», – деді жиында сөз алған аудан әкімі Қайрат Жолдыбай.
Жиын барысында С.Нұрахым, Ш.Әділханұлы, Қ.Ілесов және Т.Бердібеков өз ойларын ортаға салып, жастар тәрбиесі жөнінде өз ойларымен бөлісті.
Форумда ауданымыздың өнерпаздары әсем әуендер шырқап, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.