Аудандық полиция бөлiмнiң бастығы, полиция полковнигi Аббаз Тұрғынбаев: «БIЗ АЗАМАТТАРДЫҢ БАС АМАНДЫҒЫ МЕН ЕЛДIҢ ТЫНЫШТЫҒЫ ҮШIН ЖҰМЫС АТҚАРАМЫЗ»

Әлемдi әбiгерге салып отырған короновирус iндетiнiң алдын алу, таратпау шараларына орай елiмiзде төтенше жағдай орнатылғаны баршаға аян. Төтенше жағдайдың барысы және төтенше жағдай кезiнде аудан аумағында қандай да бiр құқықбұзушылықтардың орын алған-алмағандығы жөнiнде аудандық полиция бөлiмiнiң бастығы, полиция полковнигi Аббаз Тұрғынбаевпен аз-кем сұхбаттасқан болатынбыз.

– Аббаз Қасымбайұлы, бүгiнгi таңда әлемдi жайлаған iндет кiмге де болсын оңай соғып тұрған жоқ. Бүкiл елдер карантинге жабылып, тұрғындардың барлығының үйде отыруы талап етiлдi. Осыған байланысты аудандық iшкi iстер бөлiмi тарапынан қандай шаралар қолға алынуда? Аудан аумағында төтенше жағдайға байланысты қоғамдық тәртiптi және жол қауiпсiздiгiн сақтау бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды айтып өтiңiзшi... 

– Жалпы полиция бөлiмiнде  101 қызметкер төтенше жағдай режимi өтуiне байланысты күшейтiлген күн тәртiбiнде, аусыммен, демалыссыз жұмыс iстеуде. Бiр ғана орталық аурухананың өзiне тәулiк бойына қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге күнделiктi 2 қызметкер бөлiнген. Адамдар өте көп шоғырланып жатқан «Халық банкiнiң» аудандық бөлiмшесi мен аудандық пошта торабында да полиция қызметкерлерi уақытпен санаспай қызмет атқаруда. Төтенше жағдай аудан аумағында енгiзiлгеннен бастап,  барлық кәсiпкерлiк нысандарға  төтенше жағдай режимi жарияланғандығы және оның талаптарын сақтау жөнiнде, бағынбаған жағдайда  ҚР ӘҚБтК-нiң 476-бабымен әкiмшiлiк жауапқа тартылатындығы бойынша  аудандық полиция  тарапынан ұсыныс парақтары таратылып берiлдi.

–Төтенше жағдай режимiн бұзып, жауапқа тартылған азаматтар жөнiнде не айтасыз?

– Жалпы, төтенше жағдайдың алдын алу бойынша 5  мобильдi топ құрылып, олармен бiрге учаскелiк полиция инспекторлары  барлық кәсiпкерлiк нысандарға рейдтiк iс-шаралар  жүргiзуде. Қоғамдық тәртiптi сақтау, оны халыққа түсiндiре отырып, заң аясында шешiм қабылдау оңай шаруа емес. Төтенше жағдай кезiнде түрлi жағдайларға кезiгiп жатамыз. Әрине, елшiлiк болған соң түсiнбеушiлiктер, тәртiпбұзушылықтар кездеседi.  Iс барысында жалпы 3 нысанға, яғни, кәсiпкер азаматтарға әкiмшiлiк хаттама толтырылып, аудандық сотқа жолданды. Оларға «Қазақстан Республикасында төтенше жағдай енгiзу туралы» ҚР Президентiнiң 2020 жылғы 15 наурыздағы №285 Жарлығының талаптарын орындамай отырғандары үшiн шара көрiлдi. Атап айтар болсақ, қала аумағында орналасқан «Аким-Хад» азық-түлiк дүкенi мен «Алтын балық» және «Сыр» кафелерiнiң иелерi ҚР ӘҚБтК-нiң 476-бабы бойынша әкiмшiлiк жауапқа тартылды.  Сонымен қатар, бiрқатар нысандарға қатаң ескертулер жасалды.

– Төтенше жағдай кезiнде жалпы тұрғындар ненi ескеруi керек деп айтасыз?

– «Тәртiпке бағынған құл болмайды» – деген сөз бар ғой. Сондықтан да қоғамдық тәртiпке, заңға бағынса ешкiм де ешқандай проблемаларға тап болмайды.  Бiз азаматтардың  бас амандығы үшiн, елдiң, жұрттың тыныштығы үшiн заң аясында жұмыс атқарамыз. Жерлестерiмiз қалыптасып отырған жағдайға түсiнiстiк танытып, сабырға келсе екен деймiн. Егер тәртiппен жүрiп -тұратын болсақ, бұл пандемияны да жеңемiз. Сол үшiн де төтенше жағдай кезiндегi заңдылықтарға бағыныңыздар, өздерiңiздi сақтай отырып әлемдi құтқарыңыздар деген болар едiм.

– Сұхбатыңызға көп рақмет!

Әңгiмелескен: Р.ЕРҒАЛИҰЛЫ.