Апта барысында аудандық ардагерлер кеңесі кезекті алқалы жиын өткерді. Жиынға аудандағы барлық бастауыш ардагерлер ұйымдары төрағалары, «Әкелер мектебі» мен «Әжелер алқасы» төрағалары, медиаторлар, аудандық ішкі саясат бөлімінің маманы І.Алтынбек, білім бөлімінің әдіскері Н.Әбілдаев және аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің маманы Д.Нұртазаевтар қатысты.
Жиынды ашып, жүргізіп отырған ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Бердібеков жиналғандарды күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырды. Жиында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Жеңіс күні мерекелерін лайықты түрде атап өту шаралары талқыланып, тиісті бастауыш ұйымдарына нақтылай тапсырмалар берілді.
Сонымен қатар Қазақстандағы су басқан аймақтарға аудандағы еңбек ардагерлері атынан қаржылай көмек ұйымдастыруды жалғастыру, аудандағы бастауыш ардагерлер ұйымдары жұмыстарын жандандыру туралы мәселелер де жан-жақты қаралып, төраға Т.Бердібеков өз атынан жауапты ардагерлерге нақтылай тапсырмалар жүктеді. Алатау батыр ауылдық округі бастауыш ұйымы төрағасы С.Қуан өздері жоспарлаған семинар жұмысы жөнінде көпшілікке мәліметтер жеткізіп, дайындықтар туралы кеңірек айтып өтті.
Сонымен бірге аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің маманы Д. Нұртазаев ардагерлерді емдеу-сауықтыру орындарына жіберу туралы ресми түрде жарық көрген ережемен таныстырды. Бұл мәселе бойынша жиналысқа қатысушы еңбек ардагері М.Нұрпейісов өз атынан бірнеше ұсыныстарын атады.
Күн тәртібіндегі «Әкелер мектебі» мен «Әжелер алқасы» жұмыстары туралы сөйлеген төраға Т.Бердібеков оларға қатысты кейбір мәселелерді көпшілікке тереңірек түсіндіріп өтті. Сонымен қатар «Әжелер алқасы» төрайымы Г.Исаева соңғы уақыттарда атқарылып жатқан жұмыстар туралы көпшілікке мағлұмат беріп, іс барысындағы өзгерістер мен жаңалықтарға тоқталды. Өз кезегінде «Әкелер мектебінің» төрағасы Н.Ыбырайым мен медиатор Ж.Битулар қаралған мәселелерге орай ұсыныстарын жеткізіп, пікірлерін білдірді.
Жиналыста қаралған соңғы мәселе бойынша төраға Т.Бердібеков баспасөзге жазылу науқанына жауапты қарауды көпшілікке жете түсіндірді. Аудандық ішкі саясат бөлімінің маманы І.Алтынбек қаралған мәселелерге қолдауын білдіріп, ардагерлердің қоғамдық негіздегі белсенді қимылын атап өтті.
Маңызды шараны Т.Бердібеков қорытындылап, барша әріптестерін жұмыла жұмыс атқаруға шақырды және қаралған мәселелер туралы тиісті қаулылар қабылданды.
«Өскен өңір» – ақпарат