Әкем  Лесбай – Қалшабектен қалған  жалғыз  тұяқ. Атам Қалшабек ел басына күн туған қиын-қыстау кезде тылда еңбек етіп жүріп, аяқ астынан келген ажалдан бір-ақ  күнде көз жұмады. Аяғын апыл-тапыл басқан екі жасар бүлдіршіннің есінде  әке бейнесі  мүлдем қалмайды.

Мен  кішкентай кезімде ер бала сияқты еркіндеу, бір нәрсені бүлдірмесе жүре алмайтын бұзықтау болыппын. Кейде қызық көріп «Көке, әкеңізді сағынасыз ба?» – деп сұрағанымда әкемнің жанарына жас үйіріліп қалатын. Әке мейірімін, әке қамқорлығын көрмеген адам үшін әке туралы сұрау қаншалықты ауыр екендігін ол кезде  білсемші.

Әкем  қатал болғанымен, сұмдық балажан еді. Алғашқы немересі, бүгінде мықты көз дәрігері Әлібиді шақалақ кезінде «Қолдарың батады», – деп бізге құс жастыққа салып көтертетін. Әкем үшін бала ешқашан құламауы, жыламауы, қадағалаусыз қалмауы керек болатын.

Бала кезімізде қандай түс көрсек те, таңертең тұра сала әкемізге айтқанда «Жүсіп пайғамбардың түсі болсын, әумин», – деп жақсылыққа жоритын. Адамдардың жақсы жағын көруге, жақсы сөйлеуге, жақсылық жасауға, ешқашан біреудің сыртынан ғайбат сөйлемеуге үйретті. Кейбір көршілердің бейпіл ауыз әйелдерінің, қыздарының жаман сөзін естігенде, «Әттең-ай, дүние-ай, «Ұлың өссе ұлы жақсымен, қызың өссе қызы жақсымен ауылдас бол», «Тілін шеше қыспағаннан, аяғын кебіс қыспағаннан без», – деп  іштей күйініп отыратын.

Ішімдікке әуестігі жоқ, жат  қылықтардан ада кісі еді.  «Көке, әке тәрбиесін көрмесеңіз де қалайша жаман әдеттерден алыс болып өстіңіз?" дегенімде: – "Мені газет-журнал, кітап  тәрбиеледі» дейтін. Қашан  қарасаң да  қолынан газет-журнал түспейтін. Шиеттей бала-шағаның аузынан 70 сом жалақысынан  жырып, біздің рухани тоқ болуымыз үшін «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас», "Социалистік Қазақстан», «Қазақстан пионері», «Оңтүстік Қазақстан»  газеттері мен «Жұлдыз», «Жалын», «Мәдениет және тұрмыс», «Білім және еңбек», «Ара», «Пионер», «Балдырған» журналдарына жазылатын. Газет-журналдарды  ата-анамызбен бірге таласа-тармаса оқитынбыз. Кітаптан оқымаған көп нақыл сөздерді, ұлтымыздан шыққан ұлылардың, әдебиеттің алыптарының өмірін, шығармаларын алғаш әкемнен естідім. Көп сөйлегенді ұнатпайтын, есесіне дөп сөйлейтін. Қазақша, орысша, арабша сауатты болатын. Мектепті бітіргенше сабағымызды қадағалап, күнде кешкісін күнделігімізді тексеріп, ата-аналар жиналысына өзі баратын. Бала тәрбиесі әкем үшін бірінші орында еді. «Көке, осынша сауатыңызбен неге қалада бір мекемеде бастық болмадыңыз? – дегенімде: – Қалада қаншама  мекеме қызметке шақырды, бірақ, сендерді тәрбиелеймін деп ауылда қалдым», – деді. Баламын ғой, іштей «Бізді несіне тәрбиелейді, сабақты жақсы оқимыз» деп ойладым.  Бір әкенің бере алмаған тәрбиесін он мектеп те бере алмайтындығын өзім ана болғанда түсіндім.

«Мектепті 7-сыныпқа дейін оқып, 8-10-сыныптарды кешкі мектепке есек арбамен барып бітірдім. Шымкенттегі 6 айлық бухгалтерлік курсқа барып, сабақ орысша болғандықтан үш ай ештеңе түсінбедім. Енді түсініп келе жатқанда оқу бітіп қалды», – деп отыратын. Сол курстық біліммен Келесте дүкенде сатушы, почта бастығы болып  жұмыс істеп,  1973 жылы жан жары мен 7 баласын жетектеп, киелі Келестен Шардара ауданының жаңадан құрылған Қазақстан ауылына көшіп келіп, балаларының бақыты үшін кеңшарда бухгалтер болып өмірінің соңына дейін қарапайым ғана ғұмыр кешті.

Бір күні кеңшарды тексеруге ревизор келіп, осындай  үлкен кеңшарда курстық біліммен бухгалтер болуға болмайды деген соң, 48 жасында Қапланбектегі зоотехникалық-мал дәрігерлік техникумын бухгалтер мамандығы бойынша бітіреді.

Анам екеуінің шаңырақ көтергені де қызық. Нағашы атам Қасымбек заманында Келес өңіріне белгілі  қазы,  әкесі Сырман би болған кісілер екен. Қасымбек қазы дәулетті болғанымен, балалары жастай  шетінеп, перзент зарын көптеу тартқан кісі. Содан болар анамның есімін Тұрайым деп қойыпты. Анам өте ерке, ер бала сияқты 12-13 жасқа дейін ләңгі теуіпті. Ерке қыздың ертеңгі тағдыры алаңдатқан ақылман әке «Есегім жоғалды» деп жоғалған есекті іздеп, ел аралайды. Айдалада бір үйге келсе, үйдің іші мұнтаздай тап-таза, көрікті келіншек пен 14-15 жастағы бозбала қонақты жақсы күтіп, шығарып салады. Әжем Үрбіш ері ерте қайтыс болғанымен, еті тірі, өте ұқыпты, келбеті келіскен байдың қызы болып бұлғаңдап өссе де пысық кісі болған. Сұраса келе келіншектің шыққан тегінің жақсы екенін, қайын атасы Мамадияр болыстың келіні екен, Мамадиярдың анасы Зеріп әжемнің  патшалық Ресей  кезінде  «Зеріп қатын» деген атпен тарихта қалған әйгілі кісі болғанын біліп, түп тамырын зерттеп, қызы Тұрайым 17-ге толғанда құда болады. Кейбір желауыз ағайынның «Қыз жесір әйелдің жетім баласына, Қоңыратқа кетті» деген сөздерін қаперіне де алмайды.

Кішкентай кезімнен әкемнің қасында  жүріп малға қарау, қой қырқу, қозыға ен салу т.б. ер балалар істейтін тірлікті істеп өстім. Қозының құлағына салған енді «Мал құмырсқадай көбейсін» деп құмырсқаның илеуіне тастататын. Күннің астында илеуде жатқан тері екі-үш күнде кепкен соң, мата қалтаға салғызатын. Қай малдың қашан төлдегенін, қашан ен салынғанын кішкентай блокнотқа ұқыппен жазып қоятын. Қой қырқатын кезде «Орын, қойды ұстап әкеліп, жық» дейтін. 11-12 жастағы қыздың қойға шамасы келе ме? Бірақ әкем оған қарамайтын. Керісінше «Сен бала болғаныңда менің нағашыларым Қарасирақ алғилар Иса, Араш сияқты мықты шабандоз болар ең, әттең, қыз болған соң қойды жыға алмадың», – деп намысымды қайрайтын. Бала болмағаныма кінәлі жандай қанша қиын болса да  ақыр, қора істеу үшін ауыр темірді көтеріп, малға қарап, әкемнің жанына жалау болдым. Сабаудай-сабаудай бес ұлы болса да, «Әттең-ай, дүние-ай, сен неге бала болмадың?!» деген өмір бойғы өкініші  құлағымнан кетер емес.

       

3-сынып оқитын кезде ауылдың кітапханасына ертіп барып, кітапханашыға «Осы қызым оқимын деген кітапты тауып беріңіз. Егер қызым кітапты жоғалтса, жыртса ақшасын төлеймін» дегені есімде. Әзағаның, Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдарын» 4-сыныпта оқыдым. Бірақ ешнәрсе  түсінбедім. Есімде тек қана профессор Мұрат  Әбенов деген сөз ғана қалды. Бір күні:      

– Көке, профессор деген кім? – дедім.

– Егер сен 10 жыл мектепті, 5 жыл институтты  отлично оқысаң, профессор боласың, – деді.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін Тоқтар апайым «Кім болам?» деген тақырыпта шығарма жаздыртты. Мен әкем айтқандай «10 жыл мектепті, 5 жыл институтты отлично оқып, профессор боламын», –  деп жаздым. Алайда менің бала арманым күнделікті күйбең тірліктің тасасында қалып, асқар тау  әкешім  мен аяулы ұстазыма берген  уәдемді орындай алмадым.

Ес біліп, есейген соң да анамнан гөрі әкеммен көптеу ақылдастым. Өйткені әкем үнемі «Сенің қолыңнан келеді, сен мықтысың» деп жігерлендіріп отыратын. Баланың «менін» қалыптастыруда адамның өзіне деген сенімділігі үлкен роль атқаратынын педагог болмаса да қалай білгендігіне бүгінде таң қалам.

Білімнің киелі қарашаңырағы Шардара мектеп-лицейіне 2006 жылы директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болғанымда  «Қызметіңнің өскені  құтты болсын, қызым», – деп әкем үйге қоңырау шалды.

«Көке, қызметімнің өскені бар болсын. Көре алмайтын дұшпанымның саны өсіп кетті ғой» дегенімде: – "Қызым, досыңнан дұшпаныңның көп болғаны жақсы. Өйткені жұрттың бәрі сенің досың болса, сен ізденбейсің, ал дұшпаның көп болса, сен соларға таба болмау үшін жиналып жүресің», – деді.

Құжатқа өте ұқыпты кісі болатын. Әлі күнге дейін үйде туу туралы куәлігі, анам екеуінің 1957 жылы алған неке қию туралы куәлігі, әскери билеті т.б. құжаттары сақтаулы тұр.

2010 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев 1995 жылы 12 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік наградалар туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, 6 балалы аналар «Күміс алқа», 7 балалы аналар «Алтын алқамен» наградтала бастады. Ол кезде мен аудан әкімі аппаратында бас маман, награда жөніндегі комиссияның хатшысы едім. Күнде кешкісін үйге қоңырау шалып, «Орын, құжат жоғалтпа. Сен үшін бір жапырақ қағаз болғанымен, ол біреудің тағдыры», – деп қатаң ескертіп отыратын.

Қорғансызға пана, әлсізге қамқор, мейірімді жан болатын. Бір күні «Орын, жетім мен жесірге, жоқ-жітікке қарайласып жүр», – деді. «Ой, көке, өзімнің де балаларымның әкесі жоқ қой», – дедім. «Сенің жақсы  қызметің, айлығың бар», – деді. Қазір ойлап қарасам, бұл жетімдікпен жетілген, қиындыққа қайыспаған әкемнің «Сыйлы болып төрге шыға қалсаң, есік жақтағыларға қарайласа отыр» дегені екен ғой.

Осылайша 11 перзенттің өмірге келуіне себепші болған, тәлімді тәрбиесін берген, хакім Абайдың «Құдайдан қорық, пендеден ұял. Балаң бала болсын десең, оқыт, мал аяма» деген сөзін өмірлік ұстанымы еткен аяулы жан бір күнде мына жалған өмірден мәңгілік мекенге мезгілсіз аттанып кетті.

Атадан жалғыз болғанмен,

Түсірмей, әке, еңсеңді.

Сен кетті деген сәтте, әке,

Дүние мынау теңселді, – деп асқар тау әкемізден айырылғанымызға биыл 12 жыл болды.

 Орынша Қалшабекова,

 аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі

басшысының орынбасары, ҚР Журналистер Одағының

мүшесі.