Дүниеге келген әрбір жанның, мынау қарбалас, тынымсыз тіршілікте алатын өзіндік орны, дәрежесі, сыйы, құрметі, абырой-атағы болары сөзсіз. Ал ол әр адамның еселі еңбегі мен тынымсыз ізденісіне, қажыр-қайраты мен адамгершілік қасиетіне, білім мен біліктілігіне, пайым-парасатына байланысты.
Таңдап алған кәсібіңді жауапкершілікпен атқарып, қарапайым халықтың тілін тауып, олардың мұң-мұқтажына көңіл бөліп, адал қызмет етсең, халық сенімен санасады, сөзіңді тыңдайды, өзіңді мойындайды, сыйлайды, құрметтейді. Міне осындай адами асыл қасиеттерімен өз орнын таба білген замандастарымыздың бірі – Мейірхан Аңламасов еді.
Мейірхан бар саналы ғұмырын Шардара ауданының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеруге, руханияты мен мәдениетінің дамуына арнап, жемісті еңбек етті, өзінің кәсіби біліктілігімен, еңбек сүйгіштігімен, жоғары тәрбиелі мәдениеттілігімен аудан жұртшылығының ыстық ықыласы мен алғысына бөленді.
Мен Мейірханмен 1971 жылы Кеңес Одағы әскері қатарынан оралып, Шардара орта мектебіне физика-математика пәндерінің мұғалімі, қоғамдық негізде бастауыш комсомол ұйымының хатшысы бола жүріп таныстым. Шардара ауданындағы құрылыс – Қызылқұм өңірін игеруге байланысты Бүкілодақтық екпінді комсомолдық құрылыс болып жарияланған еді. Мен 1972 жылы 20 қазанда аудандық комсомол комитетінің мектептер бойынша хатшысы, аудандық пионерлер кеңесінің төрағасы болып сайландым. Мейірхан Аңламасов ол кезде екі тілде шығатын аудандық «Өскен өңір»-«Возрожденная степь» газетінде тілші болып қызметін бастаған еді. Аудандық комсомол комитетінің, бастауыш комсомол ұйымдарының атқарған жұмыстары туралы мақалалар жазып, сұхбаттар алып отыратын.
1975 жылы мен аудандық партия комитетінің үгіт және нәсихат бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалғанда Мейірхан Аңламасов «Өскен өңір»-«Возгрожденная степь» газеті редакторының орынбасары еді. Аудандық газетке партиялық басшылық жасау біздің бөлімге жүктелген еді. Аудандық газет редакторы Кәрім Үкібаев Жоғары партия мектебіне мемлекеттік емтихан тапсыруға демалыс алып кеткенде, редактордың орынбасары М.Аңламасов партия қатарында болмауына байланысты газетке редактор үшін қол қою маған жүктелді. Аудандық газеттің көлемі шағындау сияқты көрінгенімен оған сапалы, мағыналы, мазмұнды материалдар дайындап бастырудың жеңіл еместігіне сол кезде көзім жетті. Бірде аудандағы кеңшар бөлімшесі меңгерушісінің үстінен жазылған сыни материалда нақтыланбаған фактілердің орын алуына байланысты аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қатаң ескерту жасап, бюрода сөгіс берілді. Журналист еңбегінің жауапкершілігі мол, оңай еместігіне көзім жеткен еді.
2000 жылы Түркістан қаласының 1500 жылдығы қарсаңында Қожа-Ахмет Яссауи кесенесінің айналасына шым отырғызуға облыстың әрбір ауданына жер бөлініп берілген екен. Аудан әкімі маған аудандық жұмыспен қамту бөлімінің басшысы ретінде жұмыссыздардан бригада жасақтап барсын депті. Мен аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Аңламасовқа: «Жұмыссыздар әскери бөлімдегідей бір жерде емес, белгіленуге 10 күнде бір рет келеді, оларға қаржы ақылы қоғамдық жұмыс үшін облыстан бөлінеді, сондықтан басқа жолын қарастырыңыздар» дедім. Содан аудандық мекемелердің қызметкерлерінен бригада жасақтап, Түркістандағы бір орта мектептің спорт залына жайғастық. Қарашық өзенінің бойынан шым оюға кірістік. Жасақтаған бригададағы адамдарымыз, олардың құрал-саймандары шым оюға дайын болмай шықты.
Мейірхан Аңламасов ұйымдастырушылық қабілетінің, ел мен тіл табыса білу қабілетінің арқасында жергілікті азаматтармен келісіп, тапсырманы мерзімінен бұрын орындап шықтық. Бір аптадан соң берілген қосымша тапсырманы да абыроймен орындадық.
М.Аңламасов адамдармен қарым-қатынасты өте қарапайым да кішіпейіл, кез-келген адаммен ұлтына, жасына, қызметіне қарамастан тең дәрежеде пікір алмасып, өзіне тарта білетін. Өзінен де, көзінен де, сөзінен де мейірімділік шуағы төгіліп тұратын, өмірден түйгені көп, оқығаны да тоқығаны да мол үлкен жүректі азамат еді.
Мейірхан мемлекеттік қызметте жүріп те шығармашылықпен тыңғылықты айналысты. Шығармалары шардаралық ақын-жазушылардың «Ақ шағала жырлар», «Шежірелі өлке шайырлары» кітабына, өзге де жинақтарға енген. Шардара ауданының шежіресі болып саналатын «Бақ қонып, құт дарыған өркенді өңір», «Ар өлшемі» кітаптарының авторы.
М.Аңламасовтың еңбектері Үкімет тарапынан жоғары бағаланып, «ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдығы», «Тыңға 50 жыл», «Ы.Алтынсарин» медеальдарымен марапатталды. «Шардара ауданының Құрметті азаматы» атағын иемденді.
Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын.
Қыстау Ілесов,
«Құрмет» орденінің иегері, Шардара аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, «Шардара ауданының Құрметті азаматы».