Жуырда аудан әкімдігінде «23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне» арналған салтанатты шара өтті. Іс-шараға аудан әкімі Арман Қарсыбаев, қала, ауылдық округ әкімдері мен дербес бөлім басшылары, мекеме қызметкерлері қатысты. Салтанатты жиында аудан әкімі мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың ел игілігі жолындағы тынымсыз еңбектерін жоғары бағалады.

«Бүгін – ел мүддесіне қызмет етуді өмірлік ұстанымына айналдырған сіздерге арналған ерекше күн – Мемлекеттік қызметшілер күні.

Мемлекеттік қызмет – зор жауапкершілікті, жоғары біліктілікті және халыққа адал қызмет етуді талап ететін абыройлы міндет. Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруына қол жеткізу – сіздердің күнделікті табанды еңбектеріңіздің нәтижесі.

Осы орайда, сіздерге зор алғыс білдіре отырып, қызметтеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін. Халық сенімін ақтап, әрқашан биіктен көріне беріңіздер! Мерекелеріңіз құтты болсын!” – деді Арман Қарсыбаев өз сөзінде.

Мерекелік шара барысында мемлекеттік қызметшілерге Түркістан облысы әкімінің Грамотасы мен облыс әкімінің Алғыс хатын табыстады. Сондай-ақ, аудан әкімінің «Үздік мемлекеттік қызметші» номинациясына бірқатар мемлекеттік қызметшілер ие болды. Сонымен қатар, Арман Қарсыбаев ел мүддесі үшін еңбек етіп жүрген жас мемлекеттік қызметшінің ата-анасын аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.

Жиын соңында мемлекеттік қызметке жаңадан келген қызметшілер салтанатты түрде ант қабылдады.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі.