Қазақстанның оңтүстік қиырында жатқан шағын ғана Шардара ауданында құрылған «Шардара – Армспорт» клубы бүгінгі таңда әлемдік масштабтағы спорт клубына айналған.

Олай деуімізге негіз бар, осы клубтан шыққан 74 балуан қол күресінен Әлем чемпионы атанған. 83 спортшысы Әлем біріншілігінің күміс және қола медаль иегерлері. 26 балуан Әлем кубогын ұтып алған. Осындай керемет жетістігі бар команданы қалайша әлемдік дәрежедегі команда демейміз?!

Ал осы спорт орталығының негізін қалап, бүгінгі таңда әлем мойындағандай дәрежеге жеткізген, 1990 жылдары институт қабырғасында оқып жүргенде аты әлемге әйгілі бапкер Владимир Дрекслерден тәлім алған, жанкешті еңбегінің нәтижесінде спорт шебері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, кейінірек қол күресінен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы деңгейіне дейін көтерілген өзіміздің жерлесіміз, Азияның абсалютті чемпионы, қазіргі таңда аудандық мәслихат хатшысы қызметін атқарып отырған – Қарсыбаев Арман Романұлы.

Жоғарыда айтып өткен В.Дрекслердің бар тәсілін меңгеріп алған Арман оқуын бітіріп келген соң спорттағы жолын ауылда жалғастырады. Алайда, ауылда оған жағдай жоқ. Заманауи зілтемір, гір тасы, бұлшық еттерді қатайтатын өзге де құралдар жоқ. Қайтпек керек? Арманы асқақтаған бала Арман ол үшін қиналған жоқ. Жүк көліктерінің бөлшектерінен өзіне қажетті құралдар құрастырып, ауласының ішінде-ақ жаттығуға кірісіп кетеді. Арманның осылайша жаттығып жүргенін көрші құрдастары көріп, олар да қатарға қосылады. Ал, балаларының темір көтеріп жүргенін білген көршілері ұлдарына «Романның темір көтерген тентек баласына ермей, малдарыңа қараңдар» деп ұрсатын.

Үйде жүріп-ақ бабын келістіріп алған Арман аудан орталығында өткізілетін Наурыз мейрамында, өзге де мерекелерлерде ұйымдастырылатын қол күресінде өз салмағында, абсалюттік салмақта ешкімге дес бермей жүреді. Кезекті бір жарыстың финалында жекпе-жек спортының хас шебері Берік Тағабаев балуан Арманмен қол күрестіріп, жеңіліп қалады. Бұған қатты намыстанған Берік тынбай жаттығып, келесі жылы тағы да Арманмен жолығады. Тағы да жеңіліп қалады. Мықтылықты мойындау – жігіттіктің белгісі емес пе, Берік Арманмен дос болып, оның қалай жаттығып жүргеніне көз жеткізеді. Осы аралықта олардың қатарына Нұралы Әбдіраманов қосылады. Бұлардың мықтылығын естіген Болат Пантаев, Серғазы Бөрісов, Бауыржан Әлшериев, Асқар Парманқұлов, Бауыржан Тілешовтер жаттығуға келіп, өзара команда құрады, өнерлерін шыңдайды.

Содан 1997 жылы 9 ақпанда қол күресінен облыс чемпионаты өтетін болады. Аламан жарыстың дақпыртын естіген жігіттер күні-түні жаттығуды зорайтады. Ол уақыттар қазіргідей спортты дамытуға қаржы қарамақ түгілі, жұмысшыларға айлық жалақы тауып беру мұң болған кез ғой. Демеушілер тағы жоқ. Жігіттер өз қалталарынан пұл шығарып, көлік жалдап, аталған жарысқа қатысады. Жігіттердің осыған дейін төккен терлері зая болмапты, бесеуі бірдей чемпион атанады. Арман бастаған команданың алғашқы жарысқа қатысқан күні осылайша спорт клубының құрылған күні болып есептеледі.     

Содан бергі аралықта Арманның өзі де, қасындағы жігіттері де талай-талай додада топ жарды, облыста ауданның намысын, республикада облыс намысын, шет мемлекеттерде ел намысын қолдан бермеді. Әуелгі кезеңде әлем және Азия чемпионаттарында 2-3 шәкірті топ жарып жүрсе, келе-келе қатарынан ондаған шәкірті алтыннан алқа тағынатын болды. Мұның бәрі ұйымдастыру жұмыстарының жүйелі жүргізілгендігінен екендігі бесенеден белгілі. Арманның шәкірттерінің толайым табысқа қалай қол жеткізіп жүргенін білмекке мұхит асып талай мықтылар келді, тәжірибе алмасты. Спорт залында бір мезетте 200 баланың жаттығып жатқанын көрген қонақтар «мынадай талпыныстан соң чемпион болмау мүмкін емес» деп таңданыстарын жасыра алмаған.

Арман Романұлы бүгінгі таңға дейін спорттың қол күресі түрінен 74 Әлем чемпионын, 83 Әлем біріншілігінің жүлдегерін, 26 Әлем кубогының иегерін, 359 Қазақстан Республикасы чемпионын, 209 Азия чемпионын, 196 Азия чемпионатының жүлдегерін, 50 Азия Кубогының иегерін дайындап шығарды.

Арманның спорт мектебінен 525 спорт шеберлігіне кандидат, 120 спорт шебері, 68 халықаралық дәрежедегі спорт шебері шықты. 85 балуан Халықаралық турнирде топ жарды.

Даңқты спортшы, әрі бапкер Арманның айтқан әрбір нұсқауын қалт жібермей қаперіне ала білген қағілез шәкірттерінің бірнешеуі бүгінде кәнігі жаттықтырушылар қатарында. Атап айтсақ, Бақберген Аманов, Ғани Малбасов, Бақдәулет Тұрманов, Асан Байғозиев, Мағжан Шәмиев, Жазира Ақбаева, Меруерт Қалықұлова, Нұржан Төреқұлов сынды жампоздардың өздері де қаншама түлектерді тәрбиелеп келе жатыр. Бұлардың екеуі Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы.

Арман баптаған балуандардың арасында 9 дүркін әлем чемпионы болғандар бар. Нұрдәулет Айдархан есімді жерлесіміз осындай көрсеткішке қол жеткізген. Әлемнің 4 дүркін, 3 дүркін чемпионы атанғандарды санамалап шығу үшін біршама уақыт керек.

Арман Қарсыбаев бұл спорт түріне қыздарды да тартып, 2006 жылдан бері бірнеше қарындасымызды әлем және Азия чемпионы етіп шығарды. Олардың арасынан да 2 дүркін, 3 дүркін әлем чемпионы атанғандары бар.

Тағы бір қызық – 2015 жылы Оңтүстік Кореяның астанасы Сеул қаласында өткен халықаралық турнирде Оңғарбаев Қыдырғали бауырымыз 10 минуттың ішінде 37 спортшыны бірінен соң бірін жеңіп, бір күнде әлемге әйгілі болғаны бар. Осы Қыдырғали қазіргі таңда әлемдік «ТОП-8»-дің қатарында. Сегіздікте алғашқы қарсыласы өзінен 60 келі ауыр тартатын польшалық балуанды жеңіп, төрттікке өткен. Келесі айналымда өзінен 88 келі ауыр болатын балуаннан ұтылып қалды. Қыдырғалидың осынысының өзі біз үшін жеңіспен тең! 

2021 жыл «Шардара-Армспорт» клубының спортшылары үшін өте табысты жыл болды. Қараша айында Румынияда қол күресінен XXXXII Әлем чемпионаты өтті. Бұл аламан бәйгеге Түркістан облысынан 56 үміткер аттанған болатын. Аса тартысты өткен, Әлем жұртшылығы көз тігіп, құлақ түрген аламан бәйгеде тағы да шағылда шыныққан Шардараның шарболаттай жігіттерінің ай оңынан туды, бақтары жанды. Шымырлықтың шыңына шыққан 25 палуанымыз алтыннан алқа тағынып, дүйім жұртты тағы да бір дүр сілкіндірді. Осылайша Арманның арландары Тәуелсіздіктің 30 жылдығына 25 алтын сыйлады!

Егер де қол күресі Олимпиадалық ойындар санатына кіретін болса, бір ғана Шардараның саңлақтарының өзі Қазақстанды алтынмен аптап тастар еді! Үмітімізді үзбейік!

Мереке құтты болсын, Арман және оның командасы! 

Сәбит Қоспанұлы.