Тәкаппарлық қуыс кеудеден пайда болады. Адам дүниеге келгенде тәкаппар болып туылмайды. Адам туылғанда таза, пәк күйінде болады. 

Тәкаппарлық – адам баласына лезде жабысатын мінез. Көп адамдар тасы өрге домалап, жолы ашылып, алға қойған арман-мақсаттары орындалып жатқан кезде, кеуделеріне нан пісіп, бойында тәкаппарлық пайда болады. Бәрін «өзім жасадым, бәріне өзім жеттім» дейді. Алайда, осы дүниелердің артында үлкен қасиетке ие Алланың барын ұмытып, соның берген сыйы екенін түсінбей жатады.

Тәкаппар болу – Алланы ұмыту. Өзін өзгелерден биік ұстау, өзгелерден қайтарымсыз сый-құрмет күту, ақылға кұлақ аспау, өркөкіректік, басқаларды менсінбеу, тағы басқа қасиеттер.

Тарих беттері шайтанның құрдымға кетуіне де осы тәкаппарлықтың себеп болғанын айғақтайды. Өйткені бұл қасиет шайтанға «Мен адамнан артықпын» деп айтқызған. Оның бұл қылығы Ұлы Жаратушының әмірін менсінбеуге апарып соғып, мәңгілікке лағынетке ұшыраған. «Бойында иненің жасуындай тәкаппарлығы бар адам жұмаққа кірмейді» деген сөз бар емес пе? Олай болса, Алланың осы берген өмірі мен ризық-несібесіне шүкіршілік қылайық!

Шүкіршілік – қасиеттердің ең асылы. Амалдардың ең үлкені. Қазіргі таңда адамзат баласы Алланың қолымен емес, адамдардың қолымен берген сыйын қаттырақ бағалайтын болып жүр. Бізді қынжылтатыны да осы.

Қыстыгүні терезеге түскен қыраулы ою-өрнектердің миллион түрлі, бір-біріне ұқсамайтыны секілді, мына пәнидегі адамдар да алуан түрлі. Мінездері мен ойлары да әр тарапта. Сол секілді біреулер барға қанағат қылып, шүкір етіп жатса, енді бірі бәрі өзімнің арқамда болды деп есептейді.

Алланың бізге берген сыйлары өте көп. Неге соларды бағаламай жатамыз? Әр атқан таңымызға, таза ауа жұтқанымызға, қиналғанда қол ұшын беретін жақындарымыз барына, жұмысқа кешіккенде таксидің аяқ-асты келе салғанына, ойыңдағы өзің жоспарлаған әрекеттер оңтайлы шешімін тапқанда, өміріңде жақсы адамдар кезіккеніне, жаман адамдардан жақсылықты, жақсылардан жаман қасиеттерді көре білгенімізге, ұзақ сапарлардан аман-есен оралғанымызға, үйімізде бір күндік астың болғанына Аллаға шүкір айтуымыз керек. Шүкіршілікті сөзбен айту аздық етеді. Оны жүрекпен айтса, анағұрлым жақсырақ болар еді. Өйткені, шүкіршілік – адамның рухани кемелденуімен ұлғайып, адамшылық келбетін айқындайтын қасиет. Сонымен қатар адамның қоршаған төңіректен ғибрат алып, пікір етуіне де азық болады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде Алла Тағаламыз: «Маған құлшылық етушілерімнің арасында шүкіршілік ететіндер неткен аз еді?» – дейді. Шыныда, неге олай? Өйткені, біз масаттанып, кеудеміз тәкаппарлыққа толып, шүкір қылуды білмейміз. «Осы жағдайдың түгелі өздігінен келді», «өзім жеттім», «бәрі менікі бола берсе, бәрі менің алдымда құрдай жорғаласа» деген арам пиғылдардың бәрі Аллаға қарсы екенінен бейхабармыз.

Адамзат баласы анадан жалаңаш туылғаны секілді, бұл жалғаннан да жалаңаш өтіп кетеді. Артымызда дүниеміз, атақ-даңқымыз емес, жақсы амалдарымыз қалатынын ұмытпайық.

Көзі көріп, сөйлей білген, ести алған, жүре алатын, жалпы Алланың берген әрбір сыйын бағалай біліп, шүкір ете алатын адам – нағыз мұсылман адам. Тәкаппарлық бар жерде, шүкіршілік болмайтынын естен шығармайық!

Ақбота Өсербай.