Ақын Ажар Сапарғалиқызы туралы үзік сыр

Өмір! Қызығы мен шырғалаңы мол, ыстығы мен суығы аралас осынау арман ғұмырда біз ойланып тебіренетін тақырыптар қаншама! Адамзат баласы өмірге бекерге келмегенін түсініп жеткенде, оның тапсырмаларға толы тосын жайлардың алдындағы жауапкершілік екеніне кейде мойынсұнбай да жатасың. Солай болса да өмір бар мінез-мейірімімен бізге қымбат.

Мынау ғажап дүниеге ғашық көзбен қарап,одан ғажайыптарды сағына күтетін жандар – жүрегін жырға, көңілін сырға шомылдырып, шаттығы мен шабытын ән мен жырға қосады.

Шабыт шағаласы шалқыған Шардараны жақсы көрмеу мүмкін емес! Осынау қасиетті мекен туралы кезінде республикалық «Лениншіл жас» газетінің тілшісі ретінде  көсіліп бір бет материал бергенім бар. Бұл жер менің достарым, ақындар Қазыбек Исаның, Нұрғали Ибрайымның, Әбдіғаппар Айдаровтың, «Қара бауыр қасқалдақ» әнін арашалап, елімізге танытып кейіпкерім болған композитор Лесбек Амановтың, әнші-сазгер Әкім Мұсақұловтың, орнықты сөзі бар інілерім Сәбит Лаханов, Ұлықбек Жұманның және көптеген сыйлы адамдарымның туған жері. Жақсылықтың жалғасы болып, қолына қалам ұстағандарға назар аударатын, қашан да абзалдығымен айналасын баурайтын Адам іздеп жүретін әдетім бар. Соның бірі Ажар Сламова деп білемін. Мұны терең сезімінен сезіндіріп, оқырманын сан түрлі жұмбақ ойға жетелеген сарғалдақ сағыныштың иесі, осы шардаралық шайыр Ажар Сапарғалиқызы жайындағы үзік сырдың сұлу шықтары мөлт еткенде не дейді?!

Өнер мен әдебиетке жастайынан құмар Ажар  қарапайым отбасында өсіп, тәрбие алды. Жанұядағы жеті баланың екіншісі сол кездің өзінде-ақ ұшқыр қиялы оны арман ұшағымен алыстарға самғататын. Ата-анасы Сапарғали мен Қалдықыз қарапайым жандар. Өзінің ән-жырға құштарлығын ана сүті, әке қасиетімен дарыған деп есептейтін дарын иесі өз нағашыларының шетінен сөзге шешен, жазғыш, айтқыш, данагөй жандар деп біледі. Ал өз атасы Слам Әбдіразақұлы сол өңірге ғана емес, үш жүзге аты мәлім өте сауатты молда еді. Жеті немересінің ішінен, әсіресе, Ажарға көп үміт артқаны да ақын қыздың ойынан бір кетпейді. "Осы қызын өте жақсы көретін еді" деп еске алатын анасы.

Бүгінде білім саласында биік белестерді бағындырған ұстаздың алғашқы дәрігер болсам деген арманын оның өлең жазуға деген құштарлығы күн санап өзгерте берді. Тырнақалды туындыларын өзінің туған жері «Жаушықұм» кеңшарының өсіп-өзгергеніне арнаған оның сәби көңілінен шыққан мақалаларын аудандық "Өскен өңір" газетінің ұжымы еш өңдемей, газетке жіберетін. Сол кезден бастап Ажардың жазуға деген ықыласы артты. Ұстаздары жазудың қыр-сырын үйретіп, 7-сыныптан бастап редакциямен байланыста жұмыс жасауды, тырнақалды дүниесіне сын айтып, шыңдалуды үйретті.

Ол Алматыдағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін әдебиетші мамандығы бойынша диплом алды. Алғашқы еңбек жолын өзі оқып бітірген "Жаушықұм" орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Қай істе де адам өзінің жауапкершілігімен құнды екенін бағалай жүріп, біздің кейіпкер қаншама тәжірибе мен табандылықтың арқасында жеңістерге жетті. Ұстаздықтағы ұстанымның үлкені – білім мен ізденістен бөлек, ұдайы өзін жетілдіріп отырудың басты қағидат екенін де сезінді.  Ұстаз болу – әрқашан сырт көздің сынында жүретін маман иесі.  Жүріс пен тұрыстағы, сөйлеу мен ойлаудағы, адамдық пен адалдықтағы таразының басын тең ұстау оңай емес екені тағы бар. Сол жылдардағы "Өскен өңір" газетінің бас редакторы ақын, жазушы Жұмабек Мұқановтың шәкірттеріне арнап ұйымдастырған әдеби сабақтары, айтулы ақын Оңалбай Еспанов, Кәдірбек Баударбеков, Құдайберген Өтеш ағалардың керемет дәрістерінен даналыққа бастаған үлкен жолын бүгінде сағынышпен, құрметпен еске алады.

Қазіргі кезеңде Шардара ауданындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта ұстаздық ете жүріп, болашақ ақындар мен журналистерді де тәрбиелеуде.Олардың қатарында бүгінде түрлі бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс жасап жатқан белгілі шәкірттері Камила Дүйсенова, телебағдарламаларда жүрген Дана Мырзақадырова мен Санат Әуелтай, Динара Әділбек, Назерке Әліқұлдарды атауға болады.

Ақын Қазыбек Иса атындағы шығармашылық бірлестіктің мүшесі, шебер педагог Ажар Сапарғалиқызы 2021 жылы облыстық "Үздік ұстаз – 2021" байқауының жеңімпазы атанып, 875000 арнайы сыйақымен марапатталды.

Бір қарағанда түрлі тақырыпқа қалам тербеген ақынның шығармаларына үңілгенде, әрине, әркім өзінше ой түйері анық. Оқырман сыншы да, талапшы. Талғампаз тыңдарманның жүрегіне жол тапқан жырлар да, "осындай тақырыпқа жазсаңшы" деген сыни пікірлер де, тіпті әлі жазылмаған жырлары да – бәрі қаламгер жүрегінің мәңгілік сағынышымен суарылып барып, жарыққа келетінін байқатады. Әрбір ақынның да күн тәртібінен түспейтін тақырыбы бар.  Ал Ажар қызда бұл тақырып мәңгілік сағыныш екені оның барлық жырларында мөлдіреген сезімдерден байқайсың. Мәселен "Жанның дауысы" деген өлеңінде адам баласының жылдар бойы сағынып іздеп жүрген дүниесінің жауабын жанның дауысын есту арқылы ғана біле алатынымыз жайында айтылады.

 

Сездім бе екен өз жанымның қалауын,

Не дейді екен мендегі әнтек бала мұң.

Отырамын осы ойларға мың батып,

Көкжиектің көрген сәтте алауын.

 

Жан қыстығып, булыққанын біле алмай,

Жүр адамзат өзін-өзі құр алдай.

Бақсыдайын қалғаннан соң қараусыз,

Жан тұр жалғыз жапандағы шынардай.

 

Қамалған соң қапастағы жан көптен,

Көп өмірден мағына да мән кеткен.

Мен де жүрмін өз жанымды аялап,

 Көркем едің деп осынша сен неткен!

Сағынышты жырлау – ақын қыздың басты ұстанымы. Туған жерге, туыс пен досқа, сүйген жанға, жарқын келешек пен өткен шаққа деген сағыныш барлық дерлік өлеңдерінде менмұндалап тұрады.

 

Жаңылмай тұр жарқырап өмір шамы,

Жарасты ерке қайың емінсе әрі.

Қоңылтақ тіршіліктің маужыраған,

Келбетін келтіреді көңіл сәні.

 

Шомылып таң-теңізге малтығанда,

Жылт етер ой жаныңмен жарқырарға.

Тәңірдің тамшы әуенін тыңдай алған,

Жүректен айтшы әсем әнші бар ма?!

Осынау "Таң сұлу" атты өлеңінде де өмірге деген, өмірдің көңіл толар-толмас әрбір сәттері мен кезеңдеріне болатын ішкі сағынуды байқаймыз.

 

Жақсылар егер болмаса өмір тұл ма екен,

Жақсылар жүрген жерлердің бәрі- гүл мекен.

Жарқырап, жайнап жүретін, қайран жақсылар,

Сендерді іздеп көшелеріңнен күнде өтем.

 

Күнде өтіп жүрмін көшелерінен жақсының,

Жақсылар бар деп ойлаған сәтте пәс мұңым.

 Барады өтіп, бәрі де өтіп барады,

Өмірдің мынау жалғаумен жалған дәстүрін.

 

"Жақсылар егер болмаса" деген осы өлеңнен автордың өмірден жаны жайсаң адамдарды көбірек іздейтіні, соларға көбірек үміт артатыны айқын аңғарылады.

 

Сәуірге сұлу сыр ақтарамын,

Жатқанда салып бұлақтар әнін.

Сағынтып келген сандуғашыма,

Тосырқай бермей тұрақта, жаным.

 

Үміт пе әлде сезім үзбеген,

Болайын жақсың өзің іздеген.

Жуықтап бармай, жырақтап кетпей,

Тілдесіп тұрмыз көзімізбенен.

 

Нәзік сезімді жырлаған әрбір өлеңінде өзекті жалын шарпып, кісіге ой тастамай кетпейді. 

Адамның өмірі оның ғұмыр жолында кездескен біршама жақсы адамдарымен де елеуді де мағыналы. Ажар өзінің өмір сапарында кез болған сондай асыл жандарды өз шығармаларына арқау етіп алған сәттері де аз емес. Осындай терең сезімді нәзік жүрек иесінің бір өлеңі маған арналыпты. Ол өлеңі "Тұлға көрдім" деп аталады. Мен Ажарды алғаш рет осы кезде ақындық қырынан тани бастадым.

Оның өлең болмысындағы өмірге деген құштарлықпен қоса айналасынан тек жақсылықты көре білетін, ізгілікке сене қарайтын, ақжарма ақ адал табиғатын тани түсесің.  Ақын да адам. Адам да ақын. Осы екеуінің арасындағы алтын көпір – көңіл тазалығы мен жүрек жылулығын адамдардан аямай жүріп, аяулы жанға айналған Ажарға шығармашылықтағы шығар тауың биік, өмірдегі алар асуың көп болсын деген тілекпен сөзімді аяқтаймын.

Әкім Ысқақ, Қоғам қайраткері, тұңғыш қазақ тілінде жазылған заңның авторы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.