Жыл басы – Наурыз ресми түрде Қазақстанда Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана кең көлемде тойлана бастады. Он жылдан соң мейрам деген мемлекеттік  мәртебеге ие болды. Бүгінде елімізде 21, 22, 23 наурыз күндері мейрам болып тойлануда.

Ал бұрын дархан қазақ елі бұл мейрамды қалай тойлағанына шолу жасау мақсатында ғасырмен құрдас, 105 жастағы Жану Абдулинақызымен сұхбаттасқан болатынбыз. Апамыздың өз дәуірінде бұл мейрамды қалай тойлағанын және қазіргі заманның  тойлануына деген көзқарасын бірге білейік.

– Сәлеметсіз бе, апа? Қалыңыз жақсы ма? Әуелі сізді Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Айрандай ұйып отырған отбасыңызда мерекеге деген  дайындық қалай болып жатыр?

– Амансың ба, қарғам, Аллаға шүкір, апаң жақсы. Құттықтауыңа көп рахмет. Алла абырой мен бақытты жаныңа серік етсін.

Ал енді сұрағыңа жауап берейін. Бұл мейрам қазір қазақ халқының ұлттық дәстүріне айналған мереке. Бәрі дастарқан жайып, наурыз көже дайындап, құрт-майын пісіріп, қонақ күтіп жатады. Біздің отбасымызда да сол үрдіс жалғасып келе жатыр. Келіндер, балаларым мен немере-шөбелерім де бұл мейрамды асыға күтіп жүр. Алайда біздің уақытымызда бұл мейрамның сипаты өзгеше еді...

– Апа, «біздің уақытымызда» деп қалдыңыз, сіздердің уақыттарыңызда бұл мейрамның тойлану дәстүрі қалай еді, жалпы сипаты қандай болды?

– Алаш үкіметі пәтуасымен 1920 жылы Түркістан Республикасының басшысы Тұрар Рұсқұлов наурыздың 21-22-сін «Көктем мерекесі» еткен-ді. Кейіннен бұлай тойлауға тыйым салынып, халық оны астыртын мерекелеп келді. Кейін қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің бастауымен 1988 жылдан бері наурыз ресми тойлана бастады. Ал 1991 жылы 15 наурызда Н.Назарбаев 22 наурызды жалпыұлттық мереке деп жариялады. Міне, сонан бері тойлатып келеміз.

Енді сұрағыңа тоқтала кетсем, біздің кезімізде мерекеге бір-екі күн қалғанда әйелдер киіз үйдің ішін, ал ерлер аулада қора тазалап, таза киімдерін киіп, күні бойына жететін мол дастарқан жайған. Себебі, күні бойы келетін қонақтардың легі таусылмайтын. Жастар үшін ақсақалдардың батасын алатын ерекше мереке еді. Ақындарымыз күн еңкейген уақытта ортаға шығып, айтыс бастайтын. Жастарымыз аңыз кейіпкерлері туралы түрлі қойылымдар қоятын, алтыбақан тебетін.

– Керемет, нағыз қазақтың дәстүрі осы дерсің?! Апа, сіздің уақыттағы наурыз мерекесінің әдет-ғұрып пен жоралғылары қалай еді, тағы нақтылай кетсеңіз?

– Бізде бұрын қазіргідей күнтізбе не сағат болмаған. Сабантойдың нақты уақыты жоқ, егін жиналар кезде атап өтетінбіз. Наурыз мерекесі басталмас бұрын, қыстан шыққан ауылдар тілеуіміз бір деп, «тілеу көже» жасайтын. Кейін сол тілеу көжеміз қазіргі «наурыз көжеге» айналып отыр ғой. Тойшыл қауым бір төбенің басына шығып, ән шырқайтын. Қыстан аман шығып, көктемге жеткен ақсақалдарды төрге шығарып, оларға ірі қараның ұзын омыртқасын сый-табақ ететін. Кейін жастар сол астан ауыз тиетін. Қорыта айтқанда Наурыз мейрамы – қапияда көз жазып қала жаздаған бауырларымыз бен алыстағы ағайын-туыстарымызбен қауышудың дәнекері еді. Қазақтың жаңа жылы саналған Наурыз мерекесі солайша өз ерекшелігімен есімде қалған.

–  Апа-ау, сұхбат соңында осы мерекені тойлағалы отырған жастарға айтар насихатыңыз бен ақыл кеңесіңіз болса?

– Біздің уақытта ақсақалдар бір-бірімен араласпай кеткен ағайын, бауырларды ортаға шығарып, татуластырған. Біз де сол үрдісті сақтап қалуымыз қажет. Наурызды әдеттегі мейрам деп түсінбей, кешіру, көрісу, игі іс істеу мерекесі деп ұқсаңдар екен, құрметті жастар! Сіздерге қарап, сіздердің жақсы әрекеттеріңізге қарап, біз марқаямыз, біз жасарамыз.

– Мәні мен мазмұны келіскен тәрбиеге толы тағылымды сұхбатыңызға көп рахмет. Алла деніңізге саулық, шаңырағыңызға бақ пен береке берсін! 

Сұхбаттасқан Бота Болатова.