Ауған соғысы КСРО Қарулы күштерінің Ауғанстанға кіріп, оның ішкі істеріне қол сұғуы салдарынан тұтанған соғыс. КСРО басшылығы Ауғанстандағы 1978 жылғы сәуір төңкерісі нәтижиесінде билікке келген «Халықтық демократиялық үкіметті» қолдап, көршілес елдің социалистік бағытпен дамуын көздеп, «интернационалдық әскери жәрдем береміз» деген желеумен оның ішкі істеріне араласты. Мұның салдары сол кезде Кеңес Одағының құрамында болған 15 республика тұрғындарына әсерін тигізді.

Ауған соғысы 1979 жылы басталып 10 жылға созылды. Айтуға оңай, сұрапыл зобалаң, қаншама тағдырды жалмады. Цифрлы деректерге сүйенсек, Ауған жерінде сол кезеңде КСРО-ның 620 мыңға жуық, соның ішінде қазақстандық 22 мың адам әскери қызметтерін өтеді. 15 526 адам, соның ішінде – 925 қазақстандық алған жарақаттарымен ауруларынан қайтыс болды. Қазақстандық 21 адам хабар-ошарсыз жоғалды және тұтқынға түсті.

Осы майданға біздің өңірімізден аттанған батырларымыз да жетерлік. Олардың арасында да соғыста, соғыстан алған жарақатынан қайтыс болғандар бар. Өткен аптада Ауған соғысы ардагерлер ұйымының мүшелері сондай батырларымыздың аруағына құран бағыштап, Ауған соғысы ардагерлерінің ескерткішіне  гүл шоқтарын қойды.

Іс-шараға Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері кеңесінің жанынан ашылған әскери патриоттық орталығының жетекшісі А.Шералиев, Ауған соғысы ардагерлер одағының кеңесшісі, Ауған соғысының ардегері, отставкадағы майор Қылыш Сатпаев, Ауған соғысының ардагері К.Жетібаев және бір топ қаруластар қатысты.

Ешкім де, ештеңе де ұмыт қалмайды!

Мадина ЕРАЛЫ.