“AMANAT” партиясы жастар қанатының кезектен тыс VI Сьезінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың бойында болуы қажет үш қасиет ретінде терең білім, еңбекқорлық, отансүйгіштікті атаған болатын.

Мемлекет басшысының осынау үндеуіне орай елімізде жастардың білімін шыңдап, еңбекқорлығын арттыру мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Бұл жұмыстарға үкіметтік емес ұйымдар да белсене атсалысуда. Осы мақсатта аптаның сейсенбісінде ауданымызда “AMANAT” партиясы Шардара аудандық филиалының қолдауымен “Жастар рухы” жастар қанатының ұйымдастыруымен “AMANAT AQYLMAN” аудандық зияткерлік ойыны өтті. Мақсаты – мемлекет басшысы айтқандай жастардың бойында терең білім, еңбекқорлық, отансүйгіштік қасиетттерді дамыту. Жастар арасында ораторлық мәдениетті, толеранттық тәртіп пен азаматтық танымды дамыта отырып, қоғамдағы маңызды мәселелер аясында жастардың өз көзқарстары арқылы шешім қабылдап, құқықтық сауаттылықты жан-жақты мониторингтік зерттеулер жүргізе отырып, интелектуалды ойын арқылы толығырақ насихаттау     болатын.

Cайысқа “IBILIM Hiqh Shool” жекеменшік мектебінің “IBilim” командасы, аудандық орталық ауруханадан “Гиппократ” командасы, Жаушықұм ауылдық округінен “Жаушықұм” командасы, М.Қалмырзаев атындағы №3 мамандандырылған мектеп-интернаты атынан “Дарын” командасы, БАҚ өкілдерінен “Журналистер” командасы, Қ.Тұрысбеков ауылдық округінен “Сұңқар” командасы, Қоссейіт ауыл округінен “Өрлеу” командалары қатысты.

Кіл мықтылар жиналған тартысты сайыстың ашылу салтанатында “AMANAT” партиясы Түркістан облыстық “Жастар рухы” жастар қанатының төрағасы Жұман Жансерік Бауыржанұлы, аудандық мәслихат төрағасы Мүталиев Бұлтбай Лесбекұлы және “AMANAT” партиясы Шардара аудандық филиалының төрағасы Бекет Ережеп Құдайбергенұлы сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

 

Ойын барысы 4 кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде облыс және Шардара ауданының тарихы жайлы 10 сұрақ даярланып, әр сұраққа жауап беруге 1 минут көлемінде уақыт берілді. Екінші кезеңде өнер, мәдениет, спорт салаларынан 10 сұрақ берілді. Үшінші кезең жалпылама логикалық интелектуалды сұрақтардан тұрды. Бұл кезеңде де әдеттегідей 10 сұрақ әзірленіп, әр сұраққа 1 минут уақыт беріліп отырды. Төртінші кезеңде партиялық жобалар мен мемлекеттік басқару тұрғысында қызықты сұрақтар құрастырылып, алдағы кезеңдер секілді 10 сұрақ әзірленіп, әр сұраққа 1 минут уақыт көлемінде беріліп отырды.

Құрамында “AMANAT” партиясы “Қызылжар” бастауыш партия ұйымының төрағасы, аудандық “Өскен өңір” газетінің бас редакторы Сәбит Лаханов, аудандық тарихи өлкетану музейінің меңгерушісі Нұрлан Смайлов, “AMANAT” партиясы Шардара аудандық филиалының консультанты Сәуле Сейдалиевалар болған қазылар білімділердің білігін саралап отырды. 

Сайыс нәтижесі бойынша “Жаушықұм” командасы  3 орынды иеленсе, “Журналистер” командасы 2 орынды, “IBilim” командасы 1 орынды қанжығасына байлады. Жүлделі орынға ие болған командаларға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар тарту етілді. “IBilim” командасы облыстық кезеңде аудан намысын қорғайтын болды.

 Мадина ЕРАЛЫ.