
6 наурыз күні Астана қаласында «Құрметті аналардың алтын жұлдызы» атты республикалық байқау өткен болатын. Аталған байқауға «Қасиет» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында зейнет жасына жеткен қызмет алушы зейнеткерлеріміз – Ахатаева Ұлболсын Төребекқызы, Ағманова Болсынай Боздақбайқызы, Бекболатова Сапаркүл Қарабайқызы қатысып, жүлделі орындарға ие болды.
Бұл байқау – аналардың қоғамдағы орнын айшықтап, ұрпақ тәрбиесіне қосқан еңбегін дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған тағылымы мол шара. Еліміздің әр өңірінен жиналған ардақты аналар өздерінің өмір жолын, отбасы құндылықтарын және қоғамдық белсенділігі арқылы көпшілікке үлгі көрсетті.
Өмірлерін еңбекпен өрнектеген, отбасында да, қоғамда да сыйлы, өнегелі аналар. Ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп, жас ұрпақты тәрбиелеуге, ұлттық құндылықтарды насихаттауға үлес қосып келеді. Аналарымыздың парасатты болмысы мен аналық мейірімі байқау барысында жоғары бағаланды.
Салтанатты марапаттау рәсімінде Ұ.Ахатаева, Б.Ағманова, С.Бекболатоваларға «Құрметті аналардың алтын жұлдызы» төсбелгісі, арнайы куәлік және Құрмет грамотасы мен «Құрметті аналардың алтын жұлдызы» кубогы табысталды. Бұл марапат – аналарымыздың өмір бойғы еңбегіне көрсетілген зор құрмет.
Ауданымыздың абыройын асқақтатқан асыл аналардың бұл жетістігі – барша жерлестеріміз үшін үлкен қуаныш әрі мақтаныш. Осындай өнегелі аналардың өмір жолы жас ұрпаққа үлгі болып, ұлттық құндылықтардың нығаюына ықпал етері сөзсіз.
Шардара аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Қасиет» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің атынан Ұлболсын Төребекқызын, Болсынай Боздақбайқызын және Сапаркүл Қарабайқызын лайықты марапаттарымен құттықтаймыз. Сіздердің еңбектеріңіз бен талпыныстарыңыз, белсенділіктеріңіз және өмірге деген құштарлықтарыңыз баршамызға шабыт береді. Әрдайым шаттыққа бөленіп, денсаулықтарыңыз мықты болып, отбасыңыздың берекесі болып, қуаныш пен бақытқа бөлене беріңіздер!
Жеңістеріңіз жалғаса берсін!
Бақтыбай Исмайлов, «Қасиет» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы директорының әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары.




