12 тамыз – Халықаралық жастар күніне мерекесі қарсаңында 10 күндік кешенді жоспарына сәйкес, 7 тамыз күні аудан орталығындағы Абай мәдениет сарайында аудандық “Жастар ресурстық орталығы” КММ ұйымдастыруымен жастарға арналған “Бос жұмыс орындары” атты тақырыбында жәрмеңке өтті.
Жиында аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев сөз сөйлеп, аудан жастарын жұмыссыздықтан арылып, мемлекеттік қызметке орналасуларына тілектес екендігін жеткізді.
Жәрмеңке өтікізудің мақсаты – оқу орнын бітірген түлектерді және NEET санатындағы жұмыссыз жүрген жастарды жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, жастарға арналған бағдарламалармен таныстыру, жұмыс беруші мекемелер қажетті мамандар таңдауларына, ал жұмыс іздеушілерге жұмысқа орналасуларына, сұхбаттасып жүздесулеріне ықпал жасау.
Жәрмеңкеде “Мансап орталығының” филиалы субсидияланған жұмыс орындарын түсіндіріп насихаттаса, аудан әкімдігі аппаратының персоналды басқару бөлімі, аудандық орталық аурухана, «Азиялық несие қоры», №16 колледж МКҚК, “IBilim Hiqh School” ЖШС, «Казкрахмал» ЖШС және тағы басқа кәсіпорындар бос жұмыс орындарын ұсынды.
Айта кетейік, «Казкрахмал» ЖШС жүгері өңдеу зауыты әлі толық аяқталмауына қарамастан биылғы уақытша науқанға мамандар іздейді, атап айтқанда тракторшы, оператор сынды мамандарға ваканция ашылған. Ал “IBilim Hiqh School” білім беру орталығы алдағы оқу жылында 7-8 сыныптарды да қоса оқытуына байланысты білікті мамандар іздейді. Осы секілді орталық аурухана басшылығы да акушер мамандары тапшы екенін алға тартып, жастарға арналған бағдарламамен келсе де, тұрақты жұмыс іздеп келетін акушер мамандары болса есігіміз ашық дейді.
Жәрмеңке нәтежиесінде 4 жас маман тұрақты, 5 жас маман “Жастар практикасымен”, 5 жас маман “Алғашқы жұмыс орны” бағдарламасымен, 2 жас “Қоғамдық жұмыс ” бағдарламасы аясында жұмысқа орналасты.
Мадина ЕРАЛЫ.