Соңғы жылдар бедерiнде шардаралық диқандар күрiш өсiруге қайта ден қойып жатыр.

Мәселен, өткен жылы аудан бойынша 1350 гектарға күрiш егiлсе, биыл 1419 гектарға егiлдi. Бұл дақылды өсiрумен 4 ауылдық округтiң диқандары шұғылданып отыр.

Атап айтар болсақ, ағымдағы жылы Қоссейiт ауылдық округiнде 150 гектарға, Көксу ауылдық округiнде 293 гектарға, Ұзын ата ауылдық округiнде 376 гектарға, Алатау батыр ауылдық округiнде 600 гектарға күрiш дақылы орналастырылды.             

Кезiнде күрiш өсiрумен Одаққа аты дүрiлдеп тұрған Ұзыната ауылында кәнiгi диқандар аз емес. Рахымбердi Айтмырзаев, Мұрат Нұрпейiсов, Абай Тiлеубаев сынды шаруалар әу бастағы кәсiптен қол үзбей келедi. Биыл бұл ауылда да күрiшке бет бұрған қожалықтар қатары көбейiп, олардың саны 11-ге жетiптi.    

Бұрынғы «Комсомол» кеңшарында 40 жылға таяу уақыт күрiш бригадирi болған еңбек ардагерi  Пердебай Қаппаров бұл дақылдың артықшылықтарын  айтудан әсте жалықпайды. Әсiресе, күрiштiң өзге өнiмдерден ерекшелiктерiн санамалап тұрып айтып бередi.    

– Күрiштiң бiр қасиетi – ол жердi сорландырудан сақтайды. Яғни, бұл дақыл егiлген жер сорланбайды. Сосын жердi арамшөптен тазартады. Ауыспалы егiс жүйесiн сақтап, күрiштен кейiн ол алқапқа басқа дақыл егiлсе жақсы өнiм бередi.

Бiздiң Шардара ауданында 6 кеңшар күрiш егуге арналып құрылған. Осы ауылдардағы шаруалар да күрiш егуге маманданған. 1995 жылдардан кейiн күрiш егу бiрте-бiрте азайып кеттi. Әр шаруа әр түрлi дақыл егумен айналысып кеткен соң ауыспалы егiс жүйесi де бұзылды. Күрiш азайғандықтан, оған арналған техникалар да құрып бiттi. Тек күрiштiң қадiр-қасиетiн бiлетiн санаулы азаматтар ғана бұл үрдiстi сақтап отыр. 7-8 жыл болды, диқандарымыз күрiштi өндiруге қайта кiрiсiп жатыр, бұл қуанышты жәйт, – дейдi Пердебай ақсақал.        

Күрiштен қол үзбеген санаулы азаматтың бiрi – Рахымбердi Айтмырзаев. «Айткүл-Атақоныс» фермерлiк қожалығын басқаратын Рахымбердi Айтмырзаев жыл сайын егiстiк көлемiн ұлғайтып келедi. Биыл 51 гектарға күрiш еккен байырғы диқан ағымдағы жылы ауа райының күрiшке өте қолайлы болып отырғанын айтып қуанады.                

– Иелiгiмдегi 70 гектар алқаптың 51 гектарына күрiш, қалғанына мақта ектiм. 26 гектарға «Мұстахиллик», 25 гектарға «Лазер» тұқымын орналастырдым. «Лазер» тұқымы элиталық тұқым болып саналады, нарықтағы бағасы да қымбат. Осынау элиталық тұқымды егумен шұғылданып келе жатқаныма 4 жыл болды. Бiрiншi жылдары 5 гектарға, былтырғы жылы 12 гектарға ексем, биыл 25 гектарға ұлғайттым. Биылғы жылы өнiмдiлiк жаман емес. «Мұстахиллик» күрiшiнен әр гектарынан 75-80, «Лазерден» 60 центнерден өнiм алып жатырмын, құдайға шүкiр. Ендi бiрер күнде орым аяқталып қалады. Бiр сөзбен айтқанда, гектар түсiмi былтырғыдан бiршама жоғары, – дейдi Рахымбердi Айтмырзаев.     

Рахымбердi Айтмырзаевтың күрiштiгiне арнайы барып көрдiк. Бiтiк дәннен бастарын көтере алмай жатқан алқапта шетелдiк «Нью Холланд» комбайынымен салы орып жатыр екен. Белуардан келетiн алқапта қиналмастан зырғып жүрген заманауи техниканың әлеуетiне ерiксiз сүйсiнесiң. Егiн жинау ауқымы көлемдi, сонымен қатар өте сапалы жинайтын бұл техника күрiштен басқа арпа-бидай, жүгерi оруға ыңғайластырылған. Өзiн Айдар Самат деп таныстырған комбайн жүргiзушiсi тапсырыс бойынша облыстағы барлық аудандарға барып жұмыс жасай беретiнiн айтты.         

– Өзiм Келестiң жiгiтiмiн. Қазығұрт, Бәйдiбек, Арыс, Шардара, Жетiсай, Мақтаарал аудандарына барып жиын-терiмге қатысамын. Биылға Шардара ауданы бойынша 200 гектардай күрiш алқабына тапсырыс алдым. Күнiне 20 гектарға дейiн алқаптың дәнiн орып үлгерiп жатырмын, – дейдi комбайншы жiгiт.    

Бұл техниканың өнiмдi сапалы жинайтынына қырмандағы сары алтындай жарқырап жатқан күрiш дәндерi дәлел болса керек. Ұзыната ауылындағы «Жәнiбек» қожалығының төрағасы Мұратбек Нұрпейiсов әрiптесiнiң қырманындағы шөп-шаламсыз, тап-таза болып жатқан күрiш салысын көрiп, тамсанбай қала алмады.

– Мынау комбайн шынында сапалы, төкпей-шашпай жинайды екен, - дейдi күрiш дәндерiн қолына алып қараған Мұратбек Айтуұлы. – Мен биыл 15 гектарға «Мұстахиллик» тұқымын егiп, 60 центнерден өнiм алдым. Әрiптес досым Рахымбердi қызылордалық диқан-дармен байланыса отырып, элиталық сортты ауылға әкелiп, көбейтiп жатыр. Негiзiнен, Шардараның жерi күрiш егiсiн дамытуға аса қолайлы аймақ деп үнемi айтып келемiн. Себебi,  кезiнде осы 6 совхоздың ирригациялық жүйесi күрiш егуге арналып жасалынды. Оның үстiне мол судың басындамыз, ал, Қызылорда Сырдарияның төменгi ағысында орналасқан. Шаруаларымыздың жағдайы түзелiп келе жатыр, ендi күрiшке шындап бет бұратын кез келдi. Оның үстiне мақтаның қазiргi жағдайын ел көрiп отыр...

Рахымбердi Айтмырзаұлы былтырғы жылы 350 тонналық қойма салып алды. Қырманда кептiрiлген күрiш салысы бiр жұмадан соң сол қоймаға жиналады. Дән әбден сақырлап кепкен соң диiрменге тартылып, сатылымға шығарылады. Бұл шаруашылықтың өнiмдерi өзiмiздiң облыс пен Қызылордаға, Өзбекстан республика-сына шығарылады. «Мұстахиллик» тұқымы салы күйiнше бiр келiсi 90-100 теңгеден көтере бағасына өткiзiлсе, диiрменнен ақталған таза күрiшi 200-250 теңгенiң көлемiнде, ал, «Лазер» күрiшi 300-350 теңгенiң көлемiнде өткiзiледi. Рахымбердi ағамыз өзiнiң  қожалығында өндiрiлген өнiмнен елге дәм ауыз тигiзiп отыруды ұмытпайды. Ардагер ұстаз, ауданның Құрметтi азаматы Райхан Қарабаева:

– Осы өңiрдiң азаматы болғандықтан Рекең елдiң жағдайын жақсы бiледi. Мен ұзақ жылдар бойына «Ұзыната» жалпы орта мектебiнде басшылық қызмет атқардым, одан ауылдағы балабақшада меңгерушi болып жұмыс iстедiм. Сол кездерi Рахымбердi Айтмырзаев озат оқитын тұрмысы төмен отбасы балаларына стипендия берiп отырды. Балабақша-мызға да «кеусен жеңiздер» деп күрiш әкеп тастайды. Одан бөлек ауылдағы қарияларға, басқа да балабақшаларға күрiш таратып жүрген қайырымдылық шараларын жұртшылық жақсы бiледi. Елжанды азаматтың мұндай қасиеттерiн қалай айтып өтпеймiз. Жасаған жақсылығы Алладан қайтсын, қырма-нына береке толсын, – дейдi Райхан Қарабаева.

Шағалалы өңiрде биылғы жылы жалпы 59300 гектар алқапқа әртүрлi дақылдар орналастырылды. Оның iшiнде шиттi мақта 18225 гектарға, ескi және жаңа жоңышқа 18525 гектарға, бақша дақылдары 10338 гектарға, күзгi бидай 1089 гектарға, жаздық арпа 1648 гектарға, дәндiк жүгерi 3000 гектарға, сүрлемдiк жүгерi 3608 гектарға, картоп 250 гектарға, көкөнiс 600 гектарға, маш 598 гектарға егiлдi. Негiзгi өнiмдердi жинап алған диқандар қазiргi уақытта мақта мен күрiш өнiмдерiн қара суыққа қалдырмай жинап алу үшiн уақытпен санаспай еңбек етуде. Күрiш дақылы туралы сұраған мәлiме-тiмiзге аудандық ауылшаруашы-лығы бөлiмiнiң басшысы Талғат Әлiмқұл:

– Дәл бүгiнгi таңда аудан бойынша егiлген күрiштiктiң 96,4 пайызы орылып,  9743 тн өнiм алынды. 1 га күрiштiктiң өнiмдiлiгi 71,2 ц болуда.

2019 жылы 1350 га жерге күрiш егiлiп, 9612 тн өнiм алынған болатын. 2020 жылы былтырғы жылмен салыстырғанда күрiш егу жер көлемi 69 гектарға артты, 2021 жылға 1560 га жерге егу жоспарлануда. Орақ науқаны аяқталғанша күрiштiктен 10103 тн өнiм алу жоспарда бар. Егiн орағын осы айдың 20-қазанына дейiн толық аяқтаймыз деп отырмыз. Күрiш егiлген алқаптар жердiң сорын кетiрiп, арамшөп-тердi жоятынын диқан қауым жақсы бiледi. Бұл дақыл жердiң мелиоративтiк жағдайын жақсар-тып, құнарлылығын арттырады, ауыспалы егiске байланысты егiлетiн басқа ауыл шаруашы-лығы дақылдарына қолайлы жағдай жасайды. Ауданда жиналған күрiш өнiмдерi Ауғанстан, Өзбекстан республикаларына, республикамыздың өзге облыстарына және аудан тұрғында-рына сатылып жатыр. Ауданда қазiр 2 күрiш өңдейтiн диiрмен жұмыс жасайды. Оның бiрi қалада ашылған болса, екiншiсi Алатау батыр ауылындағы Ержан Қарабаевтың «Ырыс – 2017» ауылшаруашылығы өндiрiстiк коопера-тивiнде ашылған, – деп жауап бердi.

К.ҚҰЛЫМБЕТТЕГI.