Құрметті шардаралықтар,
қадірменді жерлестер!
Сіздерді Шардара ауданының 60 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз!
Аудан құрылған алғашқы жылдары бұл аймақ энергетиктердің, құрылысшылар мен мелиораторлардың мекені болды. Көп ұзамай-ақ Шардара су электр стансасы, құрылыс материалдар комбинаты, жөндеу-механикалық зауыты, нан зауыты, астық қабылдау мекемесі секілді өндіріс, өнеркәсіп орындары және білім мен мәдениет мекемелері жұмыс істей бастады. Қызылқұм өңірін игеруші ардагер ағаларымыздың еңбегінің арқасында бүгінгідей шалқар теңізі бар Шардара қаласы бой көтерді. Шардара су электр стансасының құрылысы басталған тұстан еліміздің түкпір-түкпірінен келген түрлі ұлттың өкілдері Шардара қаласының өсіп-өркендеуіне сүбелі үлестерін қосып, жапан далаға тіршілік бітірді.
Шардара қаласында 1967 жылы 15 қазанда сыйымдылығы 5 млрд. 700 млн. текшеметр болатын Шардара су қоймасы мен су электр стансасының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
Қойнауы малға толған Қызылдың құмы мен ұланғайыр суармалы алқап аудан халқының бірден-бір тіршілік көзі болып табылады. Өз алдына шаңырақ көтеріп, аудан болып құрылғанына биылғы жылы 60 жыл толып отырған Шардараны кезінде күллі Кеңес Одағы таныды. Әрине оны танытқан ынтымағы мен ауызбірлігі жарасқан халықтың еңбекқорлығы еді. Құрыш білекті құрылысшылардан басқа күріштен күмбез тұрғызған майталмандар, мал шаруашылығын өркендетуде озық көрсеткіштермен аты шыққан малшы қауым, барлығы да ауданның өсіп-өркендеуі үшін жан аямай еңбек етті. Тың игеру жүмысы небір мықты мамандарды шыңдап, қанаттандырып ұшырды.
Шардара ауданы өзінің 60 жылдық тарихында талай белестерді артқа қалдырып, бүгінгі таңда қарқынды дамып келе жатқан аудандардың қатарында. Ауданымыздың бет-бейнесі күннен-күнге өзгеріп келеді. Қала мен ауылдық округтерде жаңа тұрғын үйлер, көптеген әлеуметтік нысандар бой көтеруде, көшелер мен саябақтар абаттандырылуда.
Кең көлемде аталып отырған іс-шараның мақсаты – келешек ұрпаққа тарихи жәдігерлерімізді насихаттап, туған жерін, туған елін сүюге, дәріптеуге шақыру. Жастардың жарқын болашағы, елдің бақытты ертеңі үшін жастық жалынын, ерік-жігерін аямай қызмет еткен ардагер ағалардың ерен еңбегін келер ұрпақ ұмытпақ емес.
Құрметті шардаралықтар!
Баршаңызды ауданның 60 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз. Мерейтой құтты болсын!
Ізгі ниетпен, аудан әкімі
Арман ҚАРСЫБАЕВ,
аудандық мәслихат төрағасы
Бұлтбай МҮТӘЛИЕВ.