Қадірлі жерлестер!

Құрметті шардаралықтар!

 Сіздерді Шардара ауданының құрылғанына 60 жыл толған мерейлі мерекесімен аудандық ардагерлер кеңесінің атынан шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер!

Баршаңызға белгілі, шағалалы Шардараның жаңа тарихы Қызылқұм алқабын игеруден басталады. Өткен ғасырдың орта шенінде СОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесі арнайы қаулы қабылдап, соның негізінде Шардара су қоймасының іргесі қалана бастады. Жаушықұм алқабына 1958 жылы алғашқы қада қаққан құрылысшылар тұрағы әуелі Сырдария поселкесі атанса, арада 10 жыл өткенде ауқымы ұлғайған елді мекенге қала мәртебесі беріліп, Шардара қаласы болып аталды.  Кешегі топырағына түрен түспеген Қызылқұм мен Жаушықұм арасындағы жазық дала құрыш білекті құрылысшылар мен алтын қолды диқандардың, таяғы құтты малшы қауымның  ерен еңбектерінің арқасында көз тартатын ғажайып мекенге айналып шыға келді. Еліміздің түкпір-түкпірінен Бүкілодақтық екпінді құрылысқа келген, тілі басқа – тілегі бір, жүзі басқа – жүрегі бір алуан түрлі ұлттар мен ұлыстардың өкілдері өздерінің қасиетті парыздарын абыроймен орындап шықты. Гүлденіп-көркейген Шардараның әрбір нысанында жанкешті еңбектерінің жарқын қолтаңбаларын қалдырды.  Осылайша Қызылқұм алқабын игерудің арқасында сыйымдылығы 5,2 млрд текшеметр су қоймасы, қуаттылығы 100 мегаватт су электр стансасы,  60 мың гектардан астам суармалы, 1 млн гектар жайылым жері бар Шардара ауданы өмірге келді.

«Еңбек ер атандырады» демекші, 60 жылдық тарихында Шардараның мақтанышына айналған тұлғалы азаматтардың қатары көптеп табылады. Атап айтар болсақ, Кеңес Одағының Батырлары Сейітқасым Әшіров пен Абылай Әлімбетов, Социалистік Еңбек Ері Қадырбек Маханов, Оңтүстіктен шыққан жалғыз Халық Қаһарманы Мәулен Қалмырзаев, күріш өсірудің майталмандары болған Сырбек Кәттабеков, Нартай Сапаров, «Даңқ» орденінің толық иегері Перуза Өтемісова есімді аға буын өкілдері ауданның ғана емес республиканың мақтаныштары болды. Ауданның тұңғыш басшысы – аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Тілеуберген Тумышевтен бастап, әр жылдары ауданға басшылық жасаған Қауысбек Тұрысбеков, Әштар Жолдасов, Лесбек Бекжанов, Орынбай Рахманбердиев, Құлбек Қадырбаев, Өтеғұл Түгелбаев, Өстемір Тілегенов, Зәуірбек Салықбаев, Кенжехан Төлебаев, Байділдә Жылқышиев, Әуелхан Тұрғымбеков, Әлішер Есіркепов, Абдулла Ахметов, Серік Ибадуллаев, Марғұлан Марайым, Қамытбек Айтөреев, Арман Абдуллаев, Болатбек Қыстауов, Қайрат Жолдыбай  сынды  Шардараның әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуіне  өзіндік үлестерін қосқан азаматтарды жұртшылық әруақытта да құрмет тұтады.

Президентіміздің бастамасымен өткен аудан әкімдерін сайлаудың қанатқақты жобасы біздің облысымыз бойынша 4 ауданда өткізілген болса, соның бірі болып Шардара ауданы таңдалған еді. 2023 жылдың 5 қараша күні өткен сайлауда аудан тұрғындары бірауыздан даңқты спортшы, Шардараның төл перзенті Арман Қарсыбаевқа дауыс берді. Артта қалған екі жылдың көлемінде Арман Романұлы ауқымды шаруаларды жүзеге асыра білді. Өзінің сайлауалды бағдарламасында көрсетілген құм ішіндегі Тастанбек құдығынан  таза су тарту бағыты бойынша алғашқы құрылыс жұмыстары басталып, қуанышқа кенеліп отырмыз. Ауданды абаттандыру, тұрғын үймен қамту жұмыстары бұрын-соңды болмаған қарқынмен жүргізілуде. Біздің ардагерлер қауымы аудан әкімінің бастамаларымен жүзеге асып жатқан барлық іске ағалық ақылмен қолдау білдіре беретін болады.

 Шардара аудандық ардагерлер кеңесі 21 бастауыш ұйымына топтасып, елдің бірлігі мен ынтымағын сақтауда, жас ұрпақ тәрбиелеуде аянбай еңбек етіп келеді. Ауданда ғұмыр кешетін 7000-нан астам зейнеткерлер Шардара топырағында болған екпінді құрылыс жұмыстарына белсене қатысып, қазіргі таңда өздері қолмен құрған ғажайып мекенде бақытты ғұмыр кешіп отыр. Бейнеттің зейнетін көріп отырған осынау қариялардың Қызылқұм тыңын игеру кезіндегі атқарған ұлы істерін бүгінгі өскелең ұрпақ ұмытпауы тиіс деп ойлаймын.

 Ауданның 60 жылдық мерейтойы өткен тарихымызды тағы бір түгендеген, ұланғайыр істерді жүзеге асыруда ерен еңбектің үлгісін көрсеткен ардагерлерді ұлықтаған шара болып есте қалатын болды. Мереке тағы да құтты болсын, ағайын!

Тоқсанбай БЕРДІБЕКОВ,

Шардара аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы,

Түркістан облысының Құрметті азаматы.