Шардара ауданының 55 жылдығы мен “Жастар жылына” орай аудан әкiмiнiң орынбасары Б.Шомпиев пен аудандық iшкi саясат бөлiмiнiң басшысы О.Қалшабекова жастармен кездестi.

“Жастар- қоғамның қозғаушы күшi және белсендi тобы” атты тақырыппен өткен кездесуге мектеп оқушыларынан бастап, жас буын саналатын бiрқатар белсендi жастар қатысты. Жиын барысында жастар тарапынан бiрнеше сауалдар қойылды. Оның iшiнде: ағылшын курстары көптеп ашылса, жаттығу залдарын салсақ, жастарға арналған мәдени, рухани iс-шаралар және мектеп бағдарламасында қосымша дәрiстер көптеп өтсе деген iзгi тiлектерiн жеткiздi.     Сонымен қатар, жастар арасындағы құқықбұзушылық, жеке бас проблемалары секiлдi жалпылама мәселелер талқыланды. Аудан әкiмiнiң орынбасары Бауыржан Қуанышбайұлы көпшiлiк тарапынан айтылған пiкiрлердi тыңдап, жастардың қолдауына ие болған бiрқатар ұсыныстарды iс жүзiнде жүзеге асыруға сөз бердi.

Шара барысында, кеше ғана елдiң қабырғасын қайыстырған “Арыс” оқиғасына атсалысып, құрылыс жұмыстарына орасан үлес қосақан Е.Мықтыбекұлы, М.Сапаралыұлы және М.Мадиханұлы есiмдi аудан жастары аудан әкiмiнiң алғыс хатымен марапатталды. Оған қоса көптеген шараларда белсендiлiк танытып жүрген бiрнеше жастарға Алғыс бiлдiрiлдi.

Жиын соңында жастар қаламыздың көркiне көрiк қосып, көгалдандыру мақсатында Б.Саттарханов атындағы саябаққа барып, ағаш отырғызды.

Рүстем Ерғалиұлы