Мен Құдайбергенмен 1980 жылы қызмет бабымен Шардараға келген кезден таныспын.

Өзiм аудандық iшкi iстер бөлiмiнде қызмет атқарғаныммен журналистер қауымымен де тығыз байланыста болдым. Өйткенi мен де журналистпiн. Алматыдағы Қазақ ұлттық университетiнiң журналистика факультетiн бiтiрiп, Отырар аудандық газетiнде жауапты хатшы қызметiн атқарғаным бар. Қосымша заңгерлiк мамандық алып, iшкi iстер органына жұмыс ауыстырғанмын.

Мұнда келген соң аудандық газетте қызмет атқаратын жiгiттермен танысып-бiлiстiк. Нұрлан Ыбыраев, Оңалбай Еспанов, Оңласын Төлегенов, Құдайберген Өтешов және өзге жiгiттермен жақыннан танысып, аралас-құралас болдық. Жас шамамыз да қарайлас болатын. Нұрлан ағамыз ұзақ жылдар бойы аудандық «Өскен өңiр» газетiнде редактордың орынбасары болды. Оңалбай, Оңласын, Құдайбергендер бөлiм меңгерушiлерi едi. Сол кездерi-ақ жұптары жазылмай жүретiн соңғы үшеуi өкiнiшке орай, қазiр арамызда жоқ. Бiрiнен соң бiрi мәңгiлiк сапарға аттанып кете барды.

Құдайбергеннiң қаламы қарымды журналист екендiгi сол кездерi белгiлi едi. Арқалы ақын болатын. Менiң 2-3 жас үлкендiгiмдi ескерiп, Есаға дейтiн. Ақындық мiнезiне салып еркелеп тұратын. Кей күндерi жұмыс орныма соғып, өлең-жырлар оқитын. Әңгiме-дүкен барысында оның қандай да бiр саясаттан, сайқал мiнез, қитұрқылықтан ада адам екенiн байқайтынмын. Өмiрiнiң соңына дейiн сол мiнезiмен өттi. Құдайбергендi сондай адалдығы үшiн сыйлайтынмын.

2010 жылдың соңында бұған дейiн «Өскен өңiр» кейiн «Шардара тынысы» атанған бұрынғы аудандық газет белгiлi бiр себептермен жабылды да, орнына 2011 жылы «Өскен өңiр» атауын қайта иемденген жаңа газет ашылды. Мен осы басылымға 2019 жылдың наурызына дейiн басшылық еттiм. Осы жылдар аралығында Құдайберген Ерсейiтұлымен қоян-қолтық қызметтес болдым.

Жұмыста әбден ысылған, тәжiрибелi тiлшi қандай тапсырма болмасын тап-тұйнақтай орындайтын. «Тақырып – жарты мақала» демекшi, мақалаға тақырып тауып қоюға шебер болатын. Газетке шығатын авторлардың өлең-жырларын сүзгiден өткiзiп, әрбiр жырды «жонып», «жал-құйрығын күзеп», номерге дайындап қояды. Ұрымтал сәтi келгенде, жариялай қоямыз.

Жалпы, ақындар сезiмнiң адамы ғой. Сондай бiр шалқыған сезiм үстiнде елiне, халқына, ағаларына еркелеп қояды. Құдайберген де солай едi. Бiз оған барынша түсiнiстiкпен қарадық. Жұмыстан қалмай келiп тұруы үшiн түрлi амалдар жасадық.

2015 жылдың аяғы болса керек, мен оған шындап ашуланған кейiп танытайын деп ойладым. «Жұмысты қоя ғой»-дедiм. Ұжымның жиналысына қатыстырмай қойдым. Бiр аптадай алдыма келсе де сөйлеспей жүрдiм. Бiрақ сырттай бақылап жүремiн. Жұмысқа келедi. Жазған-сызғандарын орынбасарым Сәбит Лахановқа тапсырып кетедi. Менiң ойымды ол да бiлмейдi. Сәбит: «Есаға, Құдекеңнiң материалдарын салайын ба?»-дейдi. Сала бер,-деймiн. Сөйтiп жүргенде Тәуелсiздiк мерекесi де келдi. Қызметтестердi 3-4 күндiк демалысқа шығарып салып, кабинетiмде оңаша отырғанымда, Құдайберген кiрдi де бiр жапырақ қағаз тастап, қайтадан шығып кеттi. Ләм-мим демедi. Сөйтсем, қағазда төмендегi жыр шумақтары жазылған екен.     

«ЖАҢА  ЖЫЛДА  ЖҰМЫСҚА  ҚАБЫЛДАҢЫЗ

немесе басылым басшысы Ес-ағаңа есеп беру

Қалмаған соң жыр жаздым түк амалым,

О дүниең де жақын тұр бiр-ақ адым.

Тұрған соң ба туған жер тұрағы әзiр,

Аттың басын о жаққа бұра алмадым.

 

Қалт-құлт етiп жүрсем де құламадым,

Құп алмасың белгiсiз, құп аларың.

Жаңа жылда тәртiптi тiлшi болам,

Ең соңғы рет Сiзден сол – сұранарым.

 

Не iстесем де әйтеуiр ұнамадым,

Қатты айтқанын қатынның құп аламын.

Басылымға басшысыз байып берер,

Мән-маңызын бiлiңiз бұл оданың.

 

Тағы да бiр сынға сап ақыныңды,

Жан еткейсiз ел етер атын үлгi.

Жаңа жылда жұмысқа қабылдаңыз,

Қуантайын қос ұл мен қатынымды.                     

Сәлеммен – Құдашың.     15.12.2015 ж.».

Ағынан ақтарылып тұрған ақынға не дерсiң? Демалыстан келген соң Құдайбергенге: «Жұмысыңды жалғастыра бер»-дедiм. Екi көзi күлiмдеп, қуанып кеттi. Содан көпке дейiн тәртiп бұзбай жұмысын жалғастырды.      

Құдайбергеннiң көзi тiрi болғанда биыл 63 жасқа толар едi. Мiнезi жiбектей ақын 60-қа толар шағында арамыздан кете барды. Алланың үкiмi солай болса, амал бар ма? Артында қалған жары Нәзипаға, ұл-қыздарына құдай өмiр берсiн деп тiлеймiз.           

Есенбай Бейсенбиев,

аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы, «Өскен өңiр» газетiнiң 2011-2019 жылдары аралығындағы бас редакторы.