Өзiнiң бүкiл саналы ғұмырын елiмiздiң ертеңi саналатын шәкiрттерге сапалы бiлiм, саналы тәрбие беруге жұмсаған ұрпақтың ұлы мұраты жолында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен осы бiр жаны жайсаң, ақ жүректi жан жайлы көптен берi мақала жазу ойымда жүрген болатын. Ол кiсi Медеу Әшiмбеков ағамыз болатын.

Мiне, соның сәтi ендi түсiп отырғандай. 1935 жылы 5 желтоқсанда бұрынғы Шымкент облысы Черноводск разъезiнде дүние есiгiн ашқан Әшiмбеков Медеу ағамыз сол кездегi елiмiздiң басына түскен ауыртпалық, ашаршылық және Ұлы Отан соғысының қанды қырғын жылдары мен соғыстан кейiнгi ауыр өмiрдi қаршадайынан көрiп өстi. Медеу ағаның балалық шағы өкiнiшке орай оған мамыражай шуақ күндердi сыйлаған жоқ. 1948 жылы сол жердегi “Қызыл октябрь“ бастауыш мектебiнде қабылданды. 13 жасында мемлекеттiк балалар үйiне тәрбиеленуге кеттi. Содан болар ол кiсi ерте есейдi, қиындыққа мойымай қайраттанып, шыңдалды. Өзiнiң бала кезгi арманы - ұстаздық кәсiптiң тiзгiнiн ұстау едi. Ленгiр қаласындағы орта мектептi бiтiрген соң қайтсем де мұғалiм болам деп алдына мақсат қойған жас талап Түркiстан қаласындағы мұғалiмдер даярлайтын училищеге оқуға түстi. Еңбек жолын Киров аудандық бiлiм бөлiмiнiң нұсқауы бойынша Киров бөлiмшесiндегi 8 жылдық мектепте мұғалiм болып бастады. Бiр жылдан соң, яғни, 1959 жылы Медеу ағайдың Шардара ауданындағы еңбек жолы басталды. Осы жылы Көксу ауылындағы мектепке бастауыш сынып мұғалiмi болып қызметке орналасты. Мiне, содан зейнетке шыққанша осы бiлiм ошағынан табан аудармай қызмет атқарып, сан мыңдаған шәкiрт жүрегiне бiлiм сәулесiн жаға бiлдi. Сол мектепте жүрген кезiнде (1961-1964 жылдар аралығында) әскер қатарына шақырылып, отан алдындағы борышын өтеп қайтты. 1964 жылы Көксу ауылындағы 8 жылдық мектепке қайта келiп жұмысын жалғастырды. Училищеде алған бiлiмiнен ұзаққа бара алмайтынын сезiнген Медеу аға Шымкент қаласындағы қазiргi М.Әуезов атындағы педагогикалық институтқа оқуға түсiп, бiлiмiн арттырды. 1968 жылы мектеп жанынан ашылған интернатта тәрбиешi, содан соң меңгерушi болып жұмыс атқарды. Осы С.Ерубаев атындағы жалпы орта мектепте тарих пәнiнiң мұғалiмi, директордың тәрбие iсi жөнiндегi орынбасары және оқу iсiнiң меңгерушiсi қызметтерiн атқарды. 1987 жылы мектептiң директоры болып тағайындалды. Директорлық қызметтi 10 жыл үздiксiз атқарып, 1997 жылы зейнеткерлiкке шықты.

Мәкең зейнеткерлiкке шыққанымен, ол өзiнiң 40 жылдық ғұмыры өткен мектеппен үнемi байланыста болып, бiздерге ақыл-кеңесiн берiп, үлгi көрсетiп отырды. 40 жылдық ұстаздық қызметiнде мыңдаған шәкiрттердiң қанатын қатайтып ұлы өмiрге жолдама бердi десеңiзшi. Ол кiсi бiтiрткен шәкiрттерi Қазақстанның түкпiр-түкпiрiнде есiмдерi көпке танымал азаматтар, ғылым мен өнер жұлдыздары, қоғам қызметкерлерi болып қызмет атқаруда. Шәкiрттерiнiң алды зейнеткерлiкке шығып, Мәкеңдi қуантып отыр. Атап айтсақ, Шардара ауданының әкiмiнiң орынбасары Байтұрғанов Тұрсынқұл, Сарыағаш ауданында сот төрағасы болып қызмет атқарған Балғынбаев Жақсылық, облыс әкiмiнiң орынбасары қызметiн атқарған Әбiшов Ислам, белгiлi ақын, жыршы, термешi Айдаров Әбдiғаппар, сазгер Лесбек Аманов, Ақын Исахов Уәли Медеу Әшiмбековтен тәрбие алған азаматтар. “Еңбек ер атандырады, Бақытқа бөлейдi“ деп жатады халық. “Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға“ дегендей 40 жылға жуық ұстаздық қызметтiң талай суығын да, ыстығын да сезiнiп, оған төзе бiлген ұлағатты ұстаз бiлiктiлiгi, көрегендiгi болар, мектептiң барша ұстаздары әлiге дейiн “бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығарып“ ұйымшылдықтың үлгiсiн көрсетiп келедi. Мектептегi ұстаздардың Мәкеңе деген құрметi шексiз. Қазiргi таңда ауыл биi. Бiрнеше аудандық, облыстық, ҚР Бiлiм басқармасының марапаттарымен марапатталған. Ардагер ағамыз жұбайы Саламат екеуi ұл-қыз тәрбиелеп өсiрiп отырған отбасы. Осы ұл-қызынан немере-шөбере сүйiп отырған жанұя бүгiнде керегесi кеңейiп, үлкен шаңыраққа айналған. Сөзiмнiң соңында, бiз, Әшiмбеков Медеу ағамызға денсаулығыңыз  мықты болсын, өмiрiңiз ғұмырлы болсын демекпiз.

 Бибiмариям Қарсақбаева, Саттар Ерубаев атындағы жалпы орта мектебiнiң директоры.