Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ағымдағы жылдың 2 қыркүйегiндегi “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуiнiң негiзi” атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында “Халық құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасына ерекше назар аударды. Ондағы басты мақсат халықпен тiкелей байланыс орнату болып табылады.
Осыған байланысты мемлекеттiк органдарда республикалық бiрыңғай азаматтарды қабылдау күнi (ашық есiк күнiн) биылғы жылғы 21 қарашада өткiзу жоспарланды. Осы күнi барлық деңгейдегi әкiмдер тұрғындарды жеке өтiнiштерi бойынша қабылдады.
Аудан әкiмiнiң қабылдауында болып, тұрғын үй мәселесi бойынша өтiнiшiн айтқан Кенжегүл Құлданбаеваға аудан әкiмi Қайрат Жолдыбайұлы тұрғын үй кезегiне халықтың әлсiз тобы санаты бойынша №552 кезекке тiркелгендiгiн, бұл кезек ретiмен оң шешiмiн табатындығын, қазiргi таңда мемлекет азаматтардың тұрғын үй мәселесiн шешу бойынша ұзақ мерзiмге төмен пайызбен “7-20-25” және “Бақытты отбасы” тағы басқа да мемлекеттiк бағдарламалар әзiрленiп, бюджет тарапынан тұрғын үй салуға көмек берiлетiндiгiн түсiндiрдi. Ал Айгүл Әбдiқадiроваға Заңға сәйкес бюджеттiк мекеме қызметкерi ретiнде коммуналдық тұрғын үй кезегiне тұруға құқылылығын, ол үшiн ХҚКО-на жүгiнiп, тиiстi құжаттарын тапсыру керектiгiн айтты. Алатау батыр ауылдық мәдениет үйiнiң меңгерушiсi Бағлан Айнабековаға Алатау батыр ауыл округiнде коммуналдық тұрғын үй салынбауына байланысты, үй берудiң мүмкiндiгi жоқтығын, бiрақ үлкен елдi мекен болғандықтан, алдағы жылдарда коммуналдық үйлер салу қарастырылатындығын түсiндiрдi.
Әл-Фараби көшесiндегi көпқабатты №9 үйдi жөндеу жұмыстарының сапасыз жүргiзiлiп жатқандығы жөнiнде айтқан Райхан Құлбаеваға үйдi жөндеу сапасы техникалық бақылаушы тарапынан және тапсырыс берушi бөлiм тарапынан бақылауға алынғандығын, ал Қарлығаш Әжiқабылова, Қалдыбек Бейсенов және Әзiр Жантурлеевтерге жол жөндеу жұмыстары мен қоқыс мәселесi 2020 жылдың бюджеттiк жоспарына енгiзiлетiндiгiн, көшенi жарықтандыру 2019 жылдың соңына дейiн аяқталатындығын айтты. Смайлов Ерлан, Алиева Тазагүл әлеуметтiк көмек, Бимұрзаева Гүлмира Әсем-ай мөлтекауданынан Ж.Жабаев мектебiне оқушыларын тасымалдауға көлiк ұйымдастыру қажеттiгi туралы өтiнiштерiне жауап берiп, отбасында мүгедек баласы бар көпбалалы ана Қожанбаева Гауһарға көпбалалы аналарға мемлекет үй салуға қаржы бөлгелi жатқандығын, алдағы жылы салынатын үйлерден кезегiне қарай үй бөлу қарастырылатындығын, жұмысқа орналасу үшiн аудандық жұмыспен қамту бөлiмiне арыз жазып, тiркелуi қажеттiгiн түсiндiрдi. Көксу ауылынан өтiнiшпен келген Мұсалиева Райгүлдiң жергiлiктi әкiмдiк балалардың оқуға түсуiне грант бөле ала ма, ауызсу, газдандыру, Ендiбаев көшесiне жөндеу жұмыстарын жүргiзу жөнiндегi сұрақтарына нақты жауап берген аудан әкiмi Қайрат Жолдыбайұлы Райгүлдiң ауданда өткiзiлген жер телiмiн аукционмен сатуда әдiлетсiздiк болды деген сұрағын саралап, зерделеп шешу жөнiнде аудан әкiмiнiң орынбасары А.Тәженовке тапсырма бердi.
Жалпы осы күнi аудан әкiмiнiң қабылдауында 30-ға жуық адам өз өтiнiштерiмен кiрiп, тиiсiнше жауап алды. Аудан әкiмiнiң орынбасарлары мен мекеме басшыларына қабылдауға келгендердiң сауалдарына орай көмек көрсету бойынша тапсырмалар берiлдi.
Өз тiлшiмiзден.