«Ауданның Құрметті азаматы» және «Медицина саласының үздігі» атақтарының иегері, аудандық аурухананың дәрігері Пазылхан Мыңбаев ағамызбен әркез жолымыз түйісіп, әңгіме-дүкен құрып тұрамыз.

Өмірден көрген-түйгені мол ағамыз қай тақырыпта болса да суырыла сөйлеп, әсерлі әңгімесімен баурап алады. Сондай әңгімелесу барысында Пайызхан ағамыз Кеңес Одағының Батыры атағын екі рет иеленген әйгілі Талғат Бигелдиновпен қалай кездескені жайлы айтып берген болатын. Жеңіс мерекесі қарсаңында сол әңгімені назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Редакциядан.

Осынау өмірде, күні бүгінге дейін талай атпал азаматтармен қызметтес болдым, дос болдым, таныс болдым. Жасы үлкен ағалардан ғибрат алдым, үйрендім, құрдастарыммен ақтарыла сырластым, інілеріме білгенімді үйретуге тырыстым. Сондай сыйлас ағаларымның бірі – Орал Ақбердиев ағамыз. Осы кісі менің қазақтың батыр ұлы, атақты Талғат Бигелдинов ағамызбен танысып-білісуіме сеп болды. Оқиға былай болған еді.

Сол кезде, нақты айтсам 2000 жылы Орал ағамыз аудан әкімінің орынбасары еді. Кезекті демалысын алып, Сарыағашта демалып жатыр екен деп естідік. «Үлкен ағаның халын сұрау, жағдайын біліп, амандасу інінің парызы емес пе, ағамыздың жағдайын біліп қайтайық» деп қасымда Әмзе Әбілов, Серік Әндешбаев және Таған Әліпбаев бар, төртеуміз сәлем-сауқатымызды алып, Орекеңнің артынан бардық. Ағамызбен көрісіп, хал сұрасып, ішке кірсек Талғат Бигелдинов ағамыз отыр. Ол кісі де осында демалып жатыр екен. Сол күні Талғат ағаны Орекең қонаққа шақырыпты. Біз осы дастарқанның үстінен шықтық. Дастарқан басында 3-4 сағат сұхбаттас болдық.

Ақ көйлек, қара түсті костюм-шалбар киген ағамыздың жүзі нарттай, келісті екен. Танысып алған соң әңгіменің тиегі ағытылды.

Талғат ағамыз 1922 жылы 5 тамызда Ақмола облысына қарасты Қорғалжын ауданында дүниеге келген екен. Бірақ, кейіннен оның отбасы Қырғызстанның астанасы Бішкекке көшіпті.

Әкесі Жақыпбек 30-шы жылдары қиыншылық кезеңде ұжымшардан жалға жер алып, таудың етегінде пияз, жүгері егіпті. Талғат ағамыз еңбекке ерте араласты. Ол ауылда қазақ-қырғыз мектебі жоқ екен, атасы орыс тілін білмеген Талғатты 4 сыныпты татар мектебіне береді. Сөйтіп бала Талғат үйге келгенде қазақша сөйлеп, көшеге шыққанда қазақша түсінбейтін орыс балалармен ойнап, мектепке барғанда татарша оқып, сауатын ашады. Содан болар орысша да, татарша да таза сөйлей алады екен.

Талғат Бигелдинов жайлы көп кітаптар жазылды, қаншама мақалалар жазылды. Мен енді ол кісінің сол деректерге енбей қалған тұстарын айтайын.

Ағамыз училищеде оқып жүргенде майданға алынған екен. Он тоғыз жастағы бозбала майданға 1942 жылы Фрунзе қаласынан аттаныпты. Майданға түсе сала №13 ұшақ беріліпті. Он үш санының славьян халқы үшін қатерлі екені белгілі ғой. Ұшақ шұрық тесік дейді. Талғат ағамыз мінген де кеткен. Бірінші ұшуының өзінде майданның қалың шебіне өтіп кеткен ғой. Капитандары рация арқылы «Талғат, вернись, Талғат, вернись» деп айқайлап жатыр дейді. Талғат жауды көріп тұрып, қызып кеткен ғой. Жастық жігері тағы бар. Сонымен не керек, аман-есен оралған соң командирі жүгіріп келі, құшақтап тұрып: «Больше не повтори» депті.  

Сол күннен бастап Бигелдинов әскерилер арасында «ұшқыш танк» деп аталып кеткен «Илюша» ұшағымен көк жүзінде 500 сағат болыпты. 305 рет әскери шабуылға шығып, жау ұясы Берлинді алуға бірінші болып қатысқанын, бәрін-бәрін баяндап берді. Талғат мінген ұшақты жау жағы «Қара ажал» деп атаған екен. Талғат Жақыпбекұлы гитлерліктердің маңызды стратегиялық базаларын жойған.

Әңгіме барысында ағамның үсті-басына зер сала қарадым. Оң қолының сұқ саусағы бірінші буыннан жоқ екен. Содан «Аспанға 305 рет көтерілгенде бірде-бір рет жараланбадыңыз ба?» деп қызығушылықпен сұрадым.

–Жоқ, – деді. – Ешқандай жарақат алған жоқпын. Қасымдағы әріптестерім де кейіндері өз ажалдарынан өмірден өтті.

–Ал мына жарақатты қалай алып жүрсіз? – дедім.

–Бұл жарақатты 1961 жылы алдым. Жақыпбектің шешесі (әжесі ғой) үйреткен сүресі бар еді. Қандай жағдай болмасын, әлгі сүрені оқымай ұшаққа отырмаушы едім. Майанда жарақат алмауыма сол сүренің септігі тиген шығар. Соғыс біткен соң да ұшқыш-сынақшы болып жүрдім. Кезекті бір сынаққа шығарымда сол сүрені тағы оқып болып, ұшаққа бет алғанда әлгі ұшақ жарылып кетті. Сол жарылыстан осы саусағым кесіліп қалды. Бұл жарақат содан қалған. Содан кейін елге оралдым, – деді ағамыз.

Кезекті әңгіме барысында дәрігерлік әдісіме салып, арқасын ұстадым. Жауырынның астындағы еттен адамның физикалық қуатын білуге болады. Арқасы тақтайдай екен. Қолым батпады. 

Менің байқаусыз тексеріп отырғанымды сезіп қалды да: «Ты врач что ли?» деді. «Ия» дегенім сол еді, сол қолын тізесінің үстінен алмастан маған қарап сілтеп қалды. Шегініп қалдым. «Қорықпа, бұл қол саған тимейді. Жастайымнан әскери самбомен шұғылдандым. Осы отырғанда мойын омыртқаны екі саусақпен шығарып жіберуге болады» деді. Таңданысымды жасыра алмадым.

Бір уақытта «Алтын жұлдыз» медалін ұстап көрдім. «Бұл көшірмесі» деді. «Түпнұсқасын жоғары деңгейлі кездесулерде тағамын. Бір рет үйден шығып келе жатқанда бір бұзақы дәрі иіскетіп, есімнен тандырып, орден-медальдарымды сыпырып алып кетіпті. Араға 6 ай салғанда табылды ғой» деп қояды.

Шай ішіп болған ас қайырып, бата жасап, ағамызды орнынан тұрғызбаққа қолтығынан ала беріп едім: «Керегі жоқ, өзім тұрамын» деп орнынан тік көтерілді. Сол кезде Талғат ағамыз 80-ге таяп қалған еді.

23 жасында екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын иеленген ағамыз елге оралған соң Жоғары Кеңестің депутаты болды. Әскери училищелерге есімі берілді, ескерткіштері орнатылды. Кейін өзі бал арасын асыраумен шұғылданыпты.

2014 жылдың 10 қарашасында атақты ұшқыш ағамыз дүниеден озды. Ол кісінің дүниеден озғанын радио-теледидардан естідім. Қабіріне топырақ сала алмағыныма осы күнге дейін өкінемін. Дегенмен, сондай қазақтың біртуар азаматымен аз да болса танысып-білісіп, сұхбаттас болғаным үшін тағдырыма ризамын.