Тәуелсiздiктiң тағы бiр таңы атты. Ол әдеттегiдей ерте оянды. Дайын дастарқаннан таңғы асын iштi де, егiстiкке асықты. Қазан айының алтын шапағы шашырап келедi. Егiстiктен ескен леп, жұпар иiс тынысын ашты. Денесi жеңiл тартты. Мақталық ауылдан алыс емес. Тез жеттi. Алқаптағы ақ ұлпалар қызықтырып көз тартады. Терiмшiлердiң алды келiп үлгерiптi. Жұмсақ мақтаны аялай уыстап, қапқа толтырып жатыр. Өнiм ойдағыдай. Гектарына 30 центнерден айналуда.
Бiздiң кейiпкерiмiз Жаңбырбай Таңбаев – Шардара топырағының жаңғырып, өсiп-өркендеуiне үлес қосқан, жаңа қоныстың қазығын қағып, шаңырағын көтеруге қатысқан тың игерушi азаматтардың бiрi. Жаңбырбай ағамен егiс басында жолықтық. Жасы жетпiстен асса да жауырынды, еңселi. Қимылы ширақ, сөзi нық. Аз-кем амандық, саулықтан соң, Жақаңның өмiрi,еңбек жетiсiтiктерi жайлы сыр тарттық.
– Шөл даланы халық игiлiгiне айналдыру үшiн көппен бiрге тер төгiп, күш-жiгерiмдi жұмсадым. Маңдай тер, адал еңбегiм далаға кетпедi. Рахат таптым. Атақ-абыройға бөлендiм. Алпысыншы жылдың басында Түркмениядан Шымкент облысы, Мақтаарал ауданына көшiп келдiк. Әке-шешем қарапайым еңбек адамдары. Мектеп бiтiрген соң, солардың iзiмен ауылда еңбек еттiм. Басшылар қандай тапсырма берсе, бұлжытпай орындадым. Үлкендердiң рахметiн есiтiп, алғысын алдым. Көп ұзамай механизаторлық курсты бiтiрдiм. Егiстiкке шықтым. Тәжiрибелi механизаторлардан ақыл-кеңес алып, техниканы игерудiң қыр-сырына машықтандым.
1965 жылы Шардарада тың игеру басталды. Қызылқұмның қойнауындағы медиен даланы игеруге асыққан жастардың қатарында Жаңбырбай да бар едi. «Қызылқұм» каналының жағалауныдағы қайнаған еңбек, жаңа құрлыс, ағылған көлiк қиялына қанат бiтiрдi. «Қоя ма өрт екпiн, келедi тер төккiң!» – деп, Төлеген ақын жырлағандай, бойындағы өрт екпiн, өршiл мiнез мылтықсыз майданның қайсар жауынгерiне айналдырды. Оның еншiсiне скрепер машинасы тидi. Бұрын таныс емес, алып көлiктiң тұтқасын ұстағанда алғашқы кезде толқығаны рас. Қуатты техниканың күшiмен егiстiк жердi дайындау аса жауапкершiлiктi қажет еттi. Ойлы-қырлы топырақты тақтайдай тегiстеу жас жiгiттiң шеберлiгi мен бiрге жауапкершiлiгiн де таразыға салды. Бiрақ ақ бесiктен қанына сiңген намыс күшi оны алға жетеледi. Жаңбырбай қатарынан қалмауға ұмтылды. Қайратты, кеудесi намыс пен жiгерге толы, ешқашан ерiнудi бiлмейтiн, елгезек жас жiгiттi өзi еңбек ететiн «Шардара құрлыс» басқармасына қарасты 10-жылжымалы мехколоннаның ұжымы аз уақытта-ақ құшағына алып, құрмет тұтты. Жас скрепершiлер арасынан комсомол-жастар бригадасы құрылып, оған жетекшiлiк жасау Жаңбырбай Таңбаевқа жүктелдi. Ол әрiптестерiн озаттар қатарынан табылуға жұмылдырды. Оның бригадасы еңбек бәсекесiнiң алдыңғы легiнен табылды.Самат Баймағанбетов,Қаржаубай Отаров, Әдiл Досалиев сияқты жас скрепер жүргiзушiлерi мен булдезершi Бөлекбай Төлебаев тағы басқалар бiр үйдiң баласындай, бiр бiлектiң саласындай ауызбiршiлiкпен еңбек еттi. Оның басқаратын бригадасы жеңiстен жеңiске жеттi. Сол кезеңдегi дәстүрге айналған тоқсандық, жылдық еңбек қортындысында ауыспалы қызыл Туды қолдан шығармады. Бригаданың ұйымшыл әрi iскер қимылына өзi әрдайым ұйытқы болып отырды
– Әле есiмде, – дейдi Жақаң жастық шағын еске алып,– 1974 жылы Жамбыл облысының Шу ауданында жетi облыстағы 14 iрi сушаруашылығы трестерiнiң 33 скрепершiсi «Главриссовхозсторйдың» таңдаулы шеберi атағын алу үшiн жарысқа түстiк. Жарыс шарты аса қатаң болды. Әрбiр скрепершi өзiне берiлген алқапты белгiлi бiр уақытта өңдеп шығуға және бiрнеше теориялық сұрақтарға жауап беруге тиiс.
Сонымен қатар өңделген топырақтың тегiстiгi алдын ала жасалған жобада көрсетiлгеннен жоғарыға, немесе, 5 сантиметрден артық ауытқымауға тиiс болатын.
Мен барлық талаптың үдесiнен шығып, жарыс жеңiмпазы атандым. Бұл жеңiс менiң қайратымды қайрап, жiгерiмдi жаныды. Ел алдында еңсемдi өсiрдi.
Жаңбырбай Таңбаев еңбекпен есейдi. Есiмi ерте танылды. Ауқымды жиындарға қатысты. Биiк мiнберлерден үн қатты. Атап айтқанда, Бүкiлодақтық жастар фестивалiне шақырылды. Мәскеуде өткен Бүкiлодақтық Коммунистiк Жастар Одағының съезiне қатысты. Ол 1975-1984 жылдары қатарынан төрт рет халық депутаттары аудандық Советiне депутат болып сайланды. 1975 жылы партияға қабылданды. 1974 жылы Бүкiл Одақтық Коммунистiк Жастар Орталық Комитетiнiң грамотасымен, 1976 жылы “Еңбек қызыл Ту” орденiмен тағы басқа да Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Жаңбырбай скрепер-машинасын әбден игерiп алған соң, аға-бауырларын да осы мамандыққа баулыды. Ағасы Жексенбай бригада механигi болса, соңынан ерген iнiлерi Қаржаубай, Ерсайын, Жылқыбайлар скрепершiлер қатарына өттi.
– Әрине, аптап ыстықта,аңызақ желдiң өтiнде шаң-топырақ жұтып, еңбек ету оңай емес. Апталап үй бетiн көрмейсiң. Алайда өзiң таңдап, қалаған iсiңнiң халыққа, болашақ ұрпаққа пайдасы тиiп жатса,абыройға бөлесе, қиыншылыққа төзесiң. Жасқануға, жалтаруға,шаршаған күнi, жалыққан мезетте қолыңды бiр сiлтеуге намысың жiбермейдi, – деп ағынан жарылады Жақаң терең ойға бөленiп. Ежелгi Сыр өзенiнiң сол жағасындағы өркендеген шаруашылықтарды, жайқалған егiндi, татымды табыс тауып қуанған ауылды көрiп, өскен-өркендеген ұрпақты көрiп қазiр шаттыққа бөленемiн. Жас кезiмде арқамнан қағып, ақыл-кеңесiн берген Тәңiрберген Ағманов, Әбдiкәрiм Ахметов, Бұхарбай Әдiлханов, Өстемiр Тiлегенов, Қуаныш Айтаханов, Зұлпықар Биболов, Полат Ермекбаев, Жүсiп Ералиев сияқты ел ағаларын есiме жиi аламын. Олар үлкен мекемелердiң басшылары болса да, жасы, деңгейi әлдеқайда үлкен болса да менiң болашағыма көп алаңдап, қамқорлық жасап,биiк шыңдардан көрiнуiме ықпал еттi. Әсiресе, «Шардара құрылыс» басқармасының партком хатшысы Әбдiкәрiм Ахметовтың биiк адамгершiлiгiн ұмытқан емеспiн. Ол кiсi қандай тапсырманы болсын алдын ала ақылдасып алатын. Алдына келген жаспен де, жасамыспен де жылы сөйлеп, оңай тiл табысып,тiлегi мен өтiнiшiн барынша қанағаттандыруға тырысатын. Жүзi жұмсақ ,мiнезi жайдары болғанымен, жұмыста жауапсыздыққа жол бермейтiн. Еңбегiңдi бағалауға,қарапайым еңбек адамына қамқорлық танытуға дайын тұратын едi.
Кезiнде атақты скрепер-машинист атанған, еңбегiмен ел құрметiне бөленген Жаңбырбай Таңбаев ағамыз бұл күндерi өзi тұратын елдi мекеннiң ақылшы ағасына айналды. Бастауыш ардагерлер кеңесiнiң төрағасы. Балалары Нұржан мен Баймұрат жеке кәсiбiн ұршықтай үйiрiп жүр. Жақаң да егiстiкке соғып, тәжiрибесiн бөлiсуден жалыққан емес. Жас кезiнде сонау Өзбекстан топырағынан жүрегi қалап, құдай қосқан жан жары Сұлу апай екеуi бақытты шаңырақтың иесi. Құлындай құлдырағанда немерелерi қуанышқа әрi алданышқа айналды . Алды ат байлауға жарап қалды. Мектептен келе салып, егiстiкке асығады. Шөберелерiнiң өзi мектепке дайын. Бүгiн де кештетiп оралғанда, көлiктен түсiп үлгермей, қылығы тәттi күшiктерi алдынан жүгiрiп шықты. Кең , жылы құшағына ұмтылды. Шөбересiн құшқан келiнi иiлiп сәлемiн салды. Заманның жаңғыруы, ұрпақтар сабақтастығы дегенiмiз осы емес пе?!
– Тәуелсiз елiмiздiң аспаны ашық, жұртымыз тыныш болсын. Бiрлiк пен татулықтың, адал еңбектiң арқасында жерлестерiмiздiң мерейi таси берсiн! –деп тiлегiн айтып, батасын бердi тың игеру майданының қаһарманы Жаңбырбай аға қоштасарда.
Нұрғали Ибрайым.