Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасау қажеттігін айта келе, 1 қаңтар күні жаңа кірген Барыс жылын «Балалар жылы» деп жариялады. Президент өз сөзінде: «Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі. Сол себепті келесі жылды "Балалар жылы" деп жариялау керек деп есептеймін», – деп атап көрсетті.
Біз осы ретте алдағы 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ауданымыздағы мақтаулы бөбекжайлардың бірі – «Әсел» балабақшасының тыныс-тіршілігіне шолу жасағанды жөн көрдік.
Достық ауылы аудан орталығынан 100 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан ауыл. Соған қарамастан ауыл тұрғындары ынтымақ-бірліктің нәтижесінде берекелі тіршілік етіп келеді. Кейбір салаларда оза шауып, бәйге де алып жүр. Мұндағы сондай үздік жетістікке жетіп жүрген мекеменің бірі –140 бала тәрбиелеп отырған «Әсел» бөбекжай балабақшасы.
Әңгімемізге арқау болып отырған «Әсел» бөбекжай балабақшасы 2015 жылдың 15 желтоқсаны күні күрделі жөндеуден өтіп, ел игілігі үшін пайдалануға берілді. Сонда ауылдан балабақша ашылғанына жергілікті тұрғындар өте қуанып қалған еді. Өйткені бірі жұмысбасты, бірі көпбалалы ата-аналар балаларының бір сәт балабақшаға баруын армандап жүрген-тін. Бөбекжай іске қосылған соң қуанбағанда қайтсін!
Балаларды бір сәтке бақытқа бөлеп отырған балабақшаны сол уақыттан бері білікті басшы, іскер ұйымдастырушы Жанабілова Гульвира Үсіпханқызы басқарып келеді. Өз ісіне берілген, мамандықтарын мақтаныш көретін жандардың еселі еңбектерінің нәтижесінде ашылғанына 6 жыл болса да, балабақша аудан бойынша алдыңғы қатарлы балабақшалар қатарынан көрінді.
Жүйелі жұмыстарымен жұртшылыққа жаққан балабақшада осы жылдар арасында 2 рет аудандық семинар (2019 жылы мектепке дейінгі ұйымдар арасында «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мазмұнын жаңарту жолдары» және 2021 жылы «Мектепке дейінгі мекемедегі жаңартылған білім беру мазмұны болашақта сапалы білім кепілі») өткізілді. Бұл жиындардың барысында ауданымыздағы өзге де балабақша ұйымдарының әдіскерлері мен тәрбиешілері «Әсел» балабақшасынан көп нәрсені көңілдеріне түйіп кеткен болатын. Семинарлардың, өзара тәжірибе алмасулардың мақтаулы мекемелерде өтетінін ескерсек, «әселдіктердің» араға екі жыл салып 2 рет семинар өткізуі олардың жұмысының деңгейін көрсетеді ғой деп есептейміз.
Қай салада болмасын жетістікке жетудің сыры неде? Біздіңше алдымен береке-бірлік, ұжымның татулығы. Онан соң мамандардың білікті болуы қажет. Аталған ұжымға бара қалсаңыз бір-бірін қолдап жүрген қызметкерлерді көресіз. Біреуі ашық сабақ немесе тәрбие сабағын өтер болса, өзгелері қолдан келген жәрдемдерін беріп жатады. Мұны ұжымның ауызбіршілігі деп ұқтық.
Кадр мәселесіне келсек, мұндағы балабақша қызметкерлері жыл сайын өз салалары бойынша білім жетілдіру курстарына жіберіліп отырады екен. Жаңартылған білім беру әдістемесімен жан-жақты «қаруланған» қызметкерлер оза шаппағанда кім оза шабады? Сондай ізденістердің, талпыныстардың нәтижесі болар, мұндағы әдіскерлер мен тәрбиешілер көптеген жетістіктерге жетіп, түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болып жатады.
Атап айтар болсақ, балабақшаның директоры Гульвира Үсіпханқызы 2019 жылы аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен «Мектепке дейінгі үздік басшы – жарқын болашақтың кепілі» атты аудандық байқауда бас жүлдені жеңіп алған. Сонымен бірге 2020-2021 жылдары жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие берудегі игілікті істері және ұлағатты ұстаздық жолындағы шығармашылық ізденістері арқасында өз шеберлігін, біліктілігін жоғары дәрежеде танытқаны үшін Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Мұндағы тәрбиешілер басшыларынан жақсы үлгі алған ба, олар да марапаттардан кенде емес. Екі бірдей тәрбиеші аудандық байқауда бас жүлдені иемденген. Анығын айтсақ, тәрбиешілер – Амантаева Әлия Мұратқызы «Үздік балабақша тәрбиешісі-2019» аудандық байқауында, Лакжаева Нұргүл Мұхтарқызы «Үздік балабақша тәрбиешісі-2021» аудандық байқауында бас жүлделерді иеленді.
Тағы бір тәрбиеші Қайыпова Ақболғын Қазықызы аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз» тақырыбында өткен 2022 жылғы аудандық мектепке дейінгі педагогтар арасындағы байқауда ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Мектепке дейінгі ұйымдар педагогтерінің «Заманауи дәстүрлі емес сурет салу техникасы» тәжірибесінен шебер-сыныбында балабақшаның тәрбиешісі Ә.Амантаева ІІ дәрежелі дипломмен, «Балалық шағымның шуақты биі» атты республикалық сырттай байқауда «Алтынай» би тобы мен жетекшісі Н.Лакжаева ІІ дәрежелі дипломмен, «Мектепке дейінгі ұйымның үздік педагогі» аудандық байқауында тәрбиеші Гүлнара Баянова ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталған.
Осындай өнерлі де білімді тәрбиешілерден тәлім алған балалар да түрлі байқауларда топ жарып жүр. Мысалы, Наурыз мейрамын тойлауға арналған «Шымырлық пен шеңберлік күні» шеңберінде «Ханталапай», «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» аудандық қолөнер байқауында балабақшаның тәрбиеленушісі Қоңырбай Айбол Асқарұлы (тәрбиешісі Мырзаева Гүлбану Әміржанқызы) ІІІ дәрежелі, Базарбай Айзада Бекзатқызы есімді қызымыз (тәрбиешісі Шакыева Баян Түлкебайқызы) ІІ дәрежелі дипломмен, «Балалар жылы» аясында мектеп жасына дейінгі балалардың интелектуалдық, шығармашылық қабілеттерін қалыптастыру мақсатында «Мен зерттеушімін» облыстық байқауына белсенді қатысып, тәрбиеленушілерді дайындағаны үшін тәрбиеші Г.Баянова Алғыс хатпен марапатталса, оның тобындағы тәрбиеленуші Қоблан Нұрғазы Ахметұлы І орынды жеңіп алды.
Келешегінен көп үміт күттіретін осы Нұрғазы есімді балақай жуырда ғана Шардара аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі «Балалар жылына» орай ұйымдастырған, қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын жас ұрпаққа үйретіп, ана тілінде сөйлеуді ұлттық мақтанышқа айналдыруға, Отанын, елін, жерін сүюге тәрбиелеу мақсатында өткен «Аттандық бала шақтан – болашаққа!» атты аудандық байқаудан бас жүлдені иеленді.
Мұнан бөлек аталған ұжым мемлекеттік, ұлттық мерекелерді ұйымдастыру бойынша да көштің алдында жүреді. «Алғыс айту күні», «8 наурыз мерекесі», «Әз-Наурыз», «Қазақстан халқының бірлігі күні», 7 мамыр, «Балаларды қорғаудың халықаралық күні», «Ата Заң күні», «Білім күні» секілді мерекелер мен мейрамдарды жоғары дәрежеде атап өтуді дәстүрге айналдырған. Аталған іс-шараларға балабақша тәрбиешілері ғана емес, балақайлар да белсене қатысады.
Өзіндік ізі, ауыз толтырып айтар көңілге қонымды ісі бар бүлдіршіндер ұясының жүйелі жұмысына ауылдағы ата-аналар да тәнті.
Бақшадағы тәрбие – бар ізгіліктің бастауы. Мықты білімнің берік іргесі. Ал, педагогикалық тәжірибесі озат тәрбие ошағы осы бағыттағы жұмыс қарқынын арттыра түспек. Біз оған сенімдіміз.
А.Нұрполат.