Қазақ көне заманнан сөзге шешен халық. Ата-бабаларымыз айтар ойын астарлап, тұспалдап айтуға келгенде алдына жан салмаған десек артық айтқандық емес. Кез келген қазақ екі ауыз сөзді ұйқастырып айта алған. Сондықтан да өзге халықтар қазақтар жайлы «Әу демейтін қазақ жоқ» деп баға берген.

Құдайға шүкір, бұл қазақ аузы дуалы ақындарға кенде болмаған. Әзір де кенде емес. Қайта қазіргі уақытта қазақ ақындарының деңгейі анағұрлым биіктеген сыңайлы. Ол топта біздің де жерлестеріміздің бар екендігі көңіл қуантады.

Ардагер ұстаз, өзіндік ойымен, өзіндік қарым-қабілетімен өзін өзгелерге таныта білген ақын, «Періште пейіл» жыр кітабының авторы, республикалық жыр мүшәйраларында топ жарып жүрген Нұрғали Ыбырайымды жерлестері әрдайым мақтан тұтады. Таяуда Қ.Тұрысбеков ауылдық мәдениет үйінде ақынның «Періште пейілді шайыр» атты жыр кеші өтті.

Шараның негізгі мақсаты – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тарихи және рухани мұрамызды сақтау, ана тілімізге деген қамқорлықты ұлғайту, ұлттық әдебиетке деген оқырмандар қызығушылығын арттыру, жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылығын дәріптеу болып табылады.

Жыр кешін ақын, осы басылымның бас редакторы Сәбит Лаханов жүргізіп отырды. Мазмұнды да мәнді кешке ақынның құрдастары, «Қазыбек Иса атындағы шығармашылық бірлестіктің» мүшелері, ауыл тұрғындары, мектеп оқушылары қатысты.

Кеш барысындағы жыр шашуларынан соң аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Шермұхамед Қаппаров, ақынның әріптес ағасы, ардагер ұстаз Махмұд Момынов, ақынның құрдастары атынан Үсен Қамбаров, Шара Тұрысбековалар сөз алып, ақынға деген ізгі тілектерін білдірді. «Қазыбек Иса атындағы шығармашылық бірлестіктің» мүшелері, ақындар – Әбдіғаппар Айдаров, Қанат Дауылбаевтар ақын ағаларына деген ыстық сезімдерін жыр жолдарымен білдірді. Ауылдас аға-інілер атынан сөз алған Әнуарбек Нысанов, Есенбай Күленбаев, Құдайберген Жүзеевтер Нұрекеңді әрдайым «біздің жерлесіміз» деп мақтан тұтатындарын атап өтті.

Кеш барысында мектеп оқушылары ақын ағамыздың жырларын жатқа оқыса, ақынның өзі тыңдарман тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріп, соңынан жалынды жырлар оқыды. Мәдениет үйінің әншілері мен домбырашылар үйірмесінің өнерпаздары әуелете ән салып, төгілдіре күй тартып, өнерсүйер қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Сөз реті кеп тұрғанда Нұрекеңнің өмір жолына қысқаша тоқтала кетсек артықтық болмас.

Нұрғали Сәкүнұлы 1955 жылы 16 қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара ауданының Шардара ауылында дүниеге келген. 1972 жылы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепті бітіріп, Қарағанды қаласындағы мемлекеттік университетке оқуға түсіп, аталған білім ордасын 1977 жылы аяқтап, филолог-оқытушы мамандығын иеленді.

Еңбек жолын Жезқазған облысы, Ақадыр ауданы, Абай атындағы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастады. 1978 жылы туған жеріне оралып, «Қызылқұм» орта мектебінде өз мамандығы бойынша еңбек жолын жалғастырды. 1982 жылы «Өскен өңір» газетіне мәдениет және әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып ауысты. 1986-1999 жылдар аралығында Шардара аудандық білім бөлімінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша әдіскер, әдістемелік кабинет меңгерушісі қазметтерін атқарды. 1999-2009 жылдары аралығында Құрманғызы атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарды. 2009 жылдан зейнетке шыққанға дейін А.Иманов атындағы жалпы орта мектепке басшылық етті. ҚР Білім министрлігінің Құрмет грамотасымен, ҚР «Оқу ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Нұрғали Ыбырайым қолы қалт еткен шақта сөз патшасы – өлең жазумен шұғылданады. Оның қиыннан қиыстырған қилы тақырыптағы өлеңдері республикалық «Егемен Қазақстан», облыстық «Оңтүстік Қазақстан», «Болашақ» газеттерінде, «Жалын», «Қазақстан мектебі» журналдарында жарияланып тұрады. Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 150 жылдығына орай ұйымдастырылған Оңтүстік Қазақстан облыстық жазба ақындар мүшәйрасында жүлделі 2-ші орынды жеңіп алды. Облыстық «Мұғалім-қаламгер» жыр сайысында екінші орын иеленді. Республикалық «Қазақ үні» газетінің Түркістанның 1500 жылдығы мерекесіне орай өткізген жазба ақындар сайысында 1-ші орынды, Мақтаарал ауданының 80 жылдық мерейтойы құрметіне арналған республикалық жыр мүшайрасында Бас жүлдені жеңіп алды. 2015 жылы республикалық «Қазақ үні» газетінің ең үздік қаламгерге арналған «Қаламдоз» сыйлығымен марапатталды.

Н.Ыбырайым елге сыйлы, абыройлы отбасының иесі. Мәруа жеңгеміз екеуі бес ұл-қыз тәрбиелеп, өсірді. 

Шабыты шалқыған шайырға әрдайым шығармашылық табыс тілейміз.

 Ақбота Өсербай.