Жаңа Қазақстанның басты бес бағыты: жаңа экономикалық саясат,   экономиканың нақты секторын дамыту, ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция, мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту, заң мен тәртіпке ерекше басымдық беру. Бұл басымдықтар – Жаңа Қазақстанның бес тұғыры. 

Жолдауда әлеуметтік және экономикалық саясаттың арасындағы тепе-теңдік сақталған. Мысалы, жеке бастамалар ынталандырылады, «балық берме, қармақ бер» принципі ескеріледі. Жастарға кәсіпкерлігін дамыту үшін жеңілдетілген кредит беріледі.

Жалпы, Президент аманаттаған тапсырмалардың салмағы жоғары. «Ұлы істер қиын кезде туындайды» дегендей, солардың ішінде елімізге кіретін су көздерінің азаюы, судың 40%-ның жерге сіңіп кетуі мемлекет үшін ең өзекті мәселелердің біріне айналып отыр деп ойлаймын. Мемлекет басшысының осы жолғы Жолдауы экономикалық мәселелерді көтеретіні белгілі еді. Себебі экономика шұғыл кірісіп, қолға алуды талап етеді. Осының барлығы мұнай мәселесімен тығыз байланысты екенін, мемлекеттің негізгі табыс көзі де мұнай екенін атап өткен жөн. Бай мен кедей арасындағы тартыстар осы жер мәселесіне қатысты туындап отыр. Мемлекет басшысы бұл мәселені дер кезінде, халыққа керек кезінде қозғағанына тәнті болдым. Президент Әділетті Қазақстанды бірге құруға, қасиетті Отанымызды бірге өркендетуге шақырды. «Ұйымдаса білген – ұтады» дейді халық даналығы. Жаңа Қазақстан – ұлтымыздың жарқын болашағы жолындағы маңызды қадам болмақ.

ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отыр. Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтырып отыр. Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес» деп атап өтті.

Деректер бойынша халық пен экономиканың салаларына қажетті судың жалпы көлемі 25 шақырым текше метр. Оның 15 шақырым текше метрі немесе 65%-ы ауыл шаруашылығына, 6 шақырым текше метрі немесе 30%-ы өнеркәсіпке, қалғаны немесе 5%-ы коммуналдық шаруашылыққа жұмсалады. Қазақстандағы 8 су бассейнінің 7-еуі трансшекаралық суға жатады. Атап айтқанда, еліміздегі барлық су көлемінің жартысы Қазақстанда қалыптасса, қалғаны, яғни, трансшекаралық сулар бөлігі сырттан келеді. Сол себепті көрші мемлекеттермен су саласындағы дипломатияға үлкен мән беруіміз керек.

Географиялық орналасуы мен климаттық жағдайлар Қазақстанның су тапшылығына тап болуына әсерін тигізіп отыр. Неге десеңіз, су ресурстары республика аумағында біркелкі орналаспаған. Мысалы, Шығыс Қазақстанда су жеткілікті болса, еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерінде керісінше, оның тапшылығы анық білінеді.

Осы бағытта ауданда Қызылқұм магистралды каналы арқылы жылма-жыл шаруалардың егістіктеріне жеткізіліп беріліп отырған су көлемі 2020 жылы – 401,75 млн м3, 2021 жылы – 381,38 млн.м3, 2022 жылғы осы мезгілге дейін 331,1 млн м3 құрап, ауа райының құрғақ болуы салдарынан, ағын судың тапшылығын сезінген шаруалар ағын суды тиімді әрі үнемдеп пайдалануды қолға алған. Атап айтқанда, аудандағы агроқұрылымдардың егістік алқаптарына су үнемдегіш жаңа технологияларды (тамшылатып, жаңбырлатып суару) пайдалану кең етек жаюда. Ағын суды үнемдеу барысында мемлекеттік бағдарлама ИДЖЖЖ-2 жобасын Алатау батыр, Қызылқұм ауыл округтерінде іске асыру барысында ағын судың шығыны айтарлықтай кемігендігін жоғарыда жылма-жыл ағын суды пайдалану көрсеткіштерінен байқалып отырғандығын көруге болады. Осы сияқты алдағы кезде аудандағы Қ.Тұрысбеков, Қоссейіт, Көксу, Ұзын ата, Ақшеңгелді, Достық ауыл округтерінде ИДЖЖЖ-3 жобасын іске асыру бағытындағы жұмыстар жүргізілуде. Аудандағы түрлі тәртіптегі каналдар, олардағы гидротехникалық қондырғылар жөндеуді қажет етеді. Сондай-ақ, коллектор, дренаж желілерінің қалыпты жұмыс істеуі үшін оларды түгел механикалық тазалаудан өткізу, сонымен қатар тік дренаж ұңғымаларын қайтадан қалпына келтіру бойынша жұмыстар атқарылуда. 

 Талғат Әлімқұл, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы.