Сейсенбi, 29 қазан күнi бiр топ ардагерлер қауымымен аудан прокуроры Руслан Әбдiрайымов кездесу өткiздi. Аудандық ардагерлер Кеңесiнде өткен кездесуге қала мен ауылдық округтердегi бастауыш ардагерлер ұйымының төрағалары, ардагерлер Кеңесiнiң пленум мүшелерi қатысты.
Жиынды ашып, жүргiзiп отырған аудандық ардагерлер Кеңесiнiң төрағасы Тоқсанбай Бердiбеков аудан прокуроры Руслан Әбдiрайымовқа өңiрiмiзде ғұмыр кешетiн 6,5 мың зейнет жасындағы ардагерлердiң тыныс-тiршiлiгiн, ардагерлер Кеңесiнiң атқарып жатқан жұмыстарын қысқаша таныстырып өттi.
Өз кезегiнде сөз алған аудан прокуроры Руслан Әбдiрайымов бiздiң қоғамымызда ел ағаларының, аузы дуалы қазына қариялардың орны ерекше екенiн атап көрсеттi.
– Осында келгенiме бiр айдың жүзi болды. Бұған дейiн бiрнеше бiлiм беру мекемелерiнде, ауылдарда болып тұрғындармен кездесiп жатырмын. Соның iшiнде елiмiздiң ертеңгi болашағы саналатын мектеп оқушыларымен ашық пiкiралмасулар өткiздiм. Бiз өсiп келе жатқан жастарымызға қолдау көрсетуiмiз керек. Қандай мамандықты таңдап, қандай қызметке ұмтылса да бiлiмдi жасқа мемлекетiмiзде жол ашық екенiн ұғындырып, олардың жарқын болашаққа деген сенiмiн арттыру қажет. Бүгiн де сiздермен арнайы кездесiп, елдiк мәселелердi бiрлесе, ақылдаса отырып шешу үшiн бас қосып отырмыз.
Елдi береке мен бiрлiкке ұйыстыруда қашанда ақсақалдарымыздың рөлi ерекше болған, – дедi Руслан Әлжанұлы
Аудан прокуроры мал ұрлығын тоқтату, жастар арасындағы суицидтiң алдын алу, мас күйiнде көлiк айдап, жол апатына ұрындыратын бақытсыз жайларды болдырмау сияқты мәселелердi ортаға салды.
– Бiз тек қылмыс iстегендерге ғана шара қолданумен шектелмей, оны болдырмау, алдын алу секiлдi жұмыстарды күшейтуiмiз қажет. Осы бағытта бiрлесе отырып жұмыс жасайық, – дедi аудан прокуроры.
Кездесу барысында ардагерлер қауымы түрлi тақырыпта сөз сөйлеп, аудан прокурорының назарын ел үшiн маңызды деген мәселелерге аударды. «Құрмет» орденiнiң иегерi, аудандық ардагерлер Кеңесiнiң пленум мүшесi Тәңiрбердi Ағманұлы қала мен ауылдардағы жол жөндеу жұмыстарының сапасы жайлы әңгiме қозғаса, ардагер ұстаз, аудандық әжелер алқасының төрайымы Жамал Төлешова жастар тәрбиесiнде бiрiншi кезекте ата-аналардың өздерi үлгi көрсетуi керектiгiне тоқталды. Жиында сондай-ақ, Сүткент ауылының биi Оразбек Сейдомаров, қаладағы №4 мөлтекаудандағы бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Назар Тоқсанбаев, ардагер спортшы Оразбай Назарбеков, аудандық ардагерлер Кеңесi төрағасының орынбасары Байдулла Рахматуллаев сынды азаматтар сөз сөйледi.
Жиынды қорытқан аудандық ардагерлер Кеңесiнiң төрағасы Тоқсанбай Бердiбеков:
– Бiздiң ардагерлер қауымымен ашық түрде пiкiрлесiп, бүкпесiз сұхбаттасқан Руслан Әлжанұлына рахмет айтамыз. Алдағы уақытта да аудан прокурорымен бiрлесе отырып жұмыс жасай беретiн боламыз. Ардагерлерiмiз мемлекет басшысының саясаты төңiрегiне топтасып, елдiң ауызбiрлiгi мен ынтымағын сақтауда аянбай еңбек ете беретiн болады, – дедi.
К.ҚҰЛЫМБЕТТЕГI.