Ауданымызда жыл өткен сайын бизнес жобасын басшылыққа ұсынып, кәсiпкерлiгiн ашып, шаруасын дөңгелетiп, өз еңбегiмен напақа тауып жүрген жандар қатары артып келедi.
Олардың бiрқатары – Мемлекет маған не бередi? – деп емес, мен мемлекетке не беремiн? деген қағидамен жұмыс жасап, өзiн ғана емес, бiрнеше отбасын да жұмыспен қамтып отыр. Биылғы жылдың өзiнде осындай бiрнеше азаматтың жобасы басшылық тарапынан қолдау тауып, жұмыстарын бастады. Солар жөнiнде толығырақ бiлу мақсатында аудандық ауыл шаруашылығы бөлiмi басшысының орынбасары Абылай Махановқа жолығып, сұхбаттасқан едiк. Төменде сол сұхбатты газет оқырмандарына ұсынып отырмыз.
– Әбеке! Биылғы жылы ауданды дамыту бойынша қолға алынып, iске асырылып жатқан тың жобалар жөнiнде айтып өтсеңiз?
– Қазiргi таңда ауданды дамыту бойынша 29 жоба жасалынып, бiрқатары жұмыстарын бастап та кеттi. Атап айтқанда, балық шаруашылығы бойынша – 5, мал бордақылау алаңын салу бойынша – 15, түйе шаруашылығын дамыту бойынша – 2, құс шаруашылығын дамыту бойынша – 2, сол сияқты құрама жем цехын, күрiш өңдеу цехтарын ашу мен қарқынды алма бағын отырғызу, бiр жылда 2-3 рет өнiм алу, тамшылатып суғару әдiсiмен бақша, мақта, пияз дақылдарын өсiру жөнiнде жобалар жасалынып, қолдау тапты.
– Жобаларды қаржыландыру мәселесi қай деңгейде, қалай жүзеге асырылуда?
– Аудандағы 29 жобаның құны 1 342 миллион теңгенi құрайды. Оның iшiнде өз қаржысы есебiнен 16 жоба 659 миллион теңгеге, қаржы институттары арқылы 13 жоба 683 миллион теңгеге қаржыландырылады. Бүгiнге дейiн ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушiлердiң өз қаржысы есебiнен 15 жоба 639 миллион теңгеге, қаржы институттары арқылы 5 жоба 156 миллион теңгеге, барлығы 20 жоба 795 миллион теңгеге қаржыландырылды. Қалған 9 жоба 547 миллион теңгеге жыл соңына дейiн кестеге сәйкес орындалатын болады.
– Мәлiметiңiзге қарағанда көптеген жобалар қазiрдiң өзiнде жүзеге асырылып, өз нәтижесiн берiп жатқан секiлдi. Солар жөнiнде айтып өтсеңiз?
– Әрине, айтуға толық болады. Жоғарыда айтып өткенiмдей, ауданда мал бордақылау алаңын салуға 15 жоба қаралған болса, оның да өзiндiк себебi бар. Биылғы жылы аз қамтамасыз етiлген отбасыларға мемлекеттiк қолдау көрсетiлiп, атаулы әлеуметтiк көмек берiлгендiктен тұрғындар мал алып, өсiрiп, бордақылап сатуына байланысты осындай мал бордақылау алаңдарын көптеп ашудың қажеттiлiгi туындады. Бұл жөнiндегi он жоба қазiрдiң өзiнде өз жұмысын бастады. Әрине, мал бағылатын, құс өсiрiлетiн болған соң, оны құнарлы жеммен де қамтамасыз ететiн бiр жайдың қажеттiлiгi де өзiнен-өзi белгiлi жай. Оны жете түсiнген қоссейiттiк Бахытбек Айдынбаев құрама жем шығаратын цех ашу жөнiндегi жобасын басшылыққа ұсынып, ол қолдау тапты. 5 миллион теңгеге бағаланған мүлкiн кепiлге қойып, «ҚазАгро Қаржы» АҚ мекемесiнен несие алуға құжаттарын рәсiмдеп тапсырды.
Қазiргi таңда тұрмыста тауық жұмыртқасын көп пайдалатынымыз белгiлi. Оны тасымалдап алып келгеннен өзiмiзге өндiрсек, бағасы арзан, сапасы да жоғары болатындығын жете түсiнген жаушықұмдық Мұхтар Бекарыстанәлiұлы өз қаржысы есебiнен 5000 бас тауыққа арналған ферма құрылысын толық аяқтап, 3500 бас тауық өсiруде.
Сол сияқты, ауданда күрiш салысын өндiру көлемi жыл сайын артып келедi. Биылғы жылдың өзiнде 1350 гектарға күрiш егiлiп, он мың тоннаға жуық күрiш салысы жиналды. Осы орайда белгiлi кәсiпкер Ержан Қарабаев өз қаражаты есебiнен күрiш өңдеу цехын ашу жөнiндегi жобасын ұсынып, ол да қолдау тапты. Қазiргi таңда тәулiгiне 5 тонна күрiш ақтайтын цех жұмыс жасауда. Осыған қосымша цехтың қуаттылығын арттыру мақсатында ғимараттың құрылысын жүргiзуде және қажеттi құрал-жабдықтарына тапсырыс берiп қойды. Тағы бiр iске асырылған жоба – көксулық Беден Алының түйе шаруашылығын дамыту бойынша жобасы. Өз қаражаты есебiнен 110 миллион теңгеге 110 бас түйе алған. Қазiргi таңда оның 50 бас түйесi сауылып, сүт өнiмдерiн Алматы, Шымкент қалаларына сатуда. 2 ауыл азаматын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Қосымша қора салуға ауыл аймағынан 0.6 гектар жер берiлiп, мемлекеттiк акт алуға құжаттарын рәсiмдеуде. Өткен аптада ауданды дамыту бойынша жасалынған жобалардан қазiргi таңда өз жұмысын бастаған 20 жобаның бiрқатарын аралап көрiп, танысқан аудан басшысы Қайрат Жолдыбайұлы ондағы атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын бердi.
– Әбеке! Ауданда тамшылатып суғару мен бiр танаптан екi рет өнiм алу қалай жүргiзiлуде? Осылар жөнiнде айтып өтсеңiз?
– Иә, жоғарыдағы айтылған жобалар арасында жаушықұмдық кәсiпкер, «Тұрар» ауыл шаруашылығы өндiрiстiк коперативiнiң басшысы Ан Юрий Владимирович тамшылатып суғару әдiсi бойынша 20 гектарға полиэтилен үлбiрi астында бақша дақылын егiп 600 тонна, 20 гектар ерте және орта мерзiмде пiсетiн пияздан 2000 тонна өнiм алды. 40 гектар мақталықтың өнiмi жиналуда. Бақша дақылы жиналып алынған егiстiктiң 14 гектарына қырыққабат көшетi отырғызылған. Жақында бұл шаруашылықта кең көлемде семинар өткiзiлiп, iс-тәжiрибелерi аудан диқандарына насихатталды. Алда биылғы жылы қолға алынып, жұмысын бастаған жаңа жобалар жөнiнде де семинарлар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, жұмыстары аудан диқандары мен шаруаларына таныстырылатын болады.
– Сұхбат соңында айтар тiлегiңiз?
– Биылғы жылы ауданымыздың диқандары мен шаруалары қарқынды жұмыс жасап, тың жобаларды қолға алып, Шардара ауданының құрылғанына 55 жыл толуы мен өздерiнiң «Алтын күз» мерекесiне толағай табыстары мен қол жеткен жетiстiктерiмен келiп отыр. Шаруаларымыздың табыстары тасқындап, биiк белестерден көрiне берсiн дегiм келедi.
– Сұхбатыңызға рахмет. Табысты күндер көп болсын.
Әңгiмелескен Жаңабай СейдуӘлиев.