Апта барысында Шардара ауданының әкімі Қарсыбаев  Арман Романұлының төрағалығымен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы және алдағы кезеңге жоспарланған жұмыстарды пысықтауға арналған жиын өтті.

Жиында аудан әкімінің орынбасарлары жетекшілік ететін салалар бойынша бүгінгі күнге дейін атқарылған жұмыстардың нәтижелері сараланып, алдағы міндеттер нақтыланды.

Атап айтқанда, Шардара қаласындағы кәріз жүйесін жаңғырту, ауыз сумен қамтамасыз ету, табиғи газ мәселелері, сондай-ақ жаңадан бой көтерген көпқабатты тұрғын үйлердегі тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын шешу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу қажеттігі айтылды.

Сонымен қатар аудан аумағында жоспарланған жол құрылысы, автомобиль жолдарына асфальт төсеу және абаттандыру жұмыстарының барысы талқыланды. Жол инфрақұрылымына қатысты жоспарланған жұмыстардың сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды.

Жаңа оқу жылына дайындық мәселесі де күн тәртібіндегі негізгі бағыттардың бірі болды. Білім беру нысандарының оқу жылына әзірлігі, қауіпсіздік талаптарының сақталуы, тиісті инфрақұрылымның жағдайы және анықталған кемшіліктерді уақытылы жою мәселелері пысықталды.

Кәсіпкерлік саласында шағын және орта бизнесті қолдау, инвестициялық жобаларды іске асыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлердің ұсыныстары мен проблемалық мәселелерін шешу бағытындағы жұмыстарды жандандыру қажеттігі атап өтілді.

Жер қатынастары, құрылыс және сәулет салалары бойынша да бірқатар мәселелер қаралды. Жер учаскелерін тиімді пайдалану, құрылыс жұмыстарын заң талаптарына сәйкес жүргізу, елді мекендердің сәулеттік келбетін сақтау және инфрақұрылымдық жобаларды үйлестіру бойынша жұмыстарды күшейту тапсырылды.

Аудан аумағының санитарлық тазалығы мен абаттандырылуына да ерекше мән берілді. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында тазалық жұмыстарын науқандық сипатта ғана емес, тұрақты түрде жүргізу қажеттігі айтылды. Әсіресе аудан орталығы мен елді мекендердегі орталық көшелердің тазалығын, қоғамдық орындар мен аулалардың санитарлық жағдайын тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды.

Сондай-ақ көгалдандыру, жарықтандыру, абаттандыру, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және шығару, заңсыз қоқыс орындарының алдын алу бағыттарындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу қажеттігі атап өтілді.

Жиында қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету, халықпен кері байланысты күшейту, тұрғындардың өтініштері мен көтеріп отырған мәселелерін уақытылы қарау, әлеуметтік желілерде жарияланған өзекті мәселелерге заң аясында жедел ден қою мәселелері де назардан тыс қалмады.

Бұдан бөлек, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт, жастар саясаты, жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығы, ветеринария, төтенше жағдайлардың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздік және құқықтық тәртіп бағыттарындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру міндеттелді.

Аудан әкімі барлық тапсырмалардың нақты орындалуын қамтамасыз етуді, белгіленген жұмыстардың мерзімі мен сапасына тұрақты бақылау жүргізуді тапсырды. Берілген тапсырмалардың орындалуын бақылау аудан әкімінің орынбасарлары Ж.Бердешовке, Б.Төребековке, Е.Каратуновқа және аппарат басшысы С.Ильясовқа жүктелді.

Жиын қорытындысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты әрбір бағыт бойынша нақты жұмыстарды жандандырып, тұрғындардың талап-тілектерін ескеріп, атқарылатын жұмыстардың нәтижелілігін арттыру қажеттігі баса айтылды.

          Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.