
Биыл Шардара ауданында 1 724 бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, бірінші сыныпқа барды. Олардың қатарында 10 егіз бен 1 үшем бар. 1 қыркүйек күні ауданымызздағы барлық білім беру ұйымдарында 2026-2027 оқу жылының басталуына орай, «Білім күні» мерекелік іс-шаралары өткізілді.
Бұл күн – білім әлеміне алғаш қадам басқан бүлдіршіндер үшін ерекше қуанышқа, ал, ұстаздар мен ата-аналар үшін жаңа оқу жылына деген сенім мен жауапкершілікке толы мереке. Мерекелік іс-шаралардың негізгі мақсаты – білім беру және тәрбие саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, білім алушылардың Қазақстан Республикасының Конституциясына, мемлекеттік рәміздерге, заңға, еңбекке, экологиялық мәдениетке және азаматтық жауапкершілікке құрметін қалыптастыру, сондай-ақ, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын жүзеге асыру.


Салтанатты жиындарға аудан әкімінің орынбасарлары, ауыл әкімдері, аудандық білім бөлімінің басшысы мен қызметкерлері, білім саласының ардагерлері қатысып, мектеп ұжымдарына жаңа оқу жылында сәттілік тіледі.
М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектепте өткен мерекелік жиынға аудан әкімінің орынбасары Б.Төребеков және аудандық білім бөлімінің басшысы Ж.Мұсатаева қатысты. М.Қалмырза атындағы №3 мамандандырылған мектеп-интернатында болған салтанатты жиынға аудан әкімінің орынбасары Ж.Бердешов пен бір топ ардагер ұстаздар, №12 ЖББМ-дегі жиынға аудан әкімінің орынбасары Е.Каратунов, Қ.Аманжолов атындағы жалпы білім беретін мектебінде өткен жиынға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Е.Әбдіразақов, «Шардара» мектеп-лицейінде өткен жиынға аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Б.Таласов, М.Горький атындағы ЖББМ-де өткен жиынға қала әкімі Д.Жұмаділлаев, №3 «Келешек» мектебіндегі іс-шараға аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы А.Махашев, Қ.Сағырбайұлы атындағы ЖББМ-дегі жиынға аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Е.Айдаров, А.Иманов атындағы ЖББМ-дегі жиынға аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы М.Исаевтар қатысып, оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді. Ал, ауылдық округтерде орналасқан білім ошақтарындағы жиындарға ауыл әкімдері қатысып, балалардың қуанышына ортақтасты. Қонақтар өз кезектерінде балаларды оқу жылының басталуымен құттықтап, жемісті еңбек етіп жүрген бір топ ұстаздарға аудан әкімінің Алғыс хаттарын, сый-сияпаттар табыс етті.
Мәлімет ретінде айта кетелік. Биыл Қазақстанда 380 мыңға жуық бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, бірінші сыныпқа барса, олардың 71%-дан астамы қазақ тілінде, 26%-дан астамы орыс тілінде, тағы 2,5%-ға жуығы басқа тілдерде білім беретін сыныптарды таңдаған.
"Өскен өңір" – ақпарат.





