Апта барысында аудан әкімі Қарсыбаев Арман Романұлы аудан аумағындағы бірқатар маңызды нысандардың жай-күйімен танысып, жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасына, қауіпсіздігіне және белгіленген мерзімде орындалуына баса назар аударды.

Аудан әкімі жұмыс сапары барысында әуелі Қ.Тұрысбеков ауылдық округіндегі Ш.Уәлиханов атындағы мектепте жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Арман Романұлы негізгі талап – жөндеу жұмыстарын сапалы аяқтап, қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, нысанды жаңа оқу жылына толық дайындау керектігін атап өтті. Жауапты мердігерлер мен сала мамандарына жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтау, құрылыс сапасын тұрақты бақылауда ұстау және оқушылар мен педагогтер үшін қауіпсіз, әрі қолайлы жағдай қалыптастыру тапсырылды.

Мұнан соң, аудан әкімі Шардара қаласындағы орталық су жинағыштың техникалық жағдайымен, жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысты. Нысанда жалпы сыйымдылығы 7 000 текше метр болатын төрт резервуар бар. Ұзақ жылдар бойы күрделі жөндеуден өтпеген резервуарлар, су құбырлары, ысырмалар және инженерлік жабдықтар жаңартуды қажет етеді. Қазіргі таңда «Тама» жерасты су көзінен келетін ауызсуды тұрғындарға сапалы, әрі тұрақты жеткізу мақсатында су жинағыш нысанда кешенді жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Жөндеу жұмыстарына байланысты екі резервуар уақытша пайдаланудан шығарылып, қазіргі уақытта қалаға ауызсу 3 000 м³ көлеміндегі бір резервуар арқылы берілуде. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін резервуарлар, ішкі су құбырлары, ысырмалар және инженерлік жүйелер жаңартылып, ауызсуды қалыпты режимде және тұрақты қысыммен беру мүмкіндігі артады. Бұл ретте тұрғындарды алдын ала хабардар ету, уақытша шектеулердің себептері мен мерзімдерін ашық түсіндіру – халықпен тиімді кері байланыстың маңызды шарты.

Су жинағыштың қалыпты жұмысын қамтамасыз ету, желілердің техникалық жағдайын бақылау және анықталған ақауларды жедел жою – тұрақты назардағы мәселе.

Тұрғындардан суды ысырап етпеу, оны ұқыпты пайдалану, құбырлардағы ақауларды немесе заңсыз су ағуын байқаған жағдайда тиісті қызметтерге дер кезінде хабарлау сұралады.

Әлеуметтік нысандардың сапалы дайын болуы, ауызсудың тұрақты берілуі және бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуы – халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін маңызды көрсеткіштер.

Басты өлшем – жұмыстың орындалуы ғана емес, халықтың сол нәтижені сезінуі.

         Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.