
Биыл Семей ядролық полигонының жабылғанына 35 жыл толды. 1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. Бұл – Қазақстан тарихындағы аса маңызды, бейбітшілік пен ядролық қарусыздану жолындағы тарихи шешім.
Даталы күнге орай, кешегі аптада «Қасиет» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында Шардара ауданындағы ардагерлердің қатысуымен тағылымды кездесу өтті.
Кездесу барысында Шардара аудандық Семей ядролық полигонына қатысқан ардагерлер ұйымының төрағасы Назар Тоқсанбаев барша ардагерлерді айтулы датамен құттықтап, жүрекжарды тілегін білдірді.
Тағылымы мол іс-шара барысында аудан әкімі Қарсыбаев Арман Романұлының ардагерлерге арналған ақжарма тілегі мен ыстық ықыласын аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерлан Әбдіразақов жеткізді. Аудан әкімі Арман Романұлының атынан ардагерлерге мерекелік медальдар мен Алғыс хаттар табысталды.
Ардагерлер – елдің өткені мен бүгінін жалғаған алтын көпір, кейінгі ұрпаққа өнеге боларлық тағылымды мектеп. Сондықтан, аудан басшысының ел ағалары мен ақсақалдарға ерекше құрмет көрсетіп, олардың өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңесін бағалауы – игілікті дәстүр.
Семей полигонында ондаған жыл бойы жүргізілген ядролық сынақтар халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаға орасан зор зиян келтірді. Полигонның жабылуы еліміздің бейбітшілік пен қауіпсіздікке деген берік ұстанымын айқындап, әлемдік ядролық қарусыздану үдерісіне маңызды серпін берді.

Бұл атаулы дата – өткенді ұмытпай, қасіретті кезеңдерден сабақ алуға, бейбітшіліктің қадірін терең түсінуге үндейтін тағылымды күн.
Семей полигонының жабылуы – Қазақстанның ядролық қарусыз әлем құруға қосқан тарихи үлесінің жарқын көрінісі.
Бейбітшілік – барша адамзаттың ортақ құндылығы!
А.ӘБУБӘКІРОВ.





