
Жуырда Шардара ауданында кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылығы саласы өкілдерінің өзекті мәселелерін талқылап, оларды заң талаптарына сәйкес шешу жолдарын қарастыруға бағытталған ашық кездесу өтті.
Шардара ауданы әкімінің орынбасары Еркебұлан Каратуновтың төрағалығымен, Шардара ауданының прокуроры Алмас Ермекұлы Әлінің қатысуымен аудандағы жеке кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кездесу ұйымдастырылды.
Жиынға тиісті сала өкілдері, жауапты мекемелер мен бөлімдердің мамандары қатысып, кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы саласында туындап отырған өзекті мәселелерді ортаға салды. Кездесудің негізгі мақсаты – кәсіпкерлер мен шаруалардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау, олардың қызметіне кедергі келтіретін мәселелерді анықтау және заң аясында шешу тетіктерін қарастыру.
Кездесу барысында жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының өкілдері өздерін толғандырған сауалдарын қойып, күнделікті қызмет барысында кездесетін түйткілді мәселелерді жеткізді. Әрбір ұсыныс пен өтінішке назар аударылып, жауапты сала мамандарының қатысуымен жан-жақты талқылау жүргізілді. Көтерілген мәселелер бойынша тиісті түсініктемелер беріліп, оларды қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес шешу жолдары қарастырылды.
Аудан әкімінің орынбасары Е.Каратунов кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы аудан экономикасының маңызды тірегі екенін атап өтті. Сонымен қатар кәсіпкерлердің еркін жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау, шаруалардың ұсыныс-пікірлерін ескеру, мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері арасындағы өзара байланысты нығайту және туындаған мәселелерді созбалаңға салмай, заң аясында шешу қажеттігіне тоқталды.
Өз кезегінде аудан прокуроры А.Әлі кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылығы өкілдерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың маңыздылығын атап өтті. Ол кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне заңсыз кедергілер келтіруге, негізсіз талаптар қоюға және азаматтардың заңмен қорғалатын құқықтарын бұзуға жол берілмеуі керектігін жеткізді.

Сондай-ақ кәсіпкерлер мен шаруалардың өтініштері мен арыздарына заң талаптарына сәйкес қарау, мемлекеттік органдар тарапынан қабылданатын шешімдердің заңдылығын сақтау және туындаған даулы мәселелерді белгіленген тәртіппен шешу маңызды екені айтылды. Құқықтары бұзылған немесе заңдылықтың сақталуына қатысты мәселелерге тап болған азаматтар мен кәсіпкерлердің прокуратура органдарына жүгінуге құқылы екені түсіндірілді.
Кездесудің басты мақсаты – мәселені анықтаумен шектелмей, оның заңды шешімін табуға ықпал ету. Өйткені кәсіпкердің құқығын қорғау, шаруаның еңбегіне қолдау көрсету және заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін маңызды міндеттер.
Шардара ауданында кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, ауыл шаруашылығы саласының дамуына жағдай жасау және тұрғындар мен бизнес өкілдерінің заңды құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.
«Өскен өңір» – ақпарат.





