
23 қазан күні Сүткент ауылында жаңа спорт кешенінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Игі шараға аудан әкімі Қарсыбаев Арман Романұлы, ауыл ақсақалдары, ардагерлер мен тұрғындар қатысты.
Салтанатты рәсімде ауыл ақсақалдары ақ батасын беріп, жаңа нысанның лентасы қиылды. Аудан әкімі мен ауыл тұрғындары спорт кешенінің ашылуы ауыл жастары үшін маңызды қадам екенін атап өтті.
Жаңа спорт кешені – салауатты өмір салтының негізі, жас ұрпақтың жарқын болашағына жасалған инвестиция. Енді ауыл жастары спортпен тұрақты шұғылданып, өз шеберліктерін шыңдап, аудан мен ел намысын қорғайтын спортшылар қатарын толықтыруға мүмкіндік алады.
Сүткент ауылындағы Әбдеш Тоқсанбаев көшесінде орналасқан спорт кешенінің құрылысына 122 894 900,42 теңге қарастырылған. Құрылыс жұмыстарын «Даулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарды.
Шара барысында нысанның салынуына үлес қосқан Кенбай Қайрат Рахымжанұлы мен «Даулет» ЖШС директоры Байметов Әлжан Қорғанбайұлына алғыс хаттар мен сый-сияпаттар табысталды.
Ауыл спортының дамуы – ел болашағының кепілі. Жаңа спорт кешені сүткенттіктер үшін құтты мекенге, ал жас спортшылар үшін жеңістерге бастайтын жолға айналсын!
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.





