Елімізде Республика күні аталып жатқан кезде Қоссейіт ауылында айырықша салтанатты іс-шаралар ұйымдастырылды. Осы күні аталған ауыл тұрғындары Қоссейіт ауылының құрылғанына 60 жыл толған мерейтойларын жоғары деңгейде ұйымдастырып, қос мерекені қуанышпен атап өтті.

Ауыл тойына қоғам қайраткері, айтулы ақын, VII-VIII шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаты, жерлесіміз Қазыбек Иса, аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков, VII-VIII шақырылымдағы аудандық мәслихат төрағасы Бұлтбай Мүтәлиев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерлан Әбдіразақов, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Байділла Рахматуллаев, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қыстау Ілесов, осы ауылдан шыққан филология ғылымдарының докторы Алмасбек Мәуленовтер арнайы қонақ болып қатысты. Сонымен қатар осы ауылда туып-өскен өнер саласының саңлақтары – әнші, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Мәдениет қайраткері Ұлту Қабай, актриса, ҚР «Мәдениет қайраткері» Ұлбосын Базарбаева, ҚР «Мәдениет саласының  үздігі» Қайрат Құлыншақов, белгілі әншілер – Қияс және Құрманғазы Ибрагимовтер мен Талғат Құлыншақов есімді мәдениет саласының майталмандары қатысты.

Қонақтарды сән-салтанатпен, дәм ұсына отырып күтіп алған қоссейіттіктердің бұл тойға жұмылған жұдырықтай болып дайындалғаны айқын аңғарылып тұрды.  

Салтанатты шара барысында осы мерейтой аясында арнайы шығарылған «Берекенің бесігі болған ауыл» атты кітаптың тұсаукесері болып өтті.

«Бұл жинақта құрылғанына биыл 60 жыл толып отырған Қоссейіт ауылының тыныс-тіршілігі кеңінен баяндалады. Осы жылдар ішінде Қоссейіттің өсіп-өркендеуі мен көркеюіне сүбелі үлес қосып, шаруашылықтың бар саласында аянбай тер төккен азаматтар өмірінен сыр шертетін бұл кітап осы ауылдың топырағын басып, суын ішкен әрбір жанның төрінен орын алары сөзсіз. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, қолдарыңызға тиген энциклопедиялық жинақты шығару, туған жердің тарихын тасқа басу идеясын еңбек ардагерлері – Маханов Лашын, Жүсіпов Ибрагим, Жанықұлов Түгелқос ақсақалдар мен осы тойды ұйымдастыру комитетінің төрағасы Төлегенов Бауыржан ағамыздың бастама етіп көтергенін баса айта кетуіміз қажет. Баянды бастамаға қолдау білдірген, осы бір игі іске бей-жай қарамаған барша ауылдастарға шексіз алғысымды айтқым келеді» – дейді кітапты құрастырушы «Өскен өңір» газетінің директор-бас редакторы Сәбит Лаханов.

Аудан әкімінің орынбасары Б.Төребеков жұртшылықты қос мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді. Сонымен қатар аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың атынан бір топ ардагерлерге «Құрметті ардагер» медалін табыстады. Жуырда ғана Пара-Азия ойындарында чемпион атанған Бексұлтан Құлмырза мен жаттықтырушысы Нұрбол Шаймановқа ел атынан ат мінгізді.

Мұнан соң  қоғам қайраткері, айтулы ақын, жерлесіміз Қ.Иса бір кездері өзі білім алған ауылдың кешегі күндеріне тоқталып, бүгінгі даму келбетіне үлкен ризашылық білдірді. Сонымен бірге бір топ ардагерлерге «Ақ жол» партиясы атынан «Еңбегім еліме» медалін және ауылдың мерейтойына арнайы дайындалған «Қоссейіт ауылының дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісін табыс етті.

Аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Б.Рахматуллаев, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қ.Ілесовтер де қоссейіттіктерді қос мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін жолдады. Филология ғылымдарының докторы, осы ауылдың түлегі Алмасбек Мәуленов ауылдағы 2 мектеп ұжымына өзі жазған кітаптарды тарту етті. Осы ауылдың түлегі, аудандық «Өскен өңір» газетінің директор-бас редакторы Сәбит Лаханов та ауылдастарын құттықтай келе бір топ сала мамандарына «Өскен өңір» газетінің 60 жылдығына арналған «Руханиятқа қосқан үлесі үшін» төсбелгісін табыстады.

Аталған мерейтой аясында мектеп оқушылары арасында «Ауылым – алтын бесігім» тақырыбында шығарма жазу байқауы ұйымдастырылыпты. Шара барысында байқау жеңімпаздары марапатталды.

Ал, жоғарыда аттары аталған өнер майталмандары әуелете ән салып, тыңдармандырынаң ыстық ықыласына ие болды.

Сондай-ақ осы күні спорттың күрес, қол күресі, кіші футбол, арқан тарту, кіші футбол, гір көтеру, асық ату түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, ауыл жастары өзара мықтыны анықтады.

Осы күні күн ұясына батар шақта мерекелік Гала-концерт ұйымдастырылып, түннің бір мезгіліне дейін әсем әуен ауыл аспанын ән мен жырға бөледі.

Өз тілшімізден.