
Жуырда облыс әкімі Нұралхан Көшеров Шардара ауданына жұмыс сапары барысында Шардара қаласындағы индустриялық аймақта орналасқан «Казкрахмал» ЖШС-нің жүгеріні терең өңдеу зауытына барып, кәсіпорынның жұмыс барысымен және алдағы жоспарларымен танысты.
Жалпы инвестициялық құны 35 млрд теңгені құрайтын жоба өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған. Кәсіпорын толық жобалық қуатына шыққанда жылына 150 мың тонна жүгеріні өңдеп, крахмал, тағамдық глюкоза, сірне, мальтоза шәрбаты, жүгері майы, глютен және мал азығына арналған өнімдерді қоса алғанда, 26 түрлі өнім өндіру көзделген.
Кәсіпорында қазіргі уақытта 138 адам еңбек етеді. Жоба толық іске қосылған жағдайда тұрақты жұмыс орындарының санын 550-ге дейін жеткізу жоспарланған.
Бүгінде кәсіпорында жүгеріні қабылдау, кептіру және сақтау кешендері, 30 мың тонналық сақтау қоймалары, дайын өнім қоймалары, әкімшілік ғимарат, жатақхана мен асхана пайдалануға берілген.
Зауыттың тұрақты жұмыс істеуі жергілікті шаруалар үшін жүгері өнімін өткізудің жаңа мүмкіндіктерін қалыптастырады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы шикізатын дайын өнімге айналдыру отандық өндірісті нығайтуға, импортты алмастыруға және экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.





