
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жасөспірімдер мен жастар арасында нашақорлықтың алдын алу, есірткінің заңсыз айналымына қарсы қоғамдық көзқарасты қалыптастыру мақсатында Шардара аудандық мәдениет сарайында «Есірткісіз болашақ» атты форум ұйымдастырылды.
Форумның негізгі мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, зиянды әдеттердің алдын алу, есірткі қылмыстарына төзбеушілік көзқарасын қалыптастыру және өскелең ұрпақты салауатты өмір салтын ұстануға шақыру.
Форум барысында сөз сөйлеушілер нашақорлықтың адам денсаулығына, қоғамға және жас ұрпақтың болашағына тигізетін кері әсері, есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес, оның құқықтық салдары, рухани құндылықтар мен салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелеріне тоқталды.
Адам өмірі – баға жетпес байлық, ал болашақ – әрқайсымызға артылған аманат. Өкінішке орай, сол аманатқа қауіп төндіретін қасіретті кесел бар. Ол – есірткі. Бұл дерт бір адамның ғана емес, тұтас отбасының үмітін өшіріп, қоғамның ертеңіне көлеңке түсіреді. Бүгінгі таңда қоғамның қасіретіне айналған есірткінің кесірінен қаншама отбасының шаңырағы шайқалып отыр. Бір кездері шаттық пен қуанышқа толы болған отбасылардың берекесі қашып, аналардың көз жасы көл болып, бейкүнә балалар әке мейіріміне зәру күйде өсіп келеді.
Есірткі – адамды арманынан алыстатып, өмірдің мәнін жоғалтатын құрдым. Жас ұрпақ алдамшы қызығушылықтың жетегінде кетпей, саналы таңдау жасай білуі керек. Себебі бүгінгі шешім – ертеңгі тағдырды айқындайды.
Есірткісіз қоғам қалыптастыру тек заңның немесе дәрігерлердің міндеті емес. Бұл – әр отбасының, әр мектептің, әр азаматтың ортақ жауапкершілігі. Жастардың жүрегіне сенім ұялатып, білімге, спортқа қызығушылығын арттыру – зиянды әдеттен қорғанудың маңызды жолы.
Есірткісіз болашақ – алыстағы арман емес, бүгіннен басталатын саналы әрекет. Қоғамның үні немқұрайлылыққа емес, жауапкершілікке үндесін! Өйткені есірткісіз болашақ – жарқын өмірдің кепілі!
А.Әбубәкіров.








