10 ПӘТЕРЛІ ТҰРҒЫН ҮЙ ТАБЫСТАЛДЫ

Өткен аптада Түркістан облысының әкімі Көшеров Нұралхан Оралбайұлы Шардара ауданына арнайы жұмыс сапарымен келді. Облыс әкімінің жұмыс сапары аясында Шардара қаласында жаңадан салынған тұрғын үйлер кезекте тұрған азаматтарға салтанатты түрде табысталды.

Атап айтқанда, Қорқыт ата көшесінің бойында бой көтерген бір қабатты, екі пәтерлі, үш бөлмелі 5 тұрғын үйдің құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілді. Нәтижесінде аудан бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған 10 отбасы баспаналы болып, қоныс тойын атап өту мүмкіндігіне ие болды.

Салтанатты рәсім барысында облыс әкімі жаңа баспаналардың кілттерін иелеріне табыстап, отбасыларды көптен күткен қуаныштарымен құттықтады. Үйлі болған тұрғындар осындай қуанышты сәтті сыйлаған Президентке, облыс, аудан әкімдеріне шынайы ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтты. Кілт табыстау рәсімінен кейін облыс әкімі шаңырақ иелерімен бірге пәтерлерді аралады.

Жалға берілетін тұрғын үйлер жергілікті бюджет есебінен сатып алынған. Жалпы саны – 10 пәтер. Олар бір қабатты, екі пәтерлі 5 тұрғын үйге орналастырылған. Әр пәтердің жалпы ауданы – 100 шаршы метр. Ал әр тұрғын үйге тиесілі жер телімінің көлемі – 600 шаршы метр.

Жаңа баспаналар кезек реттілігіне сәйкес әлеуметтік осал топтағы азаматтарға берілді. Бұл – баспанаға мұқтаж отбасыларды қолдауға бағытталған жұмыстардың нәтижесі.

Баспаналы болу – әр отбасы үшін үлкен қуаныш әрі жаңа өмірге бастар маңызды қадам. Жаңа қоныс иелеріне береке-бірлік, отбасыларына амандық, шаңырақтарына шаттық тілейміз!

ШАҒЫН ӨНДІРІСТІК ПАРКТІҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

 Түркістан облысының әкімі Нұралхан Оралбайұлы Көшеров Шардара ауданына жұмыс сапары барысында қала аумағында орналасқан шағын өндірістік паркке барып, ондағы өндіріс орындарының жұмысымен танысты.

Аумағы 1 гектарды құрайтын өндірістік парктің құрылысына 410 млн теңге инвестиция бағытталған. Қазіргі таңда әрқайсысының аумағы 200 шаршы метр болатын 6 өндірістік ғимарат пайдалануға беріліп, онда 6 кәсіпкер өз өндірісін іске қосқан. Сонымен қатар тағы 5 ғимараттың құрылысы жүргізілуде.

Өндірістік парк аумағында жұмсақ және кеңсе жиһаздарын жасау, модульді шағын үйлер құрастыру, термопанельдер, қасбеттік қаптамалар, терезе жақтаулары мен сәндік құрылыс бұйымдарын өндіру бағыттары жолға қойылған.

Облыс әкімі өндіріс орындарын аралап, кәсіпкерлермен пікір алмасты. Кәсіпкерлер өндірістік желілерді іске қосу, қолданыстағы цехтардың жұмысын кеңейту және өнім түрлерін көбейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Сондай-ақ құрылысы жүріп жатқан 5 ғимаратты аяқтап, жаңа кәсіпкерлерді тарту жоспарларымен бөлісті.

Нұралхан Көшеров өндірістік парктің әлеуетін толық пайдалану, құрылыс жұмыстарын сапалы әрі мерзімінде аяқтау және өндіріс орындарының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету жөнінде жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.

Шағын өндірістік парктің дамуы жергілікті кәсіпкерлікті қолдауға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, отандық өнім көлемін арттыруға және аудан экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік береді.

 

АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

 Облыс жұмыс сапары аясында аудан тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында аудан әкімі Арман Романұлы Қарсыбаев ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, жүзеге асырылып жатқан жобалар мен атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады.

Жиын барысында аудан тұрғындары өздерін толғандырған өзекті мәселелерді көтеріп, облыс әкіміне сауалдарын жолдады. Қойылған сұрақтарға қолданыстағы заңнама аясында тиісті түсініктемелер мен жауаптар берілді. Сонымен қатар көтерілген мәселелер назарға алынып, жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктелді.

Одан кейін облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің қатысуымен азаматтарды жеке қабылдау өткізілді. Қабылдау барысында тұрғындар өздерінің өтініштері мен ұсыныстарын жеткізіп, бірқатар әлеуметтік, инфрақұрылымдық және жеке мәселелер бойынша көмек сұрады.

Жеке қабылдауда көтерілген әрбір мәселе назарға алынып, олардың заң аясында шешілу жолдары қарастырылды. Тиісті басқармалар мен жауапты мекеме басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, орындалуы бақылауға алынды.

Басты мақсат – тұрғындардың талап-тілегін тыңдап, өзекті мәселелердің шешілуіне ықпал ету және халықпен ашық әрі тиімді байланысты нығайту.

«Өскен өңір» – ақпарат.