
Өткен аптада Түркістан төріндегі «Алатау» медиа орталығында облыстық Қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен облыстық, қалалық, аудандық газеттер басшыларының басын қосқан алқалы жиын болып өтті. Жиын болғанда да, журналистер үшін жөні бөлек, жосығы ерек басқосу болды.
«Ашық диалог – тиімді әріптестік: БАҚ өкілдерімен өзара ынтымақтастықты дамыту» тақырыбында өткен басқосудың тізгінін ұстаған Қазақстан Журналистер Одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Мәлік Әлмаханұлы алғашқы сөзді Түркістан облыстық Қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанар Бектаеваға берді. Жанар Әлібекқызы жергілікті басылымдардың бүгінгі мүшкіл халін өз тарапынан баяндап, одан шығу жолында бірлесіп, іс-қимыл жасайтынын айтқанда әңгіме тиегі өзінен-өзі ағытыла түсті. Алды 100 жылдан астам, көпшілігінің кемі 80-90 жылдық тарихы бар жергілікті газеттер сол өңірдің тарихи шежіресі, әрі айнасы десек, артық айтқандық болмас. Газет қызметкерлері екінің бірінің қолынан келе бермейтін мемлекеттік ақпарат саясатты жүргізуде белсенділік танытса да мемлекеттік қызметкер санатына жатпағандықтан мемлекет тарапынан ешқандай жеңілдікті пайдалана алмайтыны өкінішті-ақ. Кадр мәселесі де өте қиын. Оның үстіне, соңғы 4-5 жылдың көлемінде мемлекеттік сатып алу конкурстарының кеш өткізілетіні үрдіс алған. Сондықтан да, әріптестеріміздің 4-5 ай бойы еңбекақысыз жұмыс істейтіні тағы бар. Мұндай жұмысқа жас мамандардың келмейтіні айтпаса да түсінікті. 2021 жылдан бастап, аудандық басылымдар жекенің қолына өтті. Сондықтан да, олардың басым бөлігінің баспанасы жоқ. Керек десеңіз, облысымыздың қара шаңырағы – «Оңтүстік Қазақстан» газетінің өзі әр жерді бір паналап жүрген жайы бар.
Газетті басатын баспахананың бағасы да уақыт өткен сайын аспандап барады. Мерзімді басылымдарды жаздыртып, тарататумен айналысатын мекемелер де газет-журнал бағасын шарықтатып, оқырман санын қысқартуға «өз үлестерін» қосуда.
Басқосу барысында Абай Балажан («Оңтүстік Қазақстан»), Марина Лимаренко («Южный Казахстан»), Райымжан Алибаев («Жанубий Қозоғистон»), Ғалымжан Зиябек («Ордабасы отары»), Марат Қалтаев («Шамшырақ»), Алтынбек Тастанбеков («Жаңа Жетісай»), Бақдәулет Айдақараев («Сарыағаш») сынды жарыссөзге шыққан редакторлар осындай және басқа да түйінді мәселелерді қозғап, ойларын ортаға салды. Ашық, әрі ерекше жағдайда өткен бұл жиында тек қана өз ой-пікірімізді айтып қана қойған жоқпыз, қордаланған мәселелерден шығудың жолдарын да айқындап алдық. Ең бастысы, облыстық Даму басқармасының жаңа басшысы Жанар Бектаеваның жергілікті басылымдардың қазіргі көңіл көншітпейтін жай-күйімен жақсы таныс екендігі, бұл тұйықтан шығуда басқарма тарапынан қолдау болатындығы бізге рухани күш, үкілі үміт сыйлады. Алқалы жиыннан ынтымақ пен әріптестік жолында бірдей ойлау болмаса да, әртүрлі оймен де ортақ мақсатқа жетуге болатындығына көз жеткізіп тарастық.
С.Қоспанұлы.





